Кезекті оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Бүгінде ата-аналар балаларына киім-кешек пен мектепке қажетті заттарын әперу қамында жүр. Ал бағалар қандай болып тұр?
Баласын киіндіріп, мектепке керек-жарағын әперу үшін жұрттың көбі бүгінде Шымкенттің орталығындағы Қырғы базарға барады десек, қателеспейміз. Өйткені ондағы баға салыстырмалы түрде төмендеу, қажеттің бәрін табуға болады. Оған кешегі жексенбіде базардың «Көл» бетінен кіріп, Төлеби көшесі жағындағы қарсы қақпасынан шыққанша өзіміз де куә болдық. Бейне «Мектеп жәрмеңкесі» дерсіз, жиі орналасқан сауда қатарларының арасында жұрт өріп жүр. Осында баласын жетектеген бірер ананы сөзге тарттық.
«Ұлым бірінші сыныпқа барады, — деді өзін Жусансайданмын деп таныстырған Рабиға есімді ана. — Бүгінде қалада небір арзан сауда нүктелері бар деп естиміз. Бірақ аралап жүруге уақыт та, қауқар да жоқ. Күн ыстық. Одан да өзімізге етене таныс Қырғы базарға барайық деп шешкенбіз. Мұнда сатушыларға барлық жағдайды жасап қойыпты. Іздегеніміздің де бәрін оңай таптық. Екі сағаттай жүріп, керек-жарағымызды түгендеп алдық. 35-40 мың теңгедей жараттық. Негізі 50 мыңнан асатын сомаға шамалаған едік. Өйткені айдың басында үлкен ұлым мен қызыма мектепке керек-жарағын алғанбыз, бұдан қымбатқа түскен. Олардың арзан киім кигісі келмейді ғой».
«Базардан өте арзан киімдерді де, біршама қымбаттарын да табуға болады екен, — дейді шымкенттік Жансая Райымбекова. — Дүкен араламай, тіке осында келгенімізге қуанып тұрмын. Қызыма 8 мыңға юбка-кофта әпердім. «Корейский» екен, қызыма ұнады. Бантигі 1 мың теңге болды, 1500-ге колготки, 4 мыңға туфли, 5500-ге портфель алдық. Дәптер, қаламсап, күнделік сияқты керек-жарақтарын артығымен алып қояйық деп 10 мыңдай тағы жараттық. Бас-аяғы 30 мың теңгедей жұмсадық-ау».
Ал Ленгір қаласынан келген Арайлым есімді келіншек 3-ші сыныпқа баратын ұлы мен оның биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған інісін ертіп жүр екен. «Үлкеніме туфлиді 7 мыңға, ақ көйлекті 3500-ге, қара шалбарды 7 мыңға алдық, 5500-ге портфель әпердім. Кіші ұлымның да портфелі 5500 теңгелік болды. Туфлиді де 7 мыңға алдық. 14 мыңға костюм-шалбар әпердім. Ақ көйлегі 3 мың теңге болды. Тағы бір жиырма шақты мыңды жазу-сызуға керек-жарақтарын түгендеуге жұмсадық. 3500 теңгеге екі белдік алдық. Үлкеніме 2500 теңгеге жаңа шәпке әпердім, енді інісіне шақ келетін өлшемін іздеп жүрміз», — дейді ол.
Бүгінде Шымкентте оқушы киімін тігетін фабрикалар баршылық. Мысалы, Т.Рысқұлов даңғылындағы «Гауһар» тігін фабрикасынан барлық жастағы оқушыларға арналған түрлі модель мен өлшемдегі киімдерді табуға болады. Бірінші сыныпқа баратындардың ақ көйлек, қара шалбар, юбка-кофталарының бағасы 7 мың теңгеден басталады. Қалада оқушы киімдері табылатын бұдан басқа да арнайы тігін фабрикалары мен фирмалар жетеді. Кейбіріне киімді арнайы тапсырыс беріп, кеуде немесе білек тұсына мектептің логотипін қоса тіктіріп алуға да болады. Мектеп киімдерін тікелей шетелдерден әкеліп сататын жекеменшік дүкендер, үйінде отырып сататын жеке сатушылар да бар. Әрине, бағалары қымбаттау болады, дегенмен сапасы жоғары. Ақша болса, бәрі де табылады, қаласаңыз, үйіңізге өздері жеткізіп те береді.
Дегенмен жұрттың бәрінің мүмкіндігі бірдей емес. Көпшілік адам киім мен мектеп құралдарын базардан алады десек, жалған болмайтын шығар. «Мектепке жол» акциясы бойынша бір балаға бөлінетін қаржының 50851 теңге болып есептелуі де осы базар бағасына негізделген сияқты.
