Әлеумет

Ақбайлықтар сасық иістен тұншығып отыр

Апта басында редакцияға Сайрам ауданының Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбай елді мекенінің тұрғындары хабарласты. Олардың сөзіне қарағанда ауыл шетіне тасталған қоқыс пен мал тезегінің сасыған иісінен тұрғындардың тынысы тарылып, далада демалулары қиындапты. Тіпті, «балалардың үстін жара басып жатыр» деген дабылды естігеннен кейін мәселеге бей-жай қарай алмай, арнайылап ауылды бетке алдық.

Мән-жайды алдымен ауылдық округ әкімінен білмек оймен әкімдікке барғанымызда түскі үзіліс мезгіліне тура келгендіктен, ауыл әкімі Әбдіманат Бөрібековты орнынан таба алмадық. Ал түс болса да, күннің аптап ыстығына қарамастан бізді күтіп алған ауыл тұрғындары жанайқайларын жайып салды.

«Ауылға іргелес егістік жер бар, – дейді Айдос Боданов есімді тұрғын. – Үйлердің іргесіне жиналған малдың малағын трактормен егіске шашады. Ол күн ыстықта қатты сасиды. Таза ауамен демалудан қалдық. Түнде үйдің іші ысып кетеді, терезені ашсаң сасық иіс кіреді. Ал далада жату мүмкін емес. Мұны істеп жүрген ауылдың адамы емес, сол себепті оған бәрібір. Әкімге айтайын десек, оның кім екенін де білмеймін, көрмегенмін».

Ермахан Бақтиярұлы деген азамат ауылдасы Айдостың сөзін растап, былай дейді: «Қоқысты түнде ұрланып келіп тастап кетеді. Қоқыстың ішінде малақ, сойылған малдың терісі, ішек қарындары, өлексе де бар. Ауыр жүк көліктерімен малдың сұйық нәжістерін де төгіп кетеді. Күн ыстықта мұның барлығы қатты сасып, демала алмай қаламыз. Үйге жақын тасталған өлекселерді жылқыммен сүйрелеп, алысырақ жерге апарып тастаймын. Олай етпесек, демалу мүмкін емес».

Сасық иістен әбден зәрезап болған ауыл тұрғындары жанайқайларын таласа жеткізді. Төрт баланың анасы Нұрила Мейірханның айтуынша, ауыл шетінде мал бағатын балалар күні бойы осы сасық иіспен тыныстайды екен. Сол себепті болса керек, бүгінде кішкентай балалардың үстінде жара пайда бола бастаған. «Бала болған соң үйде қамап ұстай алмайсың, кейде мал қарап, кейде ойнап шығып кетеді. Біз перзенттеріміздің денсаулығына алаңдаймыз. Түрлі жұқпалы ауруларды жұқтырып алса кім жауап береді? Әкіміміз Дамир деген жігіт еді, оның кеткеніне екі жылдан асып қалды, одан кейін кім келгенін білмейміз, қара көрсеткен емес», – деген Н.Мейірханның шағымына ауылдастары қолдау білдірді.

Қазір ауылдарда жергілікті мәселелерді тиісті басшыларға жеткізіп, түйінін тарқатумен шұғылданатын түрлі лауазым иелері, қоғамдық ұйымдар көп қой. Солардың бірі – ауыл билері. Ауыл биі – ауылдық әкімдік пен жергілікті тұрғындардың арасындағы алтын көпір іспетті. Бірақ бүгінгінің билерінің дені әкімдердің айтқанынан шықпайтын, шенеуніктердің сөзін қолдай кететін «тілалғыштараға» айналғанын ауыл тұрғынынан жиі еститін болдық. Ақбайда да солай ма, әйтеуір тұрғындар бидің де кім екенін білмейді екен.

Ал біз түстен кейін әкімдікке қайтып барғанда округ әкімінің орынбасары Нұрбол Орынбасаровты қызмет бөлмесінен кезіктірдік. Қарасудың іргесінде орналасқан Ақбай елдімекенінде қандай мәселе болып жатқанын бізден естіген Нұрбол Бекзатұлы тез арада ауылға барып, жағдаймен танысу үшін жолға шықты. Ол кісі де тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, жердің иесі мен қоқысты кімдердің әкеліп тастап жатқанын анықтап, заңға сай айыппұл салдыртатынын айтты. Тұрғындардың: «Қоқыс тастауға тыйым салынады» деген ескерту белгі қойдарсаңыз» деген ұсынысын да қабыл алып, мәселе жақын арада шешімін табатынына сендірді.

Қазір жер-жерлерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқаны белгілі. Бұл акция Сайрам ауданында қолдау таппай жатыр деп айта алмаймыз. Алайда, көше бойына тасталған қағаз бен бөтелкені жинағандар, жинатқызып жатқандар бүтіндей ауылдың ауасын бүлдіріп жатқан келеңсіздікті неге көрмейді? Ауыл сасып, тұрғындар тұншығып жатқанда тазалықты қадағалаушы сайрамдық санэпидемиологтар қайда қарап отыр? Шілденің шіліңгір ыстығында мұндай жерден жұқпалы аурулардың да тарау қаупі жоғары болатыны айтпаса да түсінікті.

Жерлестерінің сеніміне ие болып, сайланған Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев халыққа жаны ашып, мұң-мұқтажына құлақ түретін болса, Ақбай ауылындағы мына бейберкетсіздікті шұғыл ретке келтіріп, ауыл тұрғындардың талабын орындауы тиіс.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *