Түркістан облысында өңірге инвестиция тарту бойынша көптеген істер атқарылуда. Бұл бағыттағы жоспарды түрде қолға алынған жұмыстар жыл сайын қарқын алып келеді. Өз кезегінде ол жаңа жұмыс орындарының да көптеп ашылуына оңды әсерін тигізуде.
Шетелдік инвесторлардың миллиондап қаржы құюымен көптеген жобалар қолға алынған. Облыста өндірістік парктерді дамыту, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған жобаларды қолдау жұмыстары жалғасуда.
Таяуда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті Инвестициялық штаб отырысында өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды. 2026 жылы қолға алынатын жобалар мен шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар сараланды. Өңір басшысы жобаларды кешіктірген аудан, қала әкімдеріне тиісті шара көрілетінін ескерте отырып, жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы уақытқа дейін инвестиция тарту бағытында жұмыстар жүргізілді. Бірақ мұнымен тоқтамай, керісінше, жұмыс қарқынын арттыруымыз керек. Өкінішке қарай, кейбір аудан, қала әкімдіктерінде жұмыс өз деңгейінде емес. Әр басшының өзіндік жұмыс жоспары, бағдарламасы болады. Менің басты бағытым – өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту, терең өңдеу саласын дамыту және облысымызды дотациялық аймақтар қатарынан шығару. Әрине, бұл бір күнде, бес жылда шешілетін нәрсе емес. Бірақ жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Мысалы 2023 жылы облыстың өзіндік пайызы 10 пайыздан асатын болса, қазіргі таңда 20 пайызға жетіп отыр. 10 жылда Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтитын өңірге айналдыруға толық мүмкіндігіміз бар. Біз облыс экономикасын көтеру үшін терең өңдеуге басымдық беруіміз керек. Әр ауданның мүмкіндігі сараланып, сараптама нәтижелері сіздерге жіберілді. Сол бағытта нақты жоспар жасап, бір ай көлемінде ұсыныңыздар. Өндірістік парктерді дамытып, жаңа кәсіпорын ашу бағытындағы жұмысты күшейтіңіздер. Халыққа керегі де осы, – деді облыс басшысы.
Мәжілісте Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қайып ата» компаниялар тобының инвестициялық жобалары қаралды. Онда етті терең өңдеу комбинаты, түйіршіктелген құрама жем өндіретін зауыт, сүрлемдер мен астық қоймалары, ауыл шаруашылығы жабдықтарын өндіретін өндіріс, мал биржасы іске қосылатын болады. Арыс қаласында 35 мың басқа арналған бордақылау кешені және жаңбырлатып суару технологиясы арқылы мал азығын өсіру жобалары жүзеге асырылады. Жиында бұл шаруаның да орындалу барысы жөнінде баяндалды. Сондай-ақ, Түлкібас ауданында салынып жатқан «Майлыкент Ферм» тауарлы сүт фермасының, Жетісай ауданындағы «Агросут» сүт өңдеу зауытының, Қазығұрт ауданындағы «Қарқын-2030» серіктестігінің 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының және «Түлкібас құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тік интеграцияланған бройлер құс фабрикасы құрылысының қазіргі жағдайы талқыланды.
