Шымкент

 ШЫМКЕНТТЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған кезекті брифинг өткізді. Брифингте төмендегідей мәліметтер баяндалды:

    Мектептер жаңа оқу жылына дайын

Шымкентте биылғы жылы мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының қатары артып отыр. Қосымша білім беретін ұйымдар да қалалық білім басқармасының қарамағына топтасқан. Мектепке дейінгілері, қосымша білім беретіндері, жалпы мектептердің барлығын қосқанда саны 1352 мекемені құрайды. Бұл ұйымдарға биылғы жылы 397 мыңнан астам білім алушылар баратын болады.

Бүгінде республика бойынша «Мектепке жол» акциясы жүріп жатыр. Оның аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіледі. Шымкентте биыл мұндай көмек алатындар қатары 56 430 баланы құрайды. Жәрдемге бюджеттен 2 миллиард 624 миллион теңге қаржы қарастырылған. Биыл көмек мемлекеттік қана емес, жекеменшік білім ұяларында оқитындарға да көрсетілетін болады. Бір реттік әлеуметтік көмектің мөлшері – 46 500 теңге. Ол мектеп формасын, қажетті құрал-жабдықтар алуға жұмсалуы тиіс. Жаңа оқу жылына оқулықтар сатып алуға  2,1 миллиард теңге бөлінген. 11 баспамен келісім-шарт жасалған. Олардың барлығы да Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мақұлданған баспалар. Оқулықтар толықтай жеткізіліп, 25-тамызға дейін барлық мектептерге таратылып берілетін болады.

Құрылысы жүргізіліп жатқан 10 нысан бар, оның 9-ы – мектеп, 1-еуі – балабақша. Жұмыстары 85-90 пайыз аяқталған, таяу арада толықтай бітеді.

Президент тапсырмасы бойынша елімізде 1300 мектеп реновациядан өтуі керек. Шымкентте ондай 26 мектеп бар. Биыл оның 9-ы реновациядан өтуде. Оларға 1,6 миллиард теңгеге пәндік кабинеттер сатып алу жоспарланған. Бұған байланысты конкурстар жарияланып, ұйымдастырылуда. Бұл мектептер де пәндік кабинеттермен жаңа оқу жылы басталар уақытқа дейін қамтамасыз етіледі.

Бүгінде Шымкентте үш ауысымдық мектептер жоқ. Дегенмен бала саны бекітілген нормадан асқан 21 мектеп бар. Оларға жүктемені азайту үшін қосымша ғимараттар салынуда. Мұндай құрылыс жұмыстары 4 мектепте жүріп жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында «Таскен» ықшамауданында 1500 орындық мектептің құрылысы аяқталды. «Тельман» елді мекенінде  салынып жатқан 1200 орындық мектептің де құрылыс жұмыстары 99 пайыз аяқталып отыр. Бұл білім ұяларына қазір балалар қабылдануда. Яғни олар кезекті оқу жылын жаңа мектепте бастайтын болады.

Барлық мектептерге жаңа жоба бойынша қосымша бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Кезекті жылыту маусымын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелеріне 259 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Мектептерге қатты отынның 60, сұйық отынның 100 пайызы жеткізілген.

Қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдануда

11-тамыздан қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау басталды, ол он күн бойы жүретін болады. Бұл – азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жұмыссыздықты азайту және шағын бизнесті дамыту үшін жасалынып отырған шара. «Бизнес.Еңбек.кз» порталы арқылы осы грант берудің екінші легі жүріп жатыр. Кәсіп бастаймын, өз ісімді дамытамын, осы арқылы қаржы табамын деген азаматтар Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгініп, «Бизнес.Еңбек.кз» сайтына кіріп, өз өтінімдерін жолдаса болады. Ондай мүмкіндігі жоқтар Мансап орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышына барса, сол жерде ол кісілерге ақыл-кеңес береді, қызмет көрсетеді. Жұмыссыз ретінде тіркелген, кәсіппен айналысып жүргеніне, тіркеу мерзіміне 3 жыл болмаған кәсіпкерлер, мүгедектігі барлар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы, асыраушысы жоқ азаматтар, солтүстік жаққа өңіраралық қоныс аударушылар, қандас мәртебесі бар азаматтар, көпбалалы немесе әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы мүшелері де осы бір реттік қайтарымсыз грантты алуға үміткер бола алады. Ол өз бизнес жоспарымен таныстырады. Өтініштерді арнайы құрылған комиссия қарап, саралайтын болады. Грант жоспарының тиімділігі, нарыққа бейімділігі, қаржылық өміршеңдігі дәлелденген жобаларға бөлінеді. Қайтарымсыз грант қаржысын негізгі бағыттан басқа мақсатқа жұмсауға болмайды. Грант иегерлерінен әр тоқсан сайын есеп алынып отырады.

