Біле жүріңіз

Тез бұзылатын тағамды білесіз бе?

Азық-түлiк өнiмдерiнiң сақталуына айрықша мән берiп, тиiстi температурада болуын үнемі қадағалаған дұрыс. Тамақ кез келген жағдайда бұзылуы мүмкiн. Өйткенi, ол тұтынушыларға жеткенше өңдеу, тасымалдау, сақтау және өткiзу сияқты кезең-кезеңiмен тиiстi сатылардан өтедi. Егер оның бiреуiнде санитарлық талаптар сақталмаса, өнiмнiң бұзылуы әбден мүмкiн.

Тез бұзылатын тағамдарға кремдi-кондитерлiк тәттi өнiмдер, көкөнiс және еттен жасалған салаттар, сүт және сүт өнiмдерiнен әзiрленген тағамдар, балық консервiлерi, тағы басқалар жатады. Сол себептi дүкендерде, қоғамдық тамақтандыру орындарында және бiрқатар сауда жаймаларында тиiстi температуралық режимде сақталынған, тоңазытқыш, мұздатқыш қондырғыларымен жабдықталған тағамдар мен салаттарды тұтыну керек. Дайын тағамдарды бөлме температурасында 2 сағаттан артық сақтауға болмайды. Тiптi, тоңазытқыш iшiнде дайын тағамдарды көп ұстамау қажет.

Дүкендерден сатып алынатын тағамдардың жарамдылық мерзiмi мен сыртқы түрiне, этикеткасына, маркировкасына мән беру қажет. Орамасы бүлiнген жағдайда, тiптi жарамдылық мерзiмi анық көрсетiлсе де өнiмдi сатып алуға асықпаған дұрыс. Өйткенi, мұндай орамада кез келген тағам тез бұзылады. Тәттi кремдi-кондитер өнiм-дерiн тек температуралық жағдайы сақталынған дүкендерден ғана алуға кеңес беремiз. Онда да тауардың қауiп-сiздiгiн растайтын құжаттарды талап етiп, сатып алған дұрыс. Кез келген жерден немесе көшеден дайын тағамдар мен сүт өнiмдерiн сатып алуға болмайды. Тез бұзылатын тағамдардың сақталу мерзiмiн қатаң орындау керек. «Ауру — астан» демекшi, тез бұзылатын тамақтан уланудың зардабы оңай емес. Сондықтан мұндай келеңсiздiктiң алдын алу үшiн төмендегi қағидаларды сақтау қажет.

— Алдымен тамақтанар алдында жеке гигиена талаптарын сақтаған абзал. Бұл — ауырмаудың алғашқы амалы.

— термиялық өңдеуге жатпайтын жемiс-жидектердi ағынды сумен жуған дұрыс.

—  тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқыштарда сақтаған жөн.

— үй жағдайында дайындалған немесе консервiленген (ет, балық, саңырауқұлақ) өнiмдерiн белгiсiз адамдардан сатып алмаған абзал.

— егер тағамның түрi, түсi, иiсi және тағы басқа күмән тудыратын жағдаят кездессе, мұндай тағамды мүлдем пайдаланбаған дұрыс.


А. Абдурахманов, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы

 Санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының

бас маманы.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *