Қоғам

Ауырсақ неге Ташкентке аңсарымыз ауады?

  • Тосын сұрақ

 Шымкенттіктердің көбі ауыра қалса «Ташкентке бару керек. Ташкенттің дәрігерлері жақсы» дегенді жиі айтады. Расымен солай ма? Біздегі медицина әлі дамымағаны ма? Әлде білікті дәрігерлер аз ба? Мүмкін «Ташкентте профессор бар…» деген баяғы стереотип түсініктің жетегінде жүрміз бе? Мамандар не дейді?

 Бақытжан ПОЗИЛОВ, Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері:

– Бұл пікір дұрыс емес. Ескірген стереотип. Мысалы, Шымкентте бұрын мүлдем МРТ жоқ еді. Бір елдің астанасы болған соң Ташкентте бар болды. Ал Ташкент Шымкентке жақын болғандықтан адамдар МРТ-ға түсу үшін Алматыдан гөрі сол жаққа барғанды жөн санайтын. Кейбір операциялар бұрын тек Ташкентте жасалғаны да рас. Қазір бәрі өзгерген. Өзімізде барлығы бар, алайда, кейде дертіне ем таппай қиналған науқастар әлі де бұрынғы сеніммен Ташкентке баруда. Соңғы 2 айда әр сенбі сайын науқастарды жеке қабылдаймын. Олардың ішінде Ташкентке барып қайтып, енді өзімізде емделіп жатқандары көп. Мысалы, өткен аптада бір науқас келді, диагнозы күрделі, ауырғанына 6 ай болған. Біздің дәрігерлер дәл диагноз қойып, дұрыс емдеп келе жатқанына қарамастан Ташкентке барған. Онда 1 мың доллар шамасында қаржы жұмсап тексерілген, емделген. Көңілі толмай қайтып келіп, бізге жүгініп отыр. Қағаздарын қарасам, біздегі диагноз дұрыс қойылған. Жалпы протоколға сәйкес ем жүргізілген. Тек өзінде мамандарға деген сенімсіздік салдарынан көңілі алаңдаулы болған. Мұндай мысал өте көп.

Әбдімәлік АҒЫБАЙ, журналист:

– Жұмыс істеп жүріп, дәрігерлік (медициналық) сақтандыруға жеке және мекеме басшысы ретінде мекеме есебінен ай сайын жарна төлеп тұрдық. Ол үшін біз тегін дәрігерлік қызмет алуымыз қажет еді. Іс жүзінде олай емес. Анализ өткізудің кейбір түрі медицина орталығының өздері сатып алған қымбат аппараттары арқылы іске асатын болғандықтан бұл қызметке міндетті түрде жоғары ақы төлеуіңе тура келеді. Саған белгілеген дәрі-дәрмектердің бәрі бірдей ауруханадан табыла бермейді. Сондықтан, дәрігердің нұсқаған дәріханасынан сатып алатын дәрілеріңе де қомақты қаржы жұмсайсың. Еңбекақыңнан ай сайын, басың ауырып, балтырың сыздағанда жанқалтаңнан екінші мәрте ақы төлеу біреулер үшін «майшелпек» болғанымен, қарапайым адам үшін қасірет!

Жақында, Шымкенттегі «ОтауМед» деген медициналық орталыққа тіркелдік. Невропотолог дәрігерге жазылып, бір аптадан кейін қабылдауына кірдік. Дәрігер жап-жас жігіт екен. Қай жеріміз қалай ауыратынын, қан қысымын жақсылап сұрап алды. Сөйтті де, бір құлаш етіп дәрі-дәрмек жазып беріп, амандығымызды тілеумен шектелді. Анализ тапсырмай-ақ, қан қысымын өлшемей-ақ өзіңнің мәліметіңнен соң ем-дом жазып беретін осындай мамандардан кейін білікті мамандар қызмет істейтін Ташкентке шабылмағанда қарапайым халықтың қолынан басқа не келеді?!

 Жасұлан ЖАНАТАЕВ, офтальмохирург-дәрігер:

– Алдымен мына мәселеге назар аударсақ екен. Ташкент – Өзбекстанның астанасы. Бір мемлекеттің бас қаласы. Шымкент астана емес. Кез келген елде астанадағы мекемелерге жағдай көбірек жасалады. Екіншіден, мысалы осыдан 5 жыл бұрын көзге витреоретинальды операция Шымкент қаласында жасалмайтын. Қазір операцияның бұл түрі өзімізде жасалып жатыр. Үшіншіден, операция бағасы мысалы үшін бізде 600 мың теңге болса, Ташкентте 400 мың. Дертіне шипа іздегендер осыны демеу көретін болар. Арзан дүниеге иық беріп тұратынымыз рас қой. Оның үстіне бізде квота саны аз. Мемлекеттен бөлінетін квотаның жетімсіздігінен амал жоқ ақылы қызметті ұсынамыз. Мұндай жағдайда көпшілігі «одан да Ташкентке барғаным жақсы» деп солай қарай кететіні жасырын емес. Алайда, қаншама пациент уақыт өте келе Ташкентте жасалған ем-домнан соңғы асқынуымен өзімізге қайта келіп жатады. Соңғы кездері тіптен көбейді. Себебі, ол жақтағы дәрігерлер басқа елдің азаматы үшін жауапкершілік алмайды. Операция жасады болды. Әрі қарайғысына жауапты емес. Өзге елге барып ем іздейтіндер осы мәселеге назар аударса деймін.

Шымкентке Алматыдан келіп жұмыс істеп жатқаныма көп бола қойған жоқ. Бір байқағаным, кейде пациенттердің наразы болуына өзіміздің әріптестеріміз де себепші болатыны бар. Дәрігерлердің көбі біліктілігін арттырып, дамығысы келмейді. Ізденбейді. Заманауи апараттарды, ем-дом шараларын қолдануда тиімді тәсілдерді ұсынуға енжар. Әсіресе, емханадағы дәрігер әріптестерімнің біразынан осындай енжарлықты байқаймын. Ескі әдіспен жүре бергенді қалайды. Осындай дәрігердің алдында болған адам, әрине, «Шымкенттің врачтары нашар» деп кетеді. Әйтпесе, бізде өз ісінің нағыз мамандары көп.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *