Шымкент қалалық орыс драма театрының ғимаратында «Сөз маржаны – термеде» республикалық байқауы өтті. Оған алдын-ала онлайн-іріктеуден өткен 13 термеші қатысты. Шымкент, Түркістан, Алматы, Астана қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл облыстарынан, Түркістан облысының Сайрам және Созақ аудандарынан келген өнерпаздар бақ сынады.

Бұл байқау алдымызда келе жатқан Тәуелсіздіктің 35 жылдық мерекесіне арналды. Қала әкімдігінің, қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған терме мерекесі қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің құттықтау сөзімен ашылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақмарал Леубаева өз толғауын арнады.
Жалпы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бұл іс-шараға үлкен дайындық жасағаны аңғарылды. Әдемі безендірілген сахнада әрбір терме орындалған сайын оның авторының суреті, өмірбаяны мен шығармашылығы жөнінде қысқаша деректер шығып тұрды. Орталықтың бөлім басшысы, белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов әрбір термешіні жұртшылыққа жақын таныстырып, кей термелердің шығу тарихына дейін айтып беріп отырды.
Түсінген жанға терме дегеніңіз – тұнып тұрған тәрбие, халқымыздың ғибратқа толы ғажайып өнері. Домбыраның, сырнайдың сүйемелдеуімен жеткізілетін мақамы жаныңды баурайды, сөздері жүрегіңе жетеді, ойландырады, толғандырады. Осы орайда зал толы көрермен көңіл көкжиегі кеңейіп, рухтанып, термешілерді қол шапалақтап қана қоймай, қиқулап та қолдап отырды. Жұртты термешілер арасында өрімдей бозбалалардың болуы да қуантты. Бұл халқымыз тұрғанда, алдыңғы толқынның ізін жалғар жас ұрпақ тұрғанда терме өнерінің мәңгі жасай берерінің бір көрінісіндей болды. Осы орайда термешілік өнердің жаңғырып, жалғасуына атсалысып жүрген үлкен-кіші барша азаматтарға алғысты қалай айтсақ та жарасады.
Байқау кезінде Майлықожа, Құлыншақ, Мәделіқожа, Шәді төре, Молда Мұса, Қайыпназар Әйтпенов, Орынбай Тайманов, Қасқыр ақын, Құтбай ақын, Әбдінасыр Әбдірайымов, Бекмұрат Атабаев, Жиенбек Шырынбеков сынды ақындардың термелері орындалды. «Қадірле ата-анаңды тірісінде», «Жаратты нешеалуан жұрт бір Құдайым», «Ақсұңқар жасар қиянға», «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Таза жоқ тат шықпайтын күмісінен», «Ал, бір мақал айтайын», «Қыз бала», «Дүние, шіркін, қандайсың?!», «Тасынба, көңілім, тасынба!», «Білерсің таңның атқанын», «Жақсыдан шығады сөз», «Насихат сөз», «Сөйле, тілім!», «Би болмас белін жалпақ буғанменен» деген сияқты термелердің атауының өзі-ақ тәлім-тәрбиеге қатысты көп нәрсе айтылатынын сездіріп тұрды. Термешілер онда айтылған ойды тыңдаушыға барынша анық, әсерлі етіп жеткізуге тырысты.

Байқауға Ерболат Шалдыбеков, Жақып Спатаев, Ербол Қалмырзаев сынды белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері әділқазылық етті. Термешілердің ешқайсысы да марапаттан тыс қалған жоқ. Барлығы да арнайы дипломдармен және қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде үшін 500 мың теңге, 1-ші орынға – 400 мың, 2-ші орынға – 350 мың, 3-орынға (екеу) 300 мың теңге берілді.

Байқаудың Бас жүлдесін шымкенттік термеші Мағжан Сауытбек иеленді. Бірінші, екінші орындар тиісінше жамбылдық Бекарыс Көштаев пен қызылордалық Қуаныш Алғазиевке бұйырды. Үшінші орынға алматылық Аружан Жұпарбекқызы мен шымкенттік Батырхан Үсен ие болды. Басқа қатысушылар «Тәлімді термеші», «Текті тілдің тарланы», «Терме ғибратшысы», «Ұлт ұлысын ұлықтаушы», «Өнегелі ғибратшы», «Дәстүр дәріптеушісі», «Өнерлі өрен», «Сарқылмас дарын» аталымдары бойынша марапатталып, оларға 250 мың теңгеден сыйлықтар берілді. Бұл сыйлықтарға тиісінше түркістандық Ернұр Лес, сайрамдық Ардақбек Өтебай, созақтық Байбатыр Жайсаңбай, Астана қаласынан қатысқан термеші Бибол Ғаппар, Ақтөбе облысынан келген Нұрлыбек Қалман, Ақмола облысының термешісі Ердәулет Пердебек, Жетісу облысынан қатысқан Ерасыл Махан, Солтүстік Қазақстан облысынан қатысушы Ернар Орынбасар ие болды.
Байқауға қатысушылар халық поэзиясының өзгеше жанры – термеге сусап жүрген көрерменнің көңілін бір көтеріп тастады. Өмірін өнер жолына арнаған азаматтар үшін халықтың ризашылық көңіл құрметінен, ыстық ықыласынан артық марапат бола қоймас. Олар да өздері қатысқан байқаудан молынан әсер алып қайтқаны анық.
Ал Жұмабай Әбдиев басқарып отырған әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы кезекті бір ауқымды іс-шараны абыроймен атқарып тастады десек болады. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін насихаттау, жаңғыртып, жалғастыру жолында еңбек етіп жүрген орталық қызметкерлеріне алдағы іс-шараларыңыз да сәтті өтіп, қуанта берсін дейміз.
