Сегіз қырлы, бір сырлы. Қазақтың осы бір теңеу сөзін жерлесіміз, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Оңтүстікфильм» студиясының директоры Батырхан Дәуренбекке арнап та айтуға болады. «Қошқар мен Теке», «Томпақ», «Қалқанқұлақ», «Қажымұқан», «Толағай», «Қазақ Елі», «әл-Фараби», «Төле би» сияқты көптеген танымал анимациялық, деректі, қысқаметражды және толықметражды фильмдер түсірген белгілі режиссер, сценарист, суретші, дизайнер. Батырхан Қалдарбекұлының оған қоса 100-ге жуық әнге сөз жазған ақындық дарын иесі екенін де біреу білсе, біреу білмес. Оны сондай-ақ бірқатар әндер жазған сазгер десек те болады.
Шымкенттегі «Түркістан» сарайында «Күзгі мелодия» деген атпен өткен шығармашылық кешінде Батекең зал толы жұртқа осы қырларынан да жақынырақ танылды. Б.Дәуренбектің 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған кешке оның Нұрлан Еспанов, Жұбаныш Жексен, Мақсат Айтжанов, Ілияс Байбосынұлы сынды әріптес дос-жарандары, өнер ұжымдары бір кісідей атсалысты. Шығармашылық кеш еркін форматта өтті, онда мереке иесінің балаларға арналған, патриоттық, лирикалық әндері шырқалды. Жұртшылық тегін концерт көрді, рухани серпіліп, көтеріңкі көңіл-күймен, кеш иесіне ризашылықпен тарқасты.

Ән сөзіне мән берсек…
Әуені мен сөзі үндескен әндердің айтарын жүрекке жеткізіп, бүтіндей ұлтты тәрбиелей алатын киесі бар. Батырхан Дәуренбектің ұстанымы да осы – ән арқылы адамды жақсылыққа үндеу, жақсы қасиет қалыптастыруға баулу. Мұны біз шығармашылық кеште орындалған әрбір әннің сөздерінен сезініп отырдық.
Бүгінде балаларға арналған ән жазу оңай шаруа емес. Ол ұйқасы бала танымына шақ, қабылдауға жеңіл, сонымен қатар оған терең әсер ететіндей, есінде қалардай мәнді болуы керек. Батырханның балаларға арналған әндері осындай, тез түсінуге, жаттап алуға оңай.
Мысалы, «Әліппеде» (әнін жазған – Нұрлан Еспанов) ол былай дейді:
Менің атым, менің атым – Әліппе,
Үйретемін, үйретемін әріп те.
Оқу-білім, оқу-білім сұрасаң,
Барлық бала, барлық бала дәріптер.
Қайырмасы:
Ал, балалар, келіңдер,
Үйреніңдер, көріңдер.
Қырық екі әріпті
Жатқа айтып беріңдер!
Сөздері ұғынықты, жаттауға жеңіл бұл әнді «Түркістан» сарайында болған кеште өнерлі балапандар ырғағына беріле билей жүріп орындап шықты.
Бала жанына жақын тағы бір ән – «Күшігімді» де олар рахаттана орындады.
Күшіктері титімдей,
Жақсы көрем итімді.
Төрт күшіктің біреуін
Таңдап алдым сүйкімді.
Қайырмасы:
Күшігім-ау, Мойнақ,
Келейікші ойнап.
Жата берме томпиып,
Тамағыңа тойып ап, — дейді олар. Әдемі, үйлесімді, тартымды, жадыңа бірден орныға қалады.
Батырхан сценарийін жазып, режиссерлық еткен «Томпақ» қиял-ғажайып сериалын кім білмейді?! Анимация мен шынайы кейіпкерді араластырып түсірген фильм «Балапан» телеарнасында рейтингі бойынша 7 жыл бойы бірінші орында тұрды. Ондағы рольдерде ойнаған балалар бүкіл елімізге танымал болды. Бүгіндері есейіп кеткен оларды жұрт қайдан көрсе де бірден тани қояды. Мысалы, «Томпақтағы» Жасминнің ролін ойнаған Батырханның өз перзенті Жасмин Дәуренбек бүгінде «Скат» әуе компаниясында стюардесса болып жүр. «Ұшақта одан «Томпақтағы» Жасминнің ролін ойнаған қызсың ба?» — деп сұрайтын жолаушылар көп кезігеді екен. Жасмин мұны үнемі күле айтып жүреді. «Томпақтағы» роль сомдаған басқа балалар да өте танымал болды, бір жерлерге кездесуге барсақ, біз шетте қалып кетіп, жұрт назары соларға көбірек ауатын. «Томпақтағы» әндерді орындатып, бәрі солармен суретке түсіп жататын. Оларды тойға да шақырған кездері болған», — дейді Б.Дәуренбек.

Міне, кеңінен танымал болған осы «Томпақты» рейтингтегі бірінші орыннан ығыстырған да — «САҚ» киностудиясының кезекті туындысы. «Қалқанқұлақ» деп аталатын бұл қиял-ғажайып сериал балаларды жақсылық жасауға үндейді. Оқиғасы мынадай: Көлге балық аулауға барған балалардың бірі ондағы сиқыршы шалды ашуландырып алып, кешірім сұрамай кетеді. Ашулы шал бұзық баланы сиқырлап құлағын қалқайтып жібереді. Содан «қалқанқұлақ» атанып әбігерге түскен бала шалды тауып алып кешірім сұрағанда ол жеті жақсылық жасасаң құлағың орнына келеді деп айтады. Осыдан кейін жеті жақсылық жасап, ізгі іс жасаудың жақсы екенін сезінген балалар бұл әрекетін ары қарай да жалғастыратын болып шешеді. Бұған қатысты «Қалқанқұлақ» деп аталатын тәрбиелік мәні зор ән шыққан.
Арманға алыс жетелеп алдан,
Қиындықтан қашпау біздерден қалған.
Жақсылықты жасау оңай іс емес,
Қалқан-құлақ бізді әуреге салған.
Қалқанқұлақ, Қалқанқұлақ!
Адал бол досқа.
Уақытыңды, Қалқанқұлақ,
Өткізбе босқа, — деп айтылады.
Батырханның балаларға арнап өлең, ән жазуы осылай басталып кетіпті. «Балаларға арнап ән жазу қиын, жаздырту да қиын. Ондай әдемі, үйлесімді жазатын адамдарды тауып, оларға мақсатын түсіндіріп әуре боп жүргенше өзім жазбаймын ба деген ой туды. Алматыда Қанат Қалтаев деген мықты композитор жігіт бар, соған барып, фильмге балаларға ұнайтын, көңілді бір ән жазайық деп айттым. Ол келісті. Екеуміз отырып бір сағат көлемінде жазып шықтық. Оның алдындағы «Қошқар мен Текенің» де өлеңін өзім, әнін Қанат жазған», — дейді Батырхан Қалдарбекұлы.
«Сарбаздар» әні қалай туды?
Шығармашылық адамы қашанда аңғарымпаз, ойлы, қиялы жүйрік. Өзін толғандырған құбылысқа бейжай қарай алмайды. Батырханның «Сарбаздар» деп аталатын әні де осындай толғаныстан туған. Бірде, 9-мамырда ол қаладағы әл-Фараби алаңынан сап түзеп әндете өтіп бара жатқан сарбаздарды көреді. Бірер взвод, роталар «Катюшаны», енді біреулері «Через две зимы, через две…» пеп айтылатын әнді шырқап барады. Қазақша ән жоқ есепті. Бір-екі рота ғана: «Е-ей, Қарақыз, Қарақыз…» деп шырқауда. «Бізде сарбаздарға арналған ән жоқ па?» деп толғанады мұны көрген Б.Дәуренбек. Үйіне қайтар жолда осылай ойлана, адымдай басып бара жатып іштей «адымда, адымда» деп қайталай беріпті. Мұның соңы әуенін де, сөзін де Батырханның өзі жазған «Сарбаздар» әнінің өмірге келуіне жол ашқан. Асыл Жандәулетов жүрекке жеткізе орындайтын бұл әнде мынадай шумақтар бар:
Біз — жауынгер айбынды, барыс жүректі,
Жаттығуда шыныққан, құрыш білекті.
Қазақстан жері үшін жанын беретін,
Кәне, кім бар, жігіттер, бізге еретін?!
Қайырмасы:
Мен жауынгер – дала қыраны,
Туған жерді қорғайтын сақшы қырағы.
Адымда, адымда, саппен адымда!
«Отан үшін, Ел үшін!» — әскер ұраны.
Мен жауынгер – қазақ ұланы,
«Отан» сөзі жүректе әркез тұрады.
Адымда, адымда, саппен адымда!
Қазақстан – кең-байтақ мәңгі тұрағым!
Бұдан кейін Батырхан бүгінде арамызда саусақпен санарлықтай ғана болып қатары сиреп қалған Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арнап «Ардагер асыл ағалар» деп аталатын да ән шығарған.
Лирикасы да жанды баурайды
Батекеңнің лирикалық әндері де баршылық. Соның бірі – «Сен өзге едің» әнін сахнада Жұбаныш Жексен орындады. Бір-бірін шын ұнатқан, бірақ сезімдерін жасырып, жеткізе алмаған бозбала мен бойжеткеннің балаң махаббаты, өкініші туралы жан тебірентетін бұл ән де сәтті шыққан.
Сен өзге едің,
Жүрегімде жалын барын саған деген сезбедің.
Мен төзбедім.
Енді, міне, тағдыр қосып, отын жақтым өзгенің.
Бірақ бақыт таба алмадым, ақ арманым, сен,
Өз-өзімді тағы алдадым, тағы алдадым мен.
Сезбедің сен, сезбедің махаббат алауын,
Сезбедің сен, сезбедің жүректің қалауын.
Үмітімді үзбедім,
Сені ғана іздедім,
Жүректегі іздерің.
Мен өзге едім.
Жүрегіңде сезім барын көздеріңнен сезбедім.
Сен төзбедің.
Қол ұстасып кете бардың бағы болып өзгенің… – деп айтылады. Кім-кімнің де бала махаббатын, алғашқы махаббатын есіне салып елжірететін ән. Жұбаныш орындағанда түрленіп, жүрекке жетеді.
Мемлекеттік деңгейде қолдау қажет
Қысқасы, Батырхан Дәуренбектің балаларға арналған, сарбаздарға арналған, сондай-ақ лирикалық әндері мәнді-мағыналы, адам жанына ізгіліктің дәнін себетін, тәлім-тәрбиелік, идеологиялық маңызы жоғары болып келеді.
Осының бәрін айта отырып оның кәсіпқой маман боп қалыптасып, бүгінгідей биіктерге жетуіне бала кездегі армандары, алған тәрбиесі молынан әсер еткенін аңғаруға болады. Ол бала күнінен қиялы ұшқыр, арманшыл, ізденімпаз болып өсіпті. Ауыз әдебиетінің үлгілерінен, әдеби кітаптардан, шетел классиктерінің шығармаларынан нәр алып өскен ұланның басқаша қалыптасуы да мүмкін емес қой.
Бүкіл шығармашылық туындыларының өн бойынан ұлттық рух лебі есетін Батырхан Дәуренбектің киім кию мәнерінен де ұлтжанды азамат екені аңғарылып тұрады. Бас киіміне дейін өзгеше, ерекше.

Батырхан Қалдарбекұлының келіншегі Гүлмира да өнер адамы екен. Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжін дизайнер мамандығы бойынша бітірген. Гобелен, бізкесте маманы. Бүгінде бес баланың анасы, үй шаруасымен отыр. Босқа отырған жоқ, гобелен тоқитыны бар, кейінгі кездері қыз-келіншектерге арналған моншақтап-кестеленген әсем сөмкелерді жасап шығаруда. Отағасының киімдеріне кестелеп ою салып береді. Батырхан Дәуренбек отбасы ұлттық құндылықтарымызды осылай да дәріптеп, насихаттап жүр.
Жалпы, Батырхан Дәуренбек шығармашылығы – тұнып тұрған ұлттық идеология. Олар шығарған «Қазақ Елі» мультфильмінің өзі кезінде Мысыр астанасы Каир қаласында өткен 90 мемлекет қатысқан фестивальде үш бірдей гран-при жүлдесін жеңіп алған болатын. Оның Франция астанасы Парижде болған көрсетілімі кезінде француздар да қатты қызыққан. Бұл анимациялық фильмнің тәрбиелік, патриоттық маңызын түсініп, французшаға аударып Францияға жіберу жөнінде ой тастаған.
Шымкенттік кино шеберлерінің өзге елдер де түсініп, бағалайтын, қызығатын осындай туындыларды өмірге көптеп келтіре алары анық. Батырхан Дәуренбек үлгісіне қарап осылай деп нық айтуға болады. Өз ісіне жан-тәнімен берілген, ел ертеңін ойлайтын, елге еңбек еткісі келетін осындай азаматтарға мемлекеттік деңгейде көмекті аямау керек қой деп ойлайсың. Осындай азаматтардың тау қопарардай ынта-жігерін ұштап отыратын күндер ертерек келсе ғой! Олар біздің анимацияны, киноны көпке танытар еді, көкке көтерер еді.
Д. ОРАЗ.
