Қоғам

Қара тасты сүю сүннет болса да…

Айтайын дегенім…

 

Әлеуметтік желілерде Қағбадағы Қара тасты сүю үшін бір-бірін итеріп, жанталасып жатқан адамдардың видеосы кеңінен тарап жатыр екен. Осыған байланысты оқырмандарыммен аз-кем пікірімді бөліскім келеді.

Жалпы, Қара тасты сүю сүннет амалға жатады. Бірақ оның мұсылман баласына пайда-зиян тигізбейтіні белгілі. Бұған байланысты шариғатымызда нақты дәлел-дәйектер жеткілікті. Қара тасты сүю сүннет болса да, қасиетті мекенде жан баласына зияныңды тигізбеу, қайта әдеп сақтап, ниетің мен назарыңды құлшылықтан басқаға бұрмау міндетті амал деп табылады. Оған байланысты ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с) Омарға қарата айтқан мына сөзіне мұқият назар салыңыз: «Егер қара тастың алдын бос тұрғанын көрсең, сүй! Егер алды кептеліс болып жатса, тәкбіріңді және тәһлиліңді айтып, әрі қарай жүріп кете бер». Ендеше, қара тасты қалай да сүйемін деп адамдарды жұлқылап, айналаңа кедергі жасау — асыл дініміз құптайтын әрекет емес. Бұл ретте әсіресе қажылық фирмалары зиярат етушілерге осы мәселені ерекше айтып, ескертіп отырғаны абзал.

Бұл мәселеде оқырмандардың арасында: «Неге Сауд Арабиясы билігі «қара тасты» сүюді тәртіпке салатын бір жүйе ойлап таппайды?» – деп сауал тастайтындар да бар. Бұл сұраққа жауап беру үшін аз-кем түсініктеме берейін. Бұрынғы кездері адамдар Қағбаның бірінші қабатында тауап жасап, намаз оқуға емін-еркін кіретін. Алайда бұл еркіндік Қағбаның айналасында үлкен кептеліс туындатып, әлсіздер мен кәрі жандарға қиындық әкелетін.

Қазір Сауд Арабиясы билігі Қағбаның айналасындағы бірінші қабатқа тек ихрам киген, ұмра өтеушілерді ғана кіргізетін тәртіп енгізді. Ал ұмрасын өтеп қойған немесе тек намаз оқу үшін келгендерге мешіттің басқа қабаттарында тауап жасау ұсынылады. Бұл өзгеріс бұрынғыдай адам лық толып, кедергі мен кептеліс орын алмауы үшін жасалды.

Еске түсірсек, бұрын ұмра жасау кезінде бірінші қабаттың сыйымдылығы толып қалса, біз амалсыздан жоғарғы қабаттарға жіберілетінбіз. Сол жерде ұзақ жол жүріп, Қағбаның қасында дұға етудің берекесін сезіне алмайтынбыз. Ал қазіргі тәртіптің арқасында ұмра жасайтын әрбір адам Қағбаның түбінде ерекше рухани атмосфераны сезініп, құлшылықтарын кедергісіз орындай алады. Дегенмен, кейбір адамдар осы тәртіпті айналып өтіп, өз дегендерін жасауға тырысып жатады. Мәселен, Қағбаға жақын жерге өту үшін ұмра ниет етпесе де, арнайы ихрам киімін киіп, тәртіп сақшыларын алдап өтпек болған жандар туралы да естіп жатамыз. Мұндай әрекеттердің дұрыс еместігін түсінуіміз қажет. Әл-Харам мешітінің бірінші қабатының сыйымдылығы шектеулі. Егер біз осылай ережені бұзып, тәртіпті айналып өте берсек, шынайы ұмра жасап жүрген бауырларымызға кедергі жасап, қолдан кептеліс тудыратынымыз анық. Бұл – өзгеге зиян жеткізу, ал Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде мұндай әрекеттерден қатаң түрде тыйылу керектігі айтылған. Оның үстіне, біз сол елдің визасын алған соң, олардың заңдары мен тәртіптеріне құрмет көрсетуіміз – біздің міндетіміз.

Өкінішке қарай, кейбір бауырларымыз бұл ережелерді «негізсіз-зұлымдық» деп санап, оларды мойындамауға немесе айналып өтуге тырысады. Осындай көзқарас – тәртіпті бұзып қана қоймай, ұжымдық жауапкершілік сезімінен алшақтай түсуімізге себеп болады.

Енді өзіңіз ойлаңыз! Баламасы бар жер болса да, тәртіпті бұзуға бейім болып, айналып өтудің жолдарын қарастырып жатқан біздерге, белгілі бір ережемен «қара тасты сүйесің» — деп талап қойылса, орындай аламыз ба?! Қалай болғанда да, құлшылық – тәртіп пен сабырды талап ететін амал. Егер біз сол тәртіпті сақтамасақ, өзгелерге зиян тигізіп, қасиетті мекенде бауырларымыздың құлшылықтарын қиындатамыз. Мұндай әрекеттердің зардабы өзгелерге тиіп қана қоймай, өзіміздің ниетімізді де кірлетіп алатынымызды ұмытпайық.

Абдулахад Сманов,

Дінтанушы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *