Біле жүріңіз

Сіз Сүмбілені білесіз бе?

Ежелден табиғатпен біте қайнасып өмір сүрген халқымыз қоршаған ортадан көрген-білгендерінен ой түйген. Соған сай тұжырымдар жасап отырған. Қазақтың, әсіресе, астрономдардың өзін таңқалдыратын түсініктері көп. Соның бірі Сүмбіле жұлдызына байланысты.

Қазір – тамыз айының ортасы ауған шақ. Ал бұл айды аталарымыз бұрын «сүмбіле» деп атапты. Себебі тамыздың үшінші онкүндігі шамасында көк жүзінде Сүмбіле жұлдызы пайда болады. Алғашында таң алдында көрінген ол бірте-бірте жоғарылап, күзде түн ішінде, қыста тіпті іңір түспей-ақ көжиектен көрініп тұрады.

Қазақ үшін Сүмбіленің әр айда қалай көрінуінің өзіндік мәні бар. Мысалы, қараша айында буаз биелерді құлын тастайды деп суаттан су ішкізбеген, мінгізбеген. Бұған керісінше, түйешілер Сүмбіле тумай тау етегіне түспейтін болыпты. Себебі су әлі жылы, ал жылы су ішкен түйе өкпе ауруына ұшырайды екен. Ал Сүмбіле туғасын тау етегі, су салқын тарта бастайды, салқын су ішкен түйе өкпе ауруынан аулақ болады.

Негізі Сүмбіле жұлдызы мамырдың орта шенінде аспан әлемінен көрінбей қалады да, тамыздың соңын ала қайта «туады». Бұл кезде кей тұстарда жасыл желек оңып, сарғыш рең ала бастайды. Аталарымыз осы кезден қысқа дайындалуды, мал азығын, отын-суын реттестіруді бастаған. Өйткені бұл кезде жаздың аптабы басылады, тіпті оңтүстік өңірлерде әлі де ыстық болғанымен түн салқындайды, әсіресе тау түні суық тартады. Қазақ түсінігінде осы кезден судың суынуы басталады, «Сүмбіле туса, су суиды» деген сөз бар.

Бір қызығы, малдың, әсіресе жылқының семіруі де осы кезден бастау алады екен. Өйткені жаз бойғы балғын шөптің буыны қатып, піседі, бойындағы пайдалы қасиеттері еселенеді. Оның үстіне малдың мазасын алатын жәндіктер азайып, жаны кіріп қалады.

Халық арасынан шыққан «синоптиктер» де Сүмбілеге қарай отырып алдағы ауа райын болжай білген. «Сүмбіле туғанда күн райы жылы болса, күз маусымы ұзағырақ әрі жылы болады. Егер жаңбыр жауып тұрса, онда күз жауын-шашынды, қыс қатаң болады» деп болжаған. Жаздың аптап ыстығына үйренген, күздің келіп қалғанын аңғармаған кей адамның түрлі себептермен суықтап қалатыны да осы тұс. Сүмбіле туғаннан кейін түрлі созылмалы аурулардың қозуы да жиілей түседі екен.

Аспан әлемінде миллиардтаған жұлдыз бар. Соның 2500-дейін біз жай көзбен көре алады екенбіз. Сүмбіле – мыңдаған аспан денелері ішінде Күн мен Айдан, Шолпаннан, Есекқырған (Юпитер) мен Қызыл жұлдыздан (Марс) кейінгі ең жарығы. Ол жарқ етіп тосыннан туғандай әсер қалдырады. Аспан әлемін үнемі бақылап жүргендер болмаса, көп адам оның туғанын да, көрінбей кеткенін де аңғара бермейді. Ал ежелден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыз Сүмбілені көзден таса қалдырмаған. Сүмбілені қазақ «Суық жұлдыз» деп те атаған. Оның тууына, қозғалысына байланысты түрлі табиғи құбылыстардың орын алатынын біліп, оған алдын-ала дайындығын жасап отырған.

Ғалымдардың өзі Сүмбіленің қосаржұлдыз екенін, яғни сыңары барын XIX ғасырда ашқан. Ал біздің аталарымыз оны ежелден біліп, Лақсүмбіле және Текесүмбіле деп атапты. Алдымен аспаннан Лақсүмбіле көрінеді, ол – ақшыл түсті, кішірек жұлдыз. Одан біршама үлкен, жарық жұлдыз – Текесүмбіле арада екі аптадай уақыт өткесін пайда болады. Лақсүмбіле туар алдында қазақтар қозы-лаққа күйек байлауды бастаған. Себебі қыс соңын ала туған төлдер бұл кезде жыныстық жағынан жетіледі.

Ғалымдардың айтуынша, Сүмбіленің диаметрі Күннен екі есе үлкен, жарқырауы Күннің жарқырауынан 25 есе артық. Ол – Жерге ең жақын жұлдыз, әлі де ақырындап жақындап келеді. Алдағы 60 мың жыл бойы солай болып, кейін қайтадан алыстай бастайды екен.

Қазақта Күннұр, Күнтуған, Күнсұлу, Айбек, Айдос, Айсұлтан, Айнұр, Айгүл, Айсұлу, Айжұлдыз, Жұлдыз, Жұлдызай, Таңшолпан, Шолпан, Венера сынды аспан денелеріне ұйқастырып қойылған есімдер аз емес. Сол сияқты перзентіне Сүмбіле деп ат беретіндер де бар екен. Мысалы, бүгінгі күндері елімізде Сүмбіле есімді 18 азамат тұратыны жөнінде Ұлттық статистика бюросының берген дерегін көзіміз шалды. Олардың басым бөлігі қазағы қалың оңтүстік өңірлерде тұрады екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *