Мәселе Шымкент

Жапырақты не істейміз?

Мен табиғатты қорғау мәселесіне жіті көңіл бөлетін адаммын. Айналаны ластамау, лажы болғанынша көгертіп, көктетуге үлес қосқанды қалайтындықтан бала-шағама да ағаш егіп, гүл өсіріп, ауланы көгалдандырып отыруды насихат етіп жүремін. Айтайын дегенім, күз келіп, ауладағы ағаштардың жапырағы сарғайып, түсе бастады. Сарғайған шөпті де орып, бау-бақшаны реттейтін кезең. Бірақ, сол жапырақты не істеу керегін білмей жылда дал боламыз. Көршілерімде де осы мәселе. Мал жоқ, өртей  де алмаймыз. Ал, оны жинап, қапқа салып, қоқыс ретінде сыртқа шығарып қойсақ, алмай кетеді. Жапырақты алмайды екен. Енді не істеуге болады?

Шымкенттің коммуналдық қызметіне жауапты адам бар ма? «Қаланы ластамаңыздар, ортақ үйіміз» деп ұрандатамыз. Ластамайық десек, жапырақты қоқыс тасымалдаушы қызметтегілер алмайды. Не істейміз? Өртейіміз бе? Экологтар, өрт сөндіру қызметі келіп ол үшін айыппұл салады.
Жер үйде тұратын, бау-бақшасы бар тұрғындар не істеуі керек сонда? Көршілерімнің де айтатыны осы. Күз келсе болды, ағаштың жапырағын, қураған бұталарды қайда жіберерімізді білмей дал боламыз.

Қорған Сатыбалдыұлы,

Қаратау ауданы, Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *