Біле жүріңіз

Бөлмені қалай салқындатқан жөн?

Бүгінде жұртты аптап ыстық әбіржітуде. Үйді, кеңсені желдеткішпен, кондиционермен салқындатып әуреміз. Ал қандай да бір себеппен электр қуаты болмай қалса ше? Не істейміз?

Мынадай тәсілдер есте болсын: Аса қажет болмаса, еденге төселген түкті кілемдерді уақытша жинап қойғанның көмегі көп. Бөлмеге әлсін-әлсін әбден мұздатылған су бүркіп, еденді жиі-жиі салқын суға шыланған шүберекпен сүртіп тұрсаңыз, жәрдемі тиеді. Бөлме таза болады, ауасы да құрғап кетпейді, қажетті ылғал сақталады. Дегенмен ылғал шамадан тыс көп болмауы керек.

Терезені қараңғылау — ежелден бар әдіс. Негізі перделердің сәуле өткізгіш ашық түсті немесе ыстық тартатын тым күңгірт түсті, қалың әрі салмақты болмағаны жақсы. Терезеге ішінен күн сәулесіне шағылып, оны кері тебетін, онымен қоса жарықты дұрыс өткізетін заттармен көлегейлеген дұрыс. Қазір саудада ондай заттардың түр-түрі бар. Аса қажет болмаса, теледидар, компьютер, ноутбук, смартфон және тағы басқа заттарды электр  желісінен ажыратып қойған дұрыс. Өйткені олар да белгілі бір деңгейде қызып, ауаға ыстық леп береді.

Шаң-тозаң мен қапырық ауа кірмесі үшін күндіз терезелерді негізінен жабық ұстаған дұрыс. Бөлмені күн ысымай тұрып, таңертең желдетіп алған жөн. Қарама-қарсы терезелер ашық тұрса, өкпек жел үйді тез салқындатады. Мүмкін болса, терезелерді түнімен ашық қалдыруға да болады. Тек кейбір сақтық шараларын ұмытпаған абзал. Әсіресе кішкентай балаларға қауіп төндірмес үшін оған кең ашылуын шектейтін құрылғы орнатқан дұрыс.

Тоңазытқыштың мұздатқышына бірнеше «баклашка» судан мұз қатырып, оны желдеткіштің алдына қойса да бөлмеге біраз уақыт салқын леп үрлеп тұрады. Сондай-ақ шағын түйірлер формасында қатырылған мұзды ыдысқа, «баклашкаға», полипропилен стакандарға салып, бөлменің әр тұсына қойса да ол біршама салқындатады. Төсек жаймаларын салқын суға малып, сығып алып есіктерге тұтып қойса да болады. Төсек жаймасы демекші, оны ұйқыға жатар алдында тоңазытқышта біраз уақыт ұстап, мұздатып алуға да болады. Мұндай төсек ыстықтан дөңбекшіп ұйқы қашуына қарсы жақсы көмектеседі.

Ыстық күнде үйді салқындатудың бұдан басқа да қарапайым әдіс-тәсілдері баршылық. Ағзаға жайлы жағдай жасау үшін оларды қажетінше пайдалануға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *