Әңгімені әріден бастасақ. Жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп қонған қазақтың тұрмыс тіршілігі – тұнып тұрған тәрбие, тәлім, өнеге. Шыр етіп дүниеге келген нәрестенің кіндігін кесіп, етегіне орап алған әжелеріміздің әрбір әрекетінен шүкіршілік еткенін байқаймыз.
Бұрынғылар әйелді киіз үйдің ішінде-ақ босандырып, бар жағдайын жасай білгенін құрсақ шашу, қазанжарыс, қырық күн шілде терін шығару, сәбиді көп бала туған көнекөз әжелердің етегіне салу, т.б. секілді іс-әрекеттерімен байланыстырсаңыз болады. Аяғы ауыр келіннің айы-күні жақындаған сәттен бастап, сәбидің кіндігін кімге кестіретінін көңіліне түйген енелер ел ішінен сыйлы, етегі баладан құрғамаған әйелді таңдап, тартуын даярлаған. Анасының құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн кіндік арқылы нәр алған періште сәбидің жолдасы болатыны белгілі. Кескен кіндікті ұл бала болса үйдің босағасына, қыз бала болса ошақтың немесе жеміс ағаштың түбіне жасыратын болған. Бұнда да жақсылыққа ниет еткен аналарымыздың ақыл-парасатының пайымы бар.
Ал, бүгінгі заманауи «роддомда» дүниеге келген нәрестелердің кіндігі мен жолдасы қайда? Бұл сұрақты сол саланың дәрігерлеріне қойып едік, мардымды жауап бермеді. Оларды да түсінуге болады, айтқан сөзіңе абай болатын мына құйтырқы жаңа Қазақстанда.
Анығын Алла біледі, естуімізше баланың кіндігі мен жолдасын қоқысқа тастайды дейді. Осыдан соң ата-анасына қатыгез, тасбауыр өзімшіл, кінәмшіл балалар жайлы ойлана беріңіз. Шынында бұл жағдайдың жай-жапсарын түсіндіріп, сауалдың жауабын айтатын жандар бар ма екен?
Ақмарал Леубаева,
Әдет – ғұрып және салт – дәстүр орталығының ғылыми
қызметкері, ақын, сазгер.
