Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар қолға алынып, олар үшін қолайлы орта қалыптастыру талаптары жүзеге асуда. Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда мүгедектігі бар 41 544 азамат тіркелген. Оның 4 614-і бірінші, 15 455-і екінші және 13 505 адам үшінші топ мүгедектігі санатында. Сонымен бірге 18 жасқа дейінгі 7 970 бала бар.
Ерекше жандарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтарға қажетті құрылғы сатып алынған. Жалпы «құрылғы қажет» деп 45 681 өтініш түскен. Оның 37 970-і (82,5%) қазірге дейін толық қамтамасыз етілді. Мысалы, протездік-ортопедиялық көмек құралы үшін 8 203 өтінім қабылданып, 6 147 құрал үлестірілді. Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарға 20 779 өтінім түсіп, 19 012 ерекше жанның қажеттілігі өтелді. Ал, тірек-қимыл функциясында бұзылысы бар азаматтарға арналған қоларба құралына 1 347 өтінім қабылданып, 1 197 адамға арнайы арба берілген. Сонымен қатар, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 901 азамат мұқтаж болса, жыл басынан бері 2 863 адамға қызмет көрсетілген. Шипажайда сауықтыру емі үшін 8 471 адам жолдама алып отыр.
Мүгедектігі бар азаматтар мұндай қажетті құралдарды әлеуметтік портал арқылы тапсырыс беріп ала алады. Ол үшін Шымкент қаласы, С.Бәйтереков көшесі, №89 мекенжайдағы басқарма ғимаратына келсе, осында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Сол жерде өтініш беруді рәсімдей алады.