Қоғам

Субсидия бойынша ақпараттық жүйенің жұмысы талқыланды

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында ауыл шаруашылығы салалық кеңесінің отырысы өтті. Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің қызметіне қатысты мәселелері талқыланды. Салалық кеңеске ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Нұртөре Қалдыбаев, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мекамбаев және шаруалар қатысты.

Айта кетейік, 1 ақпаннан бастап бастап gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі іске қосылған болатын. Бүгінгі таңа шаруа қожалықтары бұл жаңа порталмен жұмыс барысында бірталай қиындық туындап жатқанын айтады.

«Бәйтерек агро» АӨШК өкілі әр өтінім беру кезінде тек бір шот-фактура жүктеуге болатынын, осылайша, мысалы, 300 шот-фактура болса, 300 өтінім беру қажет кенін айтады. Бұған қоса сүтті қабылдаған шот-фактурамен қатар өндірілген ірімшікті сату туралы шот-фактура да порталға жүктелуі керек деген шаруалар сүтті әр түрлі шаруашылықтан қабылдағандықтан, дайын өнімге кеткен сүттің шот-фактурасын әрдайым сәйкестендіріп отыруға мәжбүрміз дейді.
Сонымен қатар, шаруа қожалықтарның өкілдері осындай қиындықтар бойынша техникалық қолдауға қайда жүгінетінін білмей, қолданыстағы телеграм каналдан жауап ала алмайтынына шағымданды.

Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қалалық филиалының өкілі пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау үшін 9 түрлі келісім процестен өту қажет екенін, ал бұған дейінгі порталда 4-5 процесстен өту арқылы жылдам субсидиялау келісім-шартын жасауға болатынын алға тартты.

Жалпы, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ақпараты бойынша, биылғы 9 айда басқармаға 1 396 өтінім түсіп, 1 252 өтінім қабылданған, 144 өтінім кері қайтарылыпты. Нәтижесінде кәсіпкерлерге жалпы сомасы 1 474,0 миллион теңге субсидия төленген.

Кәсіпкерлер тарапынан порталмен жұмыс жөнінде айтылған мәселелерді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Нұртөре Қалдыбаев жазып алып, алдағы уақытта осы мәселелермен тығыз айналысатынын, атқарылған жұмыс туралы кәсіпкерлерге хабар беріп тұратынын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *