Шымкент

Жаңа аялдамалар қойылуда

 Шымкент қаласының қоғамдық көлік қызметін дамыту мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында маңызды өзгерістер енгізілуде. Сала мамандарының айтуынша енді тасымалдаушыларға қойылған талаптарды бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін ұлғайтылған.

– Автобустардың аялдамаға тоқтамауы немесе кестеден 15 минутқа кешігуі, ерте келуі автоматтандырылған жүйе арқылы бақылауда. Жыл басынан бері бұл шаралар қала бюджетіне 424,5 млн теңге үнемделуіне септігін тигізді. Қала тұрғындарының сұранысына байланысты жаңа маршруттар ашылды, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.

Тұрғындардың өтініші бойынша «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы өтетін №3 айналма маршрут пен «Оңтүстік» шағын ауданындағы №4 маршрут іске қосылған. Сонымен қатар, 22 маршруттың қозғалыс сызбалары өзгертіліп, жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 17 маршруттың қозғалыс кестесі кеңейтіліпті. 9 маршруттың жұмыс уақыты түнгі 23:00-ге дейін ұзартылып отыр екен. «Бұл тұрғындардың түнгі уақытта қала ішінде қолайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін жасалып отыр» дейді мамандар.

Естеріңізде болса, газетімізде бұған дейін де хабарлағанымыздай, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап 14 әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға қаладағы қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы берілген. Мамандар бұл жеңілдікті 319 мың тұрғын пайдалана алады деп отыр. Жеңілдік карталарын алу үшін қалада төрт арнайы пункт ашылған.

Айтпақшы, соңғы күндері Шымкенттің шалғай шағын аудандарында автобус аялдамалары орнатыла бастады. Жалпы Шымкент қаласында 2335 аялдама орны бар, оның 838-і жаңа типтегі. Бұл өзгерістер жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған игі шаралар тізбесіндегі жұмыстар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *