Басты жаңалықтар Мәдениет және өнер

КҮЙ КҮМБІРЛЕП, ӘН ӘУЕЛЕГЕН КҮН

Елімізде шілде айының алғашқы аптасында Ұлттық домбыра күні аталып өтетіні белгілі. Бұл әдемі дәстүр биыл да жалғасын тапты.

Ұлттық домбыра күні биыл Шымкентте жылдағыдан өзгеше етіп ұйымдастырылды. Ұйымдастырушы – қалалық мәдениет басқармасына қарасты Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы.

«Бабамыздың жырысың, сен, домбыра!» атты мерекелік іс-шара қаланың «Нұрсәт» шағынауданындағы №40 – 48 үйлерді, яғни қатар тұрған 6 тұрғын үйді біріктіретін ауланың балалар спорт алаңшасында болып өтті. Ауланы күмбірлеген күй мен әсем ән тербеп тұрды десек болады. Іс-шараны аталған үй тұрғындары мен қала қонақтары қызыға тамашалады.

Мерекелік іс-шараны Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы, таяуда ғана өткен «Шежірелі Шымкент» ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алған ақын Нұрлан  Есенқұлов жүргізіп отырды. Орталық директоры Жұмабай Әбдиев кіріспе сөз сөйлеп, жұртшылықты мерекемен құттықтады, оның ұлт мұрасын ұлықтаудағы, жұртшылықтың өнерге деген ықыласын арттырудағы ролі жөнінде айтып өтті. Кештің қонағы, белгілі ғалым Мырзабай Омар жиналған көпшілікке бүкіл түркі баласына ортақ, тарихы терең ұлттық аспабымыз домбыра туралы қызықты да танымдық деректер айтып берді.

Бізге осында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері Жасұлан Исабаевпен (cуретте) тілдесудің сәті түсті.

«Мақсатымыз – Ұлттық домбыра күнін атап өту және тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау. Мұнда домбыра жайында,  салт-дәстүрлеріміз туралы еркін тақырыпта сұхбат болады.  Домбыра туралы сұрақтар қойылады. Өнерпаздарымыз домбырамен күй шертеді, әндер орындайды. Тұрғындар арасынан күйші, өнерлі жігіттер шығып жатса, оларға деп даярлаған сыйлықтарымыз бар. Биылғы мереке бөлім басшысы Нұрлан Есенқұловтың идеясымен осылай ұйымдастырылып отыр.

Қазір балалардың жазғы демалыс уақыты. Кешкісін тұрғындар аулаға серуенге, балалар ойнауға шығады. Сондықтан әсіресе балаларға домбыраның қыр-сырын, мәдениетіміз бен өнерімізді таныстыруды мақсат тұттық.

Нұрланның өзі патриоттық рухта ән орындайды. Тұманбай Бәйтенов, Сәбит Ниетбековтер ән айтады, Қайырбек, Нышанәлі есімді күйшілер Сүгірдің, Құрманғазының, Қазанғаптың күйлерін орындайды. Күй тартыс өткізіледі», – деді Ж.Исабаев.

Орталық қызметкерлері мерекеге жақсы дайындалып келіпті. Ұлттық домбыра күнін лайықты атап өту, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың санасына ұлттық аспабымыз домбыраға деген құрмет сезімін сіңіру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара өзінің көздегеніне жетті десек болады. Өйткені домбыраға деген сүйіспеншілік сезімі қайсымыздың болса да қанымызда бар, ересектер жағы ән мен күй тыңдап бір жасап қалды. Ол балаларға да ұнады. Олар әсіресе домбыраға қатысты сұрақ-жауаптарға белсене қатысты. «Мен айтайыншы!» – деп қол көтеріп, алға ұмтылған балалардың әрекетіне сүйсіндік. Олар домбыраның құрылысына, оның түрлеріне, жекелеген бөліктеріне, күй тарту тәсілдеріне қатысты қойылған сұрақтарға жарыса жауап беріп, тиісті сыйлықтар иеленіп жатты.

Балалар арасынан ортаға шығып күй тартқандар да болды. Біз солардың бірі Нұрмұхамед Ағабек есімді балдырғанды сөзге тарттық. Биыл қаладағы №58 мектептің 5-сыныбын бітірген Нұрмұхамедтің күй тарта бастағанына екі жылдай ғана болған екен, соған қарамастан қолы жаттығып-ақ қалғаны аңғарылады. Іс-шара кезінде ол бірнеше күй орындады.

«Домбыраға қызығып, үйірмеге қатыстым. Әпкем Аружан да күй тартады. Қазір ол «Кәусар» мектебінде оқиды. Оркестрмен бірге Өзбекстанға барып, жарыста Гран-при ұтып келген», – дейді ол.

Осыны айтқан Нұрмұхамедтің өзі де биік жетістіктерден құралақан емес екен. Мұны бізге оның анасы – Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының суретші-қалпына келтірушісі Динара Айтмырзаева айтып берді. Нұрмұхамед таяуда Түркістанда өткен жарыстан Гран-при иеленіп келіпті.

Осындай азаматтарға қарап тұрып 5 мың жылдық тарихы бар бабалар мұрасы домбыраның алда да халықпен бірге ұзақ жасай береріне сенесің. Өнерлі жастар, өнерге жанашыр патриот азаматтар тұрғанда Тұманбай ақын айтқан «нағыз қазақ – домбыра» ұлтымызбен бірге мәңгі жасайды ғой.

Осы орайда Ұлттық домбыра күнін есте қаларлықтай ерекше етіп ұйымдастырған Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлеріне, жалпы, іс-шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан барша азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *