Басты жаңалықтар Мәселе

Созақ экологиялық апаттың алдында тұр

Өз сөзі

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, Мәжіліс депутаты:

 Жамбыл облысында бизнесменнің қарапайым халыққа көрсетіп отырған құқайы бойынша ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен жауап беруді талап етемін. Бір фазенда үшін бастауын Қырғызстаннан алатын Шу өзенін өзінің қорасына бұрып алу деген не сұмдық? Шу — трансшекаралық өзен. Сырдарияға барып қосылуы керек. Алайда етектегі елге жетпей, Созақ даласы сорға айналғалы бірнеше жыл болды.

Тұрғындардың айтуынша, тас пен топырақтан бөгет салып, өзеннің ағысын тоқтатып тастаған мойынқұмдық бизнесменге сот жоқ. 12 мың ірі қарасы бар дейді. Дронмен түсірілген фото-видеоларына дейін қолыма ұстатты. Өзен бірнеше жерден заңсыз бөгелген. Су ресурстары министрі бұл фазенданы неге қорғаштап әлек? Жағдайды білмей ме, әлде кәсіпкерге сөзі өтпей ме? Немесе 12 мың сиыр асырайтын шаруашылық министр Нұржан Нұржігітовтың өзіне тиесілі ме? Тез арада мән-жайды түсіндірмесеңіздер, даласы сорға айналған Созақ ауданындағы 8 ауылдың тұрғындары Астанаға келейін деп отыр. Өзенді жағалай мекендеген 80 мың адам экологиялық апаттың алдында тұр.

Созақтықтардың онсызда уран өндірісінен көріп жатқан экологиялық зардабы аз емес еді. Енді міне, судың жоқтығынан жері қызыл құмға, даласы айтақырға айналып, малмен күнелткен халық шабындық шөптің өзін Қызылордадан сатып алуға мәжбүрміз дейді. Әйтпесе бір кездері Сырдарияға дейін жететін Шу өзенінің екі жағы қамыс, айналасы шабындық болған. Қазір әр жерде бір бөлініп қалған, сасып жатқан су балдырынан басқа ештеңе таппайсың.

Алатаудан аққан су неге аяғына дейін жетпей жатыр? Су ресурстары министрінен тез арада су реттегіш құралдары мен заңсыз салынған бөгеттерді бұзуға ықтал етуін талап етемін. Сондай-ақ, гидротехникалық құрылыс-жайлардың іс жүзіндегі есебі жүргізілсін. Бұған қоса өзеннің арнасын бұрып алып, айналасын топырақ, таспен қоршаған фазенда жайында баяндалған видео-фотоға министрлік тарапынан түсініктеме берілсін. Мониторинг пен бақылауды күшейтіп, өзенге механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді сұраймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *