Бала кезімізден данышпан Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жата-жастана оқып, жаттап өстік. Оқыған-тоқығанымызды, шама-шарқымызша Абайдан ұққанымызды аузымыздан тастамай айта жүріп, ғұмырымызға рухани азық етумен келеміз. Есейгенде де естілердің қатарында болуды ойлап, өмір өрісінде Абайға айналып соға беретініміз рас. Білім иелері есею дегеннің жасыңның ұлғаюы емес, естілердің ескертуін түсіне білетін деңгейге көтерілуің дейді. Абайды да абайлап оқыған сайын дүние, ғалам, өмір жайлы, ақиқат пен шариғат, адам мен адамшылық, жақсы мен жаман һәм барша бас қатырар басқалар жайындағы білімің толыға түседі. Әсіресе, «Арақ ішіп мас болған жұрттың бәрі, не пайда, не залалды біле алмай жүрген» кешегі атеистік қоғамда Абай бұлағынан қаталаған жанымыз шөл басқаны анық.
Қазақ әдебиеті тарихы ғылымының салмақты саласы – абайтану тарихын зерттеуге ғаырға жуық ғұмырының алпыс жылын сарп еткен ғалым Мекемтас ақсақал Мырзахметұлының зерделеуінше Абай әлемін зерттеуге, Абайды танып, түсіндіруге қаншама қайраткер қаламын қарыштап, барын салып бақбаған десеңізші?! Абайтанудың қалыптасуы барысында сан қырлы сипаттағы зерттеулер саны жағынан да, сапа жағынан да молыға түсіпті. Нәтижесінде, Абай мұрасының халықтың тарихи жадын сақтап, дамыту, ұлттың рухын өлтірмей жаңғыртып, жалғастыру жолында шешуші идеялық мәні бар – асыл қазына екендігіне көзіміз жеткендей. Десек-те, заман озған сайын, ізденістер көбейе түскен сайын, «…Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» дейтін Абай жұмбағының түйіні шешіліп болар еместей. «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді», – деп Асқар Сүлейменов айтпақшы қазақ үшін Абай ескірер емес. Сонда дейміз-ау, Абай мұрасын айналсоқтау, абайтану неге өміршең? Неге Абай мұрасы қазақ дүниетанымының, қазақ қоғамдық санасының, қазақ руханиятының күн тәртібінен түспейді?! Неге бара-бара Абай айдынының көкжиегі кеңейіп, жағалауы алыстай береді?! Мұның жауабын Абай өмір сүрген тарихи кезеңнің әлеуметтік қатпарларына үңіліп, іздеген жөн-ау?! Көрнекті әдебиеттанушы ғалым Ақжол Қалшабек баршамызға белгілі кешегі Абай заманындағы қазақтың жай-күйі жайлы: «Ел сондай бір тарихи тығырыққа тірелді. Абай сол тарихи коллизия тамырын тамыршыдай дөп басты. Екі дүние арақатынасын анық көрді. Құран бір жақта, әлем бір жақта, қазақ бір жақта қалғанын түсінді» деп толғанады. Демек, мемлекеттік дәстүрінен айырылып, қазақтың елдік сұлбасы сағымға айналғандай алмағайып кезеңде Абай – халық мұңының жоқшысына айналғаны анық болды.

Байқап, бағамдасақ Абайдың әдеби мұрасы қолжазба нұсқасында жарық көрмеген соң әдебиеттанушы ғалымдар да, қатардағы оқырмандар да Абайды танып, түсінуде мағыналық һәм мазмұндық әралуандыққа, тіпті алауыздыққа да ұшырап келген тәрізді. Ал, Абайдың сөзін түпнұсқадан дұрыс аудармай түсініп, түзетсек, Абайдың ойын бұрмалап, қиянат қылғандық емес пе?! Қолжазбаны бұлжытпай өз қалыбымен беруді талап еткен де, талаптанған да зиялылар әр кезеңде де болған. Бірақ, күні бүгінге дейін Абайдың толық шығармаларын түпнұсқада жарыққа шығарудың сәті түсе қоймапты. Сонда бұл зор міндетті кімдер, қашан қолға алып, жүзеге асырмақ?!
Десек те, мен бүгін абайтану тарихын, Абай мұрасының қазақ руханиаты үшін баршаға мәлім маңызын сөз етуді мақсат тұтып отырған жоқпын. Менің бүгінгі айтпағым, 1906 жылы Кәкітай Ысқақұлы Абайдың тұңғыш кітабын жарыққа шығарып, қазаққа аманаттауды ойға алғанда қолдау көрсеткен Бекбай Бәйісұлының тарихи еңбегін тілге тиек ету ғана. Абай мұрасын зерттеушілердің еңбектерінде Кәкітайдың тарихи еңбегі жайлы аз айтылмағаны мәлім. 1909 жылы сонау Петерборда жарық көрген тұңғыш жинақ нәтижесінде қазақ қауымы Абай шығармалары мен өмірбаяны жайлы жазба деректермен алғашқы рет танысқан еді. Қазақ арасында баспаханасы, басқасы жоқ ол заманда Абайдың елу алты өлеңі топтастырылған тарихи жинақты жарыққа шығару оңайға соқпағаны анық. Бір жолы Абай мұрасының қолжазбасын індете зерттеп, зерделеп жүрген ғалым Ақжол Қалшабек өзі оқыған естеліктерге сүйеніп, бұл жайды былайша әңгімелеп берген еді. Абай мұрасының қадірін білген шәкірт інісі Кәкітай Абай өмірден өткен соң ағайын-елді, саңлауы бар аймақ адамдарының басын қосып: «Абай дүниеден өтті. Бірақ оның артында қалған мұрасы баспа бетін көрмей қалып кетті. Енді Абай сөзін жинақтап, кітап етіп жарыққа шығару зор міндет. Оған қыруар қаражат керек, осы іске жәрдем беріңдер» дейді. Сонда қолдап, қолғабыс етер деген ел адамдарының бірі Кәкітайға: «Айтқаның жөн, бірақ кітапқа Абайдың ана өлеңін қоспайсың, десе екінші бірі біздің атамыз жайлы айтқан мына сөзін алып тастайсың», – деп талап қояды. Әрине, бұған үзілді-кесілді қарсылық білдірген Кәкітай: «Оу, жарқындарым-ау! Бұл Абайдың мұрасы емес пе?! Мен оның бір сөзін де өзгерте алмаймын, алып та тастамаймын», – деп уәж айтады. Солай қиындық туғанына қарамастан Кәкітай Абай мұрасын жинақтауға кіріскен ғой. Ол туралы Мінаш Әрхамқызының: «Абай атамның өлеңдерін, қара сөздерін жинауға бүкіл ел болып, бір-біріне хабар салып, қолда барын, жаттағандарын жазып жинапты. Өзіне аға, ұстаз санаған не түрлі құйма құлақ, ділмар, зерделі, Абай айналасында болған, зиялы азаматтардың бәрі де қатысып, әркім өз қолында барын салыстырып, бір сөз, бір буынның қате кетпеуіне үлкен үлес қосыпты» деген естелігін еске салып өтсем артық болмас. Содан Кәкітай қос түйесін, қос атын сатып дегендей Семейге аттанады. Одан соң Омбыға барып, онда кітапты бастыра алмайтын болған соң Қазан қаласына жүріп кетеді. Қазанда да баспахананың уақыты болмаған соң Кәкітай Петерборға жол тартады. Ақыры алған бетінен қайтпаған Кәкітай Ысқақұлы Петербордағы баспаханамен шарт жасасып, 1909 жылы Абайдың алғашқы өлеңдер жинағын жарыққа шығарады. Жарыққа шығарады дегеніңіз айтуға ғана оңай сөз. Өйткені, бұл бақандай үш жылға созылып, мың түрлі машақаттармен жүзеге асқан Кәкітайдың жанкешті еңбегінің жемісі еді. Сол тұста Кәкітайдың арқа сүйер азаматы – Бекбай Бәйісұлы болыпты. Себебі, ол кезде бұл істің құнын төлейтін Құнанбай, ақысын беріп, ажарын кіргізетін Абай жоқ. Сонау Петерборда шаруаның шығындары шығандап кеткенде Кәкітайдың өтініші бойынша үш жыл бойы қаржылай қолдау көрсетіп, кітаптың жарыққа шығуына тікелей себепкер болған осы – Бекбай Бәйісұлы болыпты.
Иә, Бекбайдың бекзаттығы болмаса Абайдың тұңғыш кітабының Петербордан оп-оңай шыға қойып, қазаққа жетуі екіталай еді. А.Қалшабек: «Кәкітайдан кейін М. Әуезов бас-көз боп Абайдың тұңғыш толық шығармалар жинағын 1933 жылы, соңғысын 1959 жылы Абай кітабындағы қолтаңбалық өрнектерді біраз өзгертіп, әуелі латын, кейін кирил алфавитінің ықпалымен өңделген кеңестік қазақ жазуының қалпына салып жарыққа шығарды», – дейді. М.Әуезовке дейін де, кейін де абайтанушылар Абай мұрасын аршумен үздіксіз айналысып, өңдеп-толықтырып, қайта басып шығарып жүргенін білеміз. Алайда, жүз жылға жуық аралықта М.Әуезов құрастырған жинақ Абайдың әдеби мұрасын бар қырынан танытатын негізгі қайнар көз болып келеді емес пе?! Ал, Абайдың толық шығармаларын қолжазбадағы нұсқасында жарыққа шығару М.Әуезовтің ақ арманына айналып қалып қойған іс еді.
Армандар да алуан-алуан. Ал, кемеңгер М. Әуезовтің ұлы мұраттарға жол сілтейтін осынау ақ арманы хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойының қарсаңында жүзеге асқан сыңайлы. 2025 жылы 29 мамыр күні Ақаң, менің қымбатты ғалым бауырым А.Қалшабек ел жатарға жақын уақытта Абай інішегім, Арын ағамыз үшеуі Рабатқа үйге келген. Келген сәтте есік алдындағы аман-сәлемнің артынша көңілі көлдей шалқыған Ақаң, құшағына қысқан қомақты дүниені сыртынан сипап: «Абай, Абай! Қазір үйге кірген соң айтармын» – деп жан жадыратар бір жаңалығы бар екенін аңғартқан. Мен де, Ақжол мен Абайды асықтырып, жайшылықта келе салмайтын мезгілде үйге әкелген жақсылық хабар барын сезгендей-ақ едім.

Үйге кіріп жайғасқан соң Ақаң құшағынан шығарып, қалтаға салынған «АБАЙДЫ» жарқ еткізіп қолына алды да, құнды кітапты толғаныспен табыстады. Құдды бір соноо-ау 1909 жылы Абайдың тұңғыш рет жарыққа шыққан бір құшақ кітабын қойнына тығып, шаршап-шалдығып, әбден жүдесе де жүрегі тыншыған Кәкітай үйге кіріп келгендей күй кештім. Бұл кітап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу Университеті «Мұхтартану» ғылыми орталығының ғалымдары – ф.ғ.к. доцент Ақжол Қалшабек пен PhD докторант Әзімхан Исабектің дінтанушы ғалым Абдулла Жолдас ақсақалдың көмегімен Абайдың толық шығармаларын Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларына сүйеніп жасаған транскрипциясы еді. Жаңа жинақтың жарыққа шығуындағы мехнатты жолынан бір кісідей хабарым болғандықтан менің де қуанышымда шек болмады. Ақаңның ғылымдағы ғаламат жетістігі, қазақ руханияты үшін шын қуандым. Ендігі жерде түпнұсқа қолжазбасы баршамызға бірдей қолжетімді болғандықтан да абайтанудың жаңа кезеңіне жол ашылды деуге болады. Содықтан да бұл еңбек – М.Әуезовтің ақ арманын іске асырған тарихи табыс, соны жаңалық дер едім.
Үш жыл сарсаңға түсіп жүріп, Абайдың тұңғыш кітабын жарыққа шығарып келген Кәкітай, алдымен Бекбайға алғысын жаудырып: «Абайды тірілттің ғой, Бекбай! Абайды тірілттің!» дей беріпті. Қалай ойлайсыздар, бүгінгі қазақ арасында Бекбайлар бар ма?! Шүкір, бар екен! Ақаң, кейінгі жылдары дарынды шәкірті Әзімхан екеуі Абайдың «Китаб тасдиғының» қатардағы 38-қара сөз еместігін дәлелдеп, транскрипциялап, жарыққа шығарған еді. Бұл жайлы алдында «Егемен Қазақстанға» мазмұнды мақаласы жарияланғанда да, 2021 жылы Алматы, «Қазақ университеті» баспасынан маңызы зор «Абай. Китаб тасдиқ» атты түпнұсқа транскрипциясы жарыққа шыққанда да елең ете қойған да, елей қойған да ешкім болған жоқ. Әлі күнге солай жалғасуда. Сонда да Абайдың әдеби мұрасының қолжазбасын толық транскрипциялау идеясы Ақаңның жүрегін жаулап, қазақтың келешегі үшін маңызды ғылыми ізденістің азабына бел байлағанын түсінген едім.
Енді міне, 2025 жылдың басында Ақаңның он жылдық еңбегінің қорытынды қолжазбасы да дайын болып, оны жарыққа шығару міндеті тұрған-ды. Осы тұста жанкүйерлік танытып, он жыл бойы осындай еңбектің езгісінде жүрген ғалымды енді «Бұл кітапты қалай жарыққа шығарамыз?» деген сергелдеңге салып қойсақ, азаматтан обал-ақ шығар деген уайыммен мазасыз күй кешіп жүрдім. Сөйтіп, бұл жаңалық жайлы Үкімет адамдарын да, Абай, Түркістан облысының лауазым иелерін де, кейбір беделді баспалардың басшыларын да хабардар етіп көрдім. Назар аударған, құлақ қойған жан жоқ. Содан соң, ойымды аяулы ақын Абай Қалшабек інішегімнің абыройын пайдаланып, жеткізуге де арланбадым. Абай әлеуметтік желі арқылы өз аудиториясына жеткізіп, жағымды жаңалықпен бөліседі. Көп кешікпей ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров бауырымыз үн қатып, маңызы алабөтен іске атсалысуға ниетті екенін білдіріпті. Абайдың қолжазбасының жайы құлағына тиісімен сауапты істен мақұрым қалмауға дұға қылып, іске кіріскен – Назаров Ардақ Құттықожаұлына, оның ұсынысын қолдаған достары – Еркінбек Досқожа Әсемханұлы мен Ахылбеков Әкімжан Бақытжанұлына айтар алғысымыз зор. XX ғсырдың басында Кәкітай тұңғыш кітапты жарыққа шығарғанда Бекбай Бәйісұлы қандай азаматтық танытса, XXI ғасырда Абайдың толық шығармалар жинағын түпнұсқасында тұңғыш рет транскрипциялап жарыққа шығаруға бас демеуші болған Ардақ бауырымыз да Абайды қайта тірілтті деуге болар. Кешегі – Кәкітай, бүгінгі – Ақжол, кешегі – Бекбай, бүгінгі – Ардақ.
Қалай дегенде бұл іске «бекбайлық» білдіргендерге себепші осы – Абай мен Ардақтың жүрек бауырластығы екендігі анық. Кезінде Алихан Бөкейханұлы: «Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесең де қосылмайды» деп күйініпті. Шүкір, қазір елдік жолына тағдырын байлап, дүниесін аямайтын, желімдемей-ақ саналы түрде қалтасы тесік оқығандарымызға қолдау көрсететін жомарттарымыз жоқ емес екен. Ардақ бауырымыздың осындай Абай аманатына адалдық танытқан тектілігіне, жан жомарттығына, ақ жүрек азаматтығына тағы да Аллаһ разы болсын дейміз! Осындай елшіл азамат ұл өсіріп, тәрбиелеген Ардақтың атасына мың рахмет, анасына мың алғыс! Бекбайлар мен Ардақтар әр заманда да қатарымыздан табылып, қазағына қалтқысыз қызмет жасай берсін! Тағдыр Абайды қазақтан, қазақты Абайдан айырмасын. «Абай – қазақ, қазақ – Абай» дегендей ұлтымыздың екінші есіміне айналған Абай қазағымен бірге жасай берсін. Өйткені, тағы сол Сүлейменов айтпақшы: «Келер қазақтың да ішетін уы да, балы да Абай» емес пе?!
Аллаһтың мейірімімен, Ардақ пен Абайдың себебімен жарыққа шыққан хас ғалым Ақаң, Ақжол Қалшабек бауырымыз, жас ғалым Әзімхан Исабек транскрипциялаған хакім Абайдың асыл мұрасының түпнұсқасы мәңгілік елдік мұрат жолында қияметке дейін Қазақ елін бақытқа жетелейтін шамшырақ бола бергей!
БӘКІРТАЙ БАТЫРҰЛЫ,
РАБАТ ауылы.
29.06.2025 жыл