 7 базар жаңғыртылады

Шымкент аумағында 19 сауда базары жұмыс істейді. Базарларды жаңғырту жөніндегі «Жол картасына» сәйкес, 7 базар жаңғыртудан өтуі керек. Тізімге «Автонұр», «Алаш», Қырғы базар, «Самал», «Жабық базар», «Назым апа», «Жаңа шаһар» базарлары енгізілген. «Автонұр», Қырғы базар,  «Назым апа», «Жабық базар» бойынша жаңғырту жұмыстары бекітілген. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, жыл соңына дейін аяқталады. Ал «Көктем» базары аумағындағы жер мемлекет мұқтаждығына алынуына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылуға жатады. Ондағы 56 кәсіпкер базар жанындағы жаңа, 3 қабатты, заманауи «Көктем 88» сауда алаңына көшіріліп, ғимарат иесімен келісім-шартқа отырып, өз жұмыстарын бастап кеткен.

 1 аптада — 36 алаяқтық іс

Шымкентте өткен аптада тергеу орындарының өндірісіне жалпы 101 іс тіркелген. Оның 3-еуі сотқа жолданған. Ең көп факті алаяқтық оқиғаларына байланысты болып отыр, олардың саны – 36. Ұрлыққа қатысты – 22, есіртікінің заңсыз айналымына байланысты 11 іс тіркелген. Тонау бойынша – 2, жол-көлік оқиғаларына қатысты 10 іс орын алып отыр.

Қылмыстардың басым бөлігі – интернеттегі алаяқтық. Интернет желілеріндегі тауарлық жарнамалар арқылы – 13, инвестиция салу арқылы ақшаны көбейтуге қатысты жарнама бойынша – 1, банк қызметкері, байланыс операторы, мемлекеттік қызметкер ретінде жалған қоңыраулар арқылы – 9, несие рәсімдеу арқылы 3 алаяқтық іс тіркелген. Бір мысал: Н. деген әйелге белгісіз адам телефон шалып: «ҰҚК қызметкерімін. Сіздің есеп-шотыңыздан күмәнді несие рәсімделіп жатыр. Оны болдырмас үшін мынадай рәсімдерді орындаңыз», — деп алдап, 2 миллион 500 мың теңгесін иеленіп кеткен. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің немесе әкімдіктің қызметкері немесе басқа мемлекеттік қызметкерлер несие рәсімдеумен айналыспайды, олардың құзіретіне банктік несие рәсімдеу мәселелері кірмейді –  осыны жұрт біліп жүруі тиіс. Мұндай жағдайда «102» нөміріне немесе банктің қызмет көрсету бөліміне хабарласып, нақты анықтама алуға болады.

Интернет желілеріндегі есірткі жарнамасының қолжетімді болуы да қоғам үшін үлкен проблема туындатып отыр. Өткен аптада есірткінің заңсыз айналымы бойынша ұсталған адамдардың ішінде 18 – 30 жас аралығындағылар – 7, 30-60 жас аралығындағылар 4 адам болып отыр. Бәрі де жұмыссыз азаматтар. Бүгінде жастарға уақтылы білім алып, деңгейін көтеріп, жұмысқа орналасуға, адал жолмен табыс табуға барлық жағдай жасалуда. Сондықтан әсіресе жастар есірткі айналымынан аулақ жүргені абзал.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *