Uncategorized

Әкім тұрғындардың талап-тілегін тыңдап жүр

Естуші үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғам -Әділетті Қазақстан» құру саясатының басты талабы қарапайым ел тұрғындарының талап-тілегіне мән беру, халықтың жайлы да қауіпсіз ортада өмір сүруін қаматамасыз ету екендігі белгілі. Бұл орайда «Естуші үкімет» жобасының да талаптарын жүзеге асыру міндеті тұр.

Міне, осындай міндеттерді мінсіз атқаруға ниет еткен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков осы күндері қала тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы күннің жоспарларын ортаға салып, елмен етене кездесу өткізіп жүр. Кездесулер қала орталықтарында ғана емес, шалғай шағын аудандар мен тұрғын алаптарда да өтуде. Мысалы, Нұршуақ, Жиделі, Қызылжар, Құрсай, Ақтас шағын аудандары қала орталығынан алыста жатқан елді мекендер. Сәйкесінше бұл аумақтарда коммуналдық түйіткілдер, коммуникациялық кемшіліктер де жоқ емес. Десе де, тұрғындар қала әкіміне ризашылығын білдіруде. Көптеген мәселе біртіндеп шешіліп, күн өткен сайын тұрмыстық түйіткілдердің түйіні тарқатыла бастаған. Жол жөндеу, асфальттеу, спорт және балалар алаңдарын салу, жер учаскелерін заңдастыруға қатысты өзекті мәселелер кезегімен шешілуде.

Мысалы, кездесуде Жиделі шағын ауданы халқы білім, денсаулық сақтау нысандарының, жаяу жүргіншілер өткелінің және шалғай көшелердегі жарықтың жоқтығына шағымданды. Мегаполис басшысы салалық басқармалардың басшылығына балабақша мен мобильді медициналық пункт салу мүмкіндігін мұқият зерделеп, жер учаскесін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, Қызылжар шағын ауданында қала әкімі тұрғындармен кәріз жүйесін жүргізу, қоғамдық көлік маршруттарын ұзарту және көшелерді абаттандыру мәселелерін талқылады. Ал Рысқұлов көшесі 1а, Байтұрсынов көшесі 65, Құрмет шағынауданында және Ақтас тұрғын алабында өткен кездесулерде тұрғындар жасыл желекті көбейтуді, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, тротуарлар мен аялдамаларды орналастыру мәселелеріне тоқталды.

Қала маңындағы тұрғын алаптардың көпшілігіне тән проблема ол – суару жүйелерінің тозуы, жарықтың жиі сөніп қалатындығы, мәдениет үйінің, балабақшаның зәрулігі екені белгілі. Осы мәселелерді тұрғындар қала басшысына базына етіп айтып жатты. Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдаған Ғабит Сыздықбеков тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Осы тапсырмаларға сәйкес бірқатар жобалар жасалып, алдағы күндері жүзеге асатын болады. Ал жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және жергілікті маңызы бар көшелерге коммуникациялар жүргізу бойынша аудан әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді.

Қалаға кейінгі жылдары қосылған Қарасу, Текесу шағын аудандары мен Елтай, Тоғыс, Жыланбұзған және Айнатас тұрғын алаптарының да проблемасы аз емес. Қала басшысына тұрғындар аулаларды абаттандыру, қоқыстарды дер кезінде жинау, жер учаскелерін заңдастыру, кәріз жүйелерін жүргізу және көшелерді, саябақтарды жарықтандыру мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, қала тұрғындары жасыл желектерді суару, суару жүйелерінің жағдайы мен жол жөндеу, саябақтар мен гүлзарларда пандустар орнатуға қатысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Елтай және Тоғыс тұрғын алаптарының халқы жаңа мектеп пен мәдениет үйін, сондай-ақ спорт кешенін салу бойынша өтініштерін білдірді. Қала әкімі орынбасарлары мен сала, аудан басшыларына келесі жылы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қарастыруды тапсырды.

Елтай тұрғын алабының азаматтары жаяу жүргіншілер өткелін салу, бейнебақылау камераларын орнату және балабақша қажеттіліктеріне де тоқталды. Ал Айнатас шағын ауданы тұрғындары жаңа мектеп салуды және қоғамдық көлік қозғалысын реттеуді сұрады. Қала әкімі  барлық өтініштер мен ұсыныстарды назарға алып, өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *