Шешендік өнер – тиісті адамгершілік өлшемдерін, кісілік қасиеттерді әр қоғам мүшесінің біліп, өмірдің түрлі жағдайларында жүйелі түрде пайдалануы. Бұл ретте әркімнің кісілік қасиеттерді бойына сіңіруге деген талпынысын, құлшынысын туғызудың қажеттігі, жұртты соған жұмылдырудың маңызы ерекше бағалы.
Жамандау – кісіліктің кемдігі
Қазақ шешендерінің кісілік кемелдік, адамгершілік тұрғы туралы концептуалды ойлары олардың өмір сүрген дәуірінің, заманының мәдени-әлеуметтік, рухани болмысына, эстетикалық, этикалық тұрғысына сай қалыптасқан. Бұл бағыттағы ізденістер өте күрделі әрі тұтас арнаға ұласып жататын нақты іс-әрекеттерден, кісінің мінез-құлқын белгілейтін өзекті қағидалар жүйесінен бастау алады. Мысалы, Торайғыр би былай дейді:
«Қара жерді жамандама –
Кіретұғын інің-ді.
Қауым жұртты жамандама –
Көп табады мініңді.
Білгендерді жамандама –
Басшы болар пірің-ді.
Өзің білмесең,
Білгендерден үйрен
Қырымнан іздеп барсаң да
Жалғыз ауыз білімді».
Жақсы мен жаманды жете білмей тұрып біреуді немесе белгілі бір құбылысты жамандау – адамның кісілік негіздерінің жетіспеушілігінің көрінісі. Қара жерді, қауым жұртты, білгендерді жамандауға тыйым салу, одан сақтандырып отыру – шешендік сөздің, билер сөзінің басты көркемдік-тағылымдық міндеттерінің бірі. Торайғыр би осы сөзі арқылы жұртты кісілікке шақырады. Бұл тұжырымда кісілік биік қасиеттер біліммен, ақыл-ой байлығымен тығыз байланысты екендігі туралы үлкен идея жатыр.
Орынсыз болса, сөзің жау тартады…
Бөлтірік шешен – кісілік тағылым туралы ой толғаған өткен дәуірдегі қазақ шешендерінің ең ұлыларының бірі. «Орынсыз болса, сөзің жау тартады», «Саңылауы жоқпен сабақтас болма», «Жаның жеті жаманнан аман болсын», «Өнерің мен өнегең азбасын» деген сияқты сөздерінде баланы, кісіні жаман әдеттен сақтандырып, жақсы әдетке талпындырып сөйлейді. Мысалға, «Орынсыз болса, сөзің жау тартады» деген сөзге назар аударып көрейік:
«Кердең болса, аяғың жау тартады,
Кесірден болса, таяғың жау тартады.
Кіді болса, мінезің жау тартады,
Ірі болса, білегің жау тартады.
Міншіл болса, ақылың жау тартады,
Сыншыл болса, талабың жау тартады.
Жайсыз болса, жүрісің жау тартады,
Қамсыз болса, түр-түсің жау тартады.
Тойымсыз болса, көзің жау тартады,
Орынсыз болса, сөзің жау тартады».
Шешеннің бұл сөзінің өзегінде кісінің басын дауға салып, жауды шақыратын мінез-құлық пен қылықтар тобы жатыр. Оларды шешен халықтың дәстүрлі мәдениеті, байырғы адамгершілік нысана-тұрғысы мен өлшемдері, танымы негізінде даралап сипаттайды. Аяқтың кердең болуын, кісінің кердең-кердең басуын оның көңілінің толуының, мейманасы тасуының, мастануының сыртқы көрінісі ретінде бағалау дұрыс. «Семіздікті қой ғана көтереді», «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген сияқты қанатты сөздердің түпкі мағынасы бақ пен дәулетті көтере алмай, көзін шел басқан, Құдайын ұмытып, иманын жоғалта бастаған жандардың мінезін мінеумен сәйкес келеді. Мұның астарында балаға кердең басып, жау шақырмау туралы ескерту, сақтандыру да жатыр. Ғибрат айтып қана қоймай, белгілі бір нақты сипаттағы мінез-құлықтан, қылықтан ескерту, солардан сақтандыру шешендік сөз өнерінің көркемдік-тағылымдық қызметінің нақты нәтижелілігін қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді.
Күншілдік, астамшылық, ынсапсыздық…
«Күншілдік деген бар, содан сақтан,
Кекшілдік деген бар, содан сақтан.
Астамшылық деген бар, одан алыс жүр,
Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр.
Қараулық деген бар, одан таза бол,
Бәлеқорлық деген бар, одан ада бол,
Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол», –
дегенде де Бөлтірік шешен жоғарыдағы ойларын басқа қырынан басқа деңгейде, абстрактылы ұғымдар жүйесіне көшіріп, көркем баяндайды. Күншілдік, кекшілдік, астамшылық, сараңдық, қараулық, бәлеқорлық, ынсапсыздық – адамның мінезін бұзатын, оның адамгершілік болмысын жоятын дұшпан осылар еді. Кісіге дұшпан бұл қылықтардың залалы, кісі болғысы келетін жанның бұлардан қашық болуы туралы пікірлер Құранда да көрініс тапқан. Қазақ әдебиетінің көне дәуірі нұсқаларында, орта ғасыр әдебиетінде де бұл мәселелерге ерекше орын берілген. Қайсыбір тұстарда оның ойлары мен Абайдың идеялары да үндесіп жатады. Оның үстіне шешен аталған жағымсыз мінез-құлық нышандарының жалпы кісі бойында емес, өз баласының бойында болмауын көздеп сөйлеген. Соған қарамастан бұл сөздер басқалар үшін де ғибратты, өйткені шешен санап айтып отырған жаман қылықтар бір адамның ғана емес, барша жұрттың жауы, жалпы адамгершілік пен кісіліктің дұшпаны қатарына жатады. Сондықтан шешеннің көркемдік-тағылымдық ойлары да жалпылықтық мағынаға ие болып шыққан.
Жасқа арналып айтылған кісілік қасиеттердің әрқайсысына жан-жақты сипаттама беру шешендік өнер үшін шарт емес. Көкірегі ояу жас үшін адамгершілік өлшемдер мен талаптардың түпкі мән, негізгі мазмұны түсінікті, ұғымды. Оның үстіне мұндай өлшемдер мен талаптардың мазмұны шартты, асбтрактылы болып келеді де, нақты мысал ондай мазмұнның нақты бір қырын ғана ашып бере алады. Мұның өзі қазақ шешендерінің шығармашылық ойларының, оның ішінде кісілік тұрғы жайындағы көзқарастарының мағыналық тереңдігі мен байлығын білдіреді.
Сөздерінің әр жолы – бір ғибрат
Осы ретте Бөлтірік шешеннің балаға ақыл түрінде айтқан мына бір сөзіне назар аударайық:
Екі ойлы болма.
Екіұшты сөйлеме.
Ұрының қасында жүрме.
Өтірікшінің қасында тұрма.
Ежелгі жаумен достаспа.
Ескі доспен ұстаспа.
Жаманмен кеңеспе,
Баламен егеспе.
Сөздің әр жолы – бір ғибрат. Әр ғибрат – бір тақырып. Бірақ әр ғибратты ойдың мәнісі түсіндірілмеген, идея ашық түйінделмеген. Осы ғибрат сөздерде түйінделген ойдың жайын, ұғымның сырын кісі өз басынан өткен тиісті өмір-тәжірибе арқылы ғана ұғынуы мүмкін. Ондай өмірлік тәжірибесіз кісінің бұл айтылған адамгершілік талаптардың мағынасын, себептері мен салдарларын бірден біліп, игеріп кетуі қиын. Бұл, әрине, шешеннің сөзінің өмір шындықтарынан, күнделікті тұрмыс-тіршіліктен алыстығын білдірмейді, қайта оның жалпыланған, шындық құбылыстың мардымсыз ұсақ белгілерінен арылып, сапалы дамуы мен көркемдік кемелденуінің ең бір жоғары сатысына көтерілгеніне куә болғандай. Солай бола тұра осы берілген сегіз тармақ ойдың әрбірінің мәнісін ішпен біліп, ақылмен пайымдап, тануға болады. Мысалы, «жаманмен кеңеспе» немесе «баламен егеспе» деген ғибратты қабыл алмай, оған қарама-қарсы іс қылған кісіге абырой серік болмасын аңғару қиын емес. Жаманмен кеңесіп, баламен егесіп абырой таппасын, алға аспасын сезген жан шешен сөзінде қаншалықты терең тағылымдық негіз, маңызды мағына жатқанын аңғара қоймақ. Сөздегі қалған алты тармақ ғибрат, алты сала идея жайында да осыны айтуға болады. Сөйтіп, бұл сөз жүйесінде де тұтас жұртқа нұсқа, үлгі болғандай кісілік қағидалар, адамгершілік көзқарастар жинақталған.
«Саңылауы жоқпен сабақтас болма,
Байлауы жоқпен санаттас болма.
Тілегі жаманмен қопаға түспе,
Тегі жаманмен ортаға түспе», — деген сөзінде де Бөлтірік шешен көркемдік, әлеуметтік-этикалық көзқарастарын жинақтап, жалпыланған күйде, абстракциялық деңгейге көтеріп баяндаған. Мұндағы ойлардың әрқайсысын әр кісі өз танымы, өз білім-білігі, өмір-тәжірибесі деңгейінен танып, бағалайды, сол деңгейіне сай қабылдайды. Сөздің мұндай сипаты оның мазмұнын жалпыландырып қана қоймай, өлшеусіз байытқан, тереңдеткен, көркемдік деңгейін биіктеткен.
Шешендік өнер өзегіндегі көркемдік идеялар, тұжырымдар кісілік тұрғы ережелері мен талаптар алдымен ойға салуды, ақылмен байыптауды, кісінің өзінің ғана емес, тұтас ортаның, қоғамның тәжірибесінен сабақ алуды ұсынады.
Қазақ шешендік сөздерінің өзегіндегі әрбір көркемдік идеяның, тағылымдық ережелер мен қағидалардың мән-мағынасын жете ұғыну үшін, жете ұғындыру үшін осындай мысалдар, оқиғалар, хикаяттар ерекше қызмет атқарады. Шешендік өнер үлгілерінде белгілі ғибрат сөздің тікелей өз мәнісін түсіндіретін мұндай мысалдар, хикаяттар, оқиғалар баяны сақталмағаны рас. Бірақ бұл олардың шынында да мүлде болмағаны деген сөз емес. Шешендік өнер үлгілері тек қиялдан, өмір шындығынан тыс туатын қазына емес. Шешендік сөздің қандай түрі, қандай үлгісі де нақты өмір құбылыстары, шындық оқиғалар негізінде туған. Тек кейінгі тұста ғана шешендік сөздің ізі сақталып, оны туғызған өмір құбылыстары, шындық оқиғалар ұмыт бола бастаған. Солай болғанның өзінде шешендер, көкірегі даңғыл кемеңгерлер шешендік сөзде берілген кісілік өлшемдерге, тағылымдық маңызы жоғары өсиеттерге, тұжырымдарға өз тарапынан түсінік, сипаттама бергенін жоққа шығару жөнсіз. Өйткені мұндай талаптар, өсиеттер, ережелердің қандайы да тәжірибеде, өмірде, күнделікті тұрмыс-тіршілікте пайдалану үшін айтылған.
Көпшілік жағдайда шешеннің кісілік тұрғысы, шығармашылық ұстанымы, жұртшылық тарапынан өмірде, тәжірибеде нақты қолданылуы кең қанат жайған. Бұл да жадағай түрде емес, интеллектуалдық күрделі процесс, әлеуметтік, эстетикалық маңызы жоғары акт дәрежесінде жүзеге асқан. Мұның әрбір жеке адамның бойында белгілі бір кісілік қасиеттердің қалыптасып, дамуына, өркен жаюына жол ашқаны сөзсіз.
Ақмарал Леубаева,
Шымкент қаласы
әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының ғылыми
қызметкері.
