Мәселе

Түркістан облысы: Жалған диплом жарға жығады

Бүгінде мектептерде жалған дипломмен жұмыс істеп жүргендер анықталуда. Олар білім саласына қалай келді, бұл үлкен сұрақ. Сұрақ қана емес, қоғамның дерті деуге де болады.

Жалған диплом жайы сөз болғанда шардаралық Жандаров Тоқтыбай есімді азаматтың уәжі еске түседі. «Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың салдарын әлі күнге тартып келе жатқанымызды жасырмауымыз керек. Сол кезде айлап жалақы алмаған көптеген білікті ұстаздар отбасын асырау үшін Қытайдың ала сөмкесін арқалап, базар жағалап кетті. Ал білім саласына тәжірибесіз, дипломсыздар келді. Мен көшеде пісте сатып отырған бір кісінің мектепке жұмысқа тұрғанын білемін. Ондайлар тек бізде ғана емес, басқа аудандарда да болды. Арада 20-25 жыл өтті, солар дәріс берген шәкірттер бүгінде жауапты қызметтерде отыр. Ұстазы дұрыс болмаған шәкірттен мен жақсылық күтпеймін», – деген еді ол.

Расында ұстаз білгенін оқушыға үйрететін адам. Егер оның өзі оқымаса, білмесе оқушыға нені айтып, нені түсіндіреді? Одан дәріс алған шәкірттің болашағы не болмақ? Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен болған кездесуінде мектептерде «Жер күнді емес, күн жерді айналады», «Алматы Ресеймен шекаралас» деген секілді пікірлермен оқушы санасын улап жүрген дымбілмес ұстазсымақтардың әлі күнге дейін сабақ беріп жүргенін ашып айтқан болатынмын. Ол жиынға сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы да қатысқан болатын. Бірақ әкімдік немесе басқарма тарапынан «Ол қай ауданда, қай мектепте, біз анықтап шара көрейік», – деп қызығушылық танытқан адам болмады. Соған қарағанда жоғарыдағалардың өзіне де бұл мәселе маңызды емес секілді. Шынтуайтына келсек, бұдан өткен өзекті мәселе болмауы керек-ті.

Рас, тоқсаныншы жылдар мен екі мыңыншы жылдардың басында елімізде жеке меншік жоғары оқу орындарының дипломдары балаға кәмпит үлестіргендей таратылғанын жоққа шығаруға болмайды. Сол дипломдардың иелері мектептерде әлі күнге жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл жерде көп мәселе білім ошақтарының басшыларына да қатысты болып тұр. Кейбір директорлар қарамағындағы адамның дипломы жалған немесе аты бар да заты жоқ оқу орнынан алғанын білсе де, білмеген сыңай танытып жүре береді. Ал енді кейбірі заңсыздықты өздері анықтауға тырысып жүр.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, демекші, қоғамды жайлаған осы дертке қарсы күресіп, нәтижеге қол жеткізген адамдар жайлы айта кеткен де жөн болар. Айталық, Келес ауданындағы Бақтыгүл Бейсеқұл басшылық жасайтын «1 мамыр» мен Шардарадағы Асан Тілегенов тізгінін ұстаған «Жаушықұм» мектебіндегі атқарылған жұмыстар өзгелерге үлгі боларлық деңгейде. Бұл екі мектептің басшысы да өз қарамағындағы жоғары білімді екені күмән тудыратын кейбір мұғалімдердің дипломдары қаншалықты заңды екенін білу мақсатында тиісті жоғары оқу орындарына сұраныс жіберген. Нақты айтар болсақ, «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті» мен «Академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетіне» жіберілген сұрау хаттың нәтижесінде бірнеше мұғалімнің аталған оқу орны түлектерінің тізімінде жоқ екені анықталған.

«Ұрының арты – қуыс» демекші, сол мезетте әлгі мұғалімдердің бірі аяқ асты өзге облыстағы ұлының қасына кететінін айтып, екіншісі денсаулығы сыр бергенін сылтауратып, үшіншісі тағы бір себепті сылтау етіп, дереу өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Әрине, бұл жайтқа күмәнмен қарауға болады. Неге 10, 20 жыл жұмыс істеп келген адам дипломының жалған немесе жалған еместігін тексерген сәтте жұмыстан өз еркімен кете қалады? Егер дипломы жалған болса, олар біріншіден, осы кезге дейін заңсыз жалақы алып келген болады, екіншіден сапасыз білім беру арқылы қаншама шәкірттің болашағына балта шапты деген сөз. Ендігі жерде ол ұстаздардың өзге бір облысқа немесе ауданға қоныс аударып, сондағы мектептерге жұмысқа орналасып, қитұрқылығын әрмен қарай жалғастыра берсе не болмақ? Әсілі, мұндай мұғалімдердің дипломының заңдылығын тексеріп, жалған екені анықталған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Бұл істе полиция мен прокуратура қырағылық танытуы тиіс. Сонда ғана өзгелері айылын жиып, әр қадамын аңдап басатын болады.

Итің ұры десе намыстанатын қазақ емеспіз бе?! Өзге өңірлерге бара қалсаңыз, «оңтүстіктің жоғары оқу орындарында оқыған мамандарды жұмысқа алмаймыз» деп ашық айтатын мекемелер кездеседі. Бұл осы өңірдегі оқу орындарының да абыройына келген нұқсан емес пе? Ендеше, кез-келген оқу орнының басшылары жалған диплом алуға немесе сапасыз маман даярлауға жол бермеудің бар амалдарын қарастырғандары жөн. Жағдай бұлай жалғаса берсе Оңтүстіктегі оқу орындары талапкерсіз қалуы да ғажап емес.

Сөз соңында айтарымыз, жоғарыдағы қос мектепте бастау алған шара барлық мектептерде жалғасын табуы тиіс және оған Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев пен Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева тарапынан қолдау білдірілуі аса маңызды. Әйтпесе, жалған диплом ұстазды ғана емес, болашағымыз – жастарды да жарға жығатынын жадымыздан шығармағанымыз жөн.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *