ЭКОНОМИКАҒА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕДІ
Бүгінде «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Президент бастамасымен қолға алынған бұл жобаның Мақтаарал ауданы үшін стратегиялық маңызы ерекше. Аталған жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ерекше назар аударып, құрылысты биыл аяқтау жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Жуырда Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған уақытша депутаттық комиссия мүшелері құрылыс алаңына арнайы келіп, жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, облыстық мәслихаттың депутаттары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мамандары, сондай-ақ мердігер және жобалаушы ұйымдардың басшылары қатысты. Жиын барысында жауапты мамандар жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндап, құрылыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісі іске қосылғаннан кейін Мақтаарал және Жетісай аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Әсіресе, еліміздің мақта шаруашылығы шоғырланған өңірлерінде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға тасымалдау мүмкіндігі айтарлықтай жақсарады. Бұл өз кезегінде логистикалық шығындарды азайтып, шаруалар мен кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жоба Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп, шекаралық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға, жаңа өндірістердің ашылуына, инвестиция тартуға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Құрылыс алаңындағы кездесу барысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Осыған байланысты халық санының тығыздығы мен көлік қозғалысының артуын ескере отырып, теміржол желісі бойында жоспарланған аспалы көпір құрылысын екінші кезеңнен бірінші кезеңге ауыстыру жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл бастама болашақта тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, көлік қатынасына байланысты туындауы мүмкін түйткілді мәселелердің алдын алуға бағытталған.
