Өзім тұрақты алып, оқып тұратын газеттеріңізде бір мәселе жөнінде айтқым келеді. Мүмкін бұл айтпағым тиісті орындардың, басшылардың құлағына жетер деп ойлаймын.
Мәселе автокөлік фарасына байланысты. Мені ғана емес, жалпы көлік жүргізушілерінің бәрін де толғантып жүрген болуы әбден мүмкін. Қазіргі шығарылып жатқан жаңа автокөліктерде «Лэд-фара» деген бар, жарықты жақсы береді. Заманауи талаптарға сай, зерделеніп жасалған құрылғы десек те болады. Бірақ бізде осыны өз бетіңмен ескі көлігіңе орнатып алуға рұқсат жоқ. Орнатсаң, айыппұл салады. Жаңа көліктер жарығын жарқыратып жүргенде неге ескі көліктер сығырайған, қуаты төмен фарамен жүруі керек? Бұл көлік жүргізушісінің құқын бұзу емес пе?
«Лэд-фараға» рұқсат беруден бермеудің керісінше зияны көп болады деп ойлаймын. Мысалы, түнде қарсы келе жатқан жаңа көліктің зауыттық лэд-фарасы жарқырап жүреді, ал бұрын шығарылған, ондай фарасы жоқ көліктердің жарығы көмескі көрінеді. Сонда жарығы әлсіз көлік жүргізушісінің көзі жаңа көліктің заманауи лэд-фарасының жарығына шағылысып, көруі нашарламай ма? Сосын сақтық үшін амал жоқ, жолдың шетіне қарай ығысып, жылыстауға мәжбүр болады. Сөйтіп жол шетіндегі қоршауға немесе малға соқтығысуы, арнайы қоршау болмаса жолдан шығып кетіп, түрлі апаттарға ұшырауы мүмкін ғой. Адам өміріне қауіп төнеді, көлікте жолаушылар болса тіпті қиын.
Сондықтан, ұсынысым: «Лэд-фара» орнатуға көліктің ескі-жаңасына қарамастан, барлығына бірдей рұқсат етілсе екен. Әрине, көліктің жай-күйіне байланысты қандай да бір тиісті талаптар орындалуы, арнайы рұқсат рәсімделуі керек те шығар. Оны іске асыру соншалықты қиын шаруа болмаса керек.
Хасен
ТҰРЛЫБЕКОВ.
Отырар ауданы.
