Мәселе

СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСУДЕ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков сенімгерлік басқаруға берілген медициналық ұйымдарда болып, олардың халыққа көрсетіп отырған қызметтерін тексерді. Мысалы, 2021 жылы «АУХАЛ» ЖШС-нің сенімгерлігіне өткен қалалық №2 емхананың материалдық жабдықталуында әлі де болса өзекті мәселелер бар. 

Екі блоктан тұратын емханада ересектерге және балаларға медициналық қызметтер көрсетіледі. Мұнда қазір 400-ге жуық адам жұмыс iстейдi, оның ішінде 108-і дәрігер, 230-ы орта медициналық қызметкер.

Алайда, қаражат тиісті көлемде бөлінбегендіктен, бүгінде медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасы тозып, қондырғылар ескірген, көбі істен шыққан. Бұл келеңсіздіктер халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына кері әсер ететіні белгілі. Осыны ескерген қала басшысы жауаптыларға аталған емхананы шұғыл түрде заң шеңберінде, сот тәртібімен мемлекетке қайтаруды тапсырды.

Қала әкімі денсаулық сақтау басқармасына қарасты Залалсыздандыру орталығында да болды. Материалдық жабдықталуына мән берді. Мекеменің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында осыдан екі жыл бұрын сенімгерлік басқару бойынша келісім шарт түзілген болатын. Алайда сенімге селкеу мұнда да түсіп тұрғандай. Ескі ғимарат, тозған қондырғылар қызметкерлердің діңкәсін кетіріп тұр. Тәулік бойына жұмыс істейтін кәсіпорын қазір Шымкент пен Түркістан облысындағы медицина ұйымдарының құралдары мен бұйымдарын залалсыздандырады. 86 қызметкері бар.

Бұл мәселеден қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері де бейтарап қалмағаны жөн. Қоғамның мәселесін ашық талқылап, тиісті сала басшыларына мәселені төтесінен қоя білу тап осы қоғамдық кеңес мүшелерінің міндеті. Содан да болса керек, қала әкімі кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, сенімгерлікке берілген мекемелерге қатысты келісім шартты қайта қарауды тапсырды. Медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуды, қызметтік автокөліктерді жөндеуден өткізуді қатаң бақылауға алуға сала басшысына міндеттеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *