Қар жаумай, жер қарада Созақ пен Бәйдібек аудандарындағы шаруалардың шырқын түз тағысы бұзып тұр. «Малдан мал қоймай қасқыр шауып жатқанын облыс басшылары естісе неге тездетіп бір шарасын көрмейді?» деп налып отыр.
Малы бардың биыл күйі қашты. Қуаншылық шаруасын шатқаяқтап тастағаны аздай енді қасқыр шауып берекесін алуда. Бір-екі дәніккен көкжалды ауыл-аймақтың білекті жігіттері өздері-ақ соғып алары сөзсіз. Малға кәдімгідей үйірімен шауып жатқан қасқыр ендігі жерде адамдарға қауіп төндіріп тұр. Малшыда мылтық та жоқ. Мылтықтың барлығын қайбір жылы арнайы қаулымен жинап алған. Қоғам тыныштығы үшін қолдағы мылтығын тапсырған малшылар түз тағысына құры таяқпен сес көрсетіп әуре. Оған ығып жатқан қасқыр жоқ. Тез арада қасқырға қарсы бір шарасын ұйымдастырмаса бас салып малшының өзін жарып кетер түрі бар.
Әсіресе, Бәйдібекте малға шапқан қасқырдың жыры гулеп тұр. Аудан басшылығы тарапынан қасқырға қарсы әрекеттер басталғанға ұқсайды. Бірақ ол жеткіліксіз. Тұрғындар дабыл қағуда.
Жақында ғана Ағыбет ауылының малын қырып кетіпті. Аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы расында да «Мырзабай ата» шаруа қожалығының төрағасы Әтірхан Кемелбековтің 9 жылқысын қасқыр тартып кеткенін айтады. Ағыбет елді мекенінің жылқышысы Мыңбай Аян қауіпсіздік үшін ауыл тұрғындарының малын таратып беріпті. Таратқанға дейін 12 жылқы қасқырға жем болған. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының жекелей де шығындары бар екен. Боқтысай, Қалаубай асуы, Құсұя, Жанамасай, Тұйықбұлақ аймақтарында да малға қасқыр шапқан. Бір сөзбен айтқанда, Бәйдібек ауданында шаруаның малы бөріге жем болуда.
Жемтігін іздеген көкжалға қарсы тұрғандар мылтық кезене алмай отыр. Қасқыр атуға рұқсат жоқ. Тыйым салынған. Тыйымға мән бермегендерге айыппұл салынады. Қасқырды арнайы рұқсаты бар адамдар ғана атуы керек. Ал оларды ауыл тұрғындары ақыға жалдауға мәжбүр.
Бөл жөнінде бәйдібектік белсенді Бақытжан Жұмәділдә былай дейді: «Бұрын қыста қасқырлар теріскейге кететін. Қазір қар түспегендіктен ауылды төңіректеп жүр. Қасқырдың малға шабуылдауы тамыз айынан басталды. Ауылда мылтық жоқ.
Басында шопан ит-құстан аман сақтауға жауап береді деп келіскендіктен бүгінде Мыңбайдың мойнында 12 жылқы тұр. Шибөрі өте көп. Мазараттан бір мәйітті қазып алып жұлмалап тастапты деген сөз де бар. Соған байланысты соңғы кездері мәйіттерді темір тормен жауып көмуде.
Ордабасы, Отырар, Созақ аудандарынан екі адамнан құрылған үш аңшы бригадасынан бөлек, облыстан тағы екі кәсіби аңшылар тобы келді. Дронмен іздеп қасқырды таба алмапты. Қасқыр бір күнде 100 шақырымнан аса қашықтықты жүріп өте алады. Демек, ауылдағылар ауданға, одан облысқа хабарлап жүргенде олар бел асып кеткен. Аудан тұрғындары бүгінде малын қамап ұстауда. Шөп жоқ, табылса оның бағасы қымбат. Малмен күнелтіп отырғандар не істеуі керек? Облыс әкімі тарапынан нақты тапсырма берілсе дейміз.
Тағы бір мәселе, аудандардан келген аңшылардың қолдарында бытырамен ататын 12 калибрлі мылтық қана бар. Дүрбісі жоқ. Сонда олар қандай аңшы ? Былай қарасаң келіп кетті деген аты ғана, әйтпесе тындырған ештеңелері жоқ. Есесіне «әр қасқырға 80 мың теңгеден берсе атып әкеліп береміз» дейтін көрінеді».
Біз Ағыбет ауылдық округінің әкіміне хабарластық. Ол денсаулығына байланысты жұмыста болмағандықтан, кеңесшісі Біржан Сапарбеков жауап берді. «Ағыбет ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан «Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Түркістан облыстық комитетінің» орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» басшысы Бекжан Калымбетовке 24.09.2025 және 15.10.2025 жылы қасқыр аулаушылар тобын жіберу туралы хат жолданған.
2025 жылдың 27-28 қараша күндері Бәйдібек, Ордабасы, Отырар, Созақ аудандарының аудандық ветеринариялық қызмет мекемелерінен 4 бригада 8 аңшы келіп қасқыр аулау жұмыстарын жүргізді. Екі күндік қасқыр аулау барысында қасқыр кездескен жоқ. 2025 жылдың 29-30 қараша күндері қосымша толық керек-жарағымен қамтылған облыстық Сырдария орман шаруашылығынан 2 бригада 6 аңшы қосылып қасқыр аулау жұмыстары жалғасты. 5 күн Қаратау тауының төбесі мен етектері, Ағыбет, Алғабас, Жаңаталап елді мекендерінің жайылымдары түгел бақылауға алынды. Аңшылар тобына қасқыр жолықпады. Қасқыр аулау барысында 7 шибөрі және түлкі атып алынды», – деген әкімнің көмекшісі бұл мәселе алдағы уақытта да назарда тұратынын жеткізді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиевтің өзі жағдайды толық бақылауға алып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктепті. Мал шығынын болдырмау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қасқыр шабу фактілерінің алдын алу бойынша Бәйдібек ауданында жұмыстар жалғасуда. Ал аудан әкімдігі жағдай тұрақтанғанға дейін бақылауды күшейтуді қолға алған.
Балқы БАЗАР.
