Мәселе

КІНӘЛІЛЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ КЕРЕК

Наурыз айы еліміздің бірқатар аймақтарына тосын «сыйын» жасады. Күннің күрт жылынуы қыс бойы жауған қарды бірден ерітті. Кей жерлерде оған толассыз жауған жаңбыр қосылды. Салдарынан бірнеше облыста тұтастай ауылдар су астында қалды. Құлаған үйлер мен мал шығыны әлі есептелген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық штабтың отырысында сөйлеген сөзінде «Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді», – дегенді нақтылап айтты. Ресми мәлімет болмағандықтан көпшілік бейресми ақпаратқа жүгінеді. Ал онда құлаған және зақымдалған үйлердің саны бірнеше мыңнан асып кеткендігі айтылуда. Қаншама инфрақұрылым істен шығып, асфальт жолдар жарамсыз болып қалуда.

Төтенше жағдайдың алдын алуға болар ма еді? Осы сұрақ бүгінде басты тақырыптардың біріне айналды. Әрине, қар кеше жауып, бүгін еріген жоқ. Жердің тоң болып жатқаны да белгілі болды. Олай болса билік тасқынның болатынын болжап, алдын алу жұмыстарына ертерек қамдануы қажет еді. Тасқынның алдын алу — резина етік пен мотопомпа сатып алып, қапшыққа құм толтыру емес. Алдын ала арнайы бөгеттер жасалып, тосыннан келген суды сай-сала арқылы өзен, көлдерге, су қоймаларына бағыттау керек еді.

Сонымен қазір Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау мен Абай облыстарының ауылдары тасқыннан зардап шегіп жатқаны айтылуда. Еріктілер тарапынан көмектер ұйымдастырылып жатыр. Төтенше жағдайға тап болғандарға Алла сабыр берсін дейміз.

Апат айтып келмейді. Тасқын суды болдырмауға Шымкент қаласы мен Түркістан облысы дайын ба деген сұрақтың кез-келгенімізді алаңдататыны анық. Өйткені, Шымкент қаласының шығыс беткейінде Тоғыс, Текесу деп аталатын қос су қоймасы бар. Қайбір жылдары Шымкенттің шеткі аймақтары су астында қалғаны белгілі. Осы жайтты ескеріп, аумағында екі бірдей су қоймасы орналасқан Еңбекші ауданының әкімі Досбол Күздікбайұлына хабарласып, тұрғындардың толғанысын жеткіздік. «Екі қоймадағы да су деңгейі бақылауда. Көбейіп бара жатса, дереу артық суды қашыртқы каналға жібереміз. Қауіпті жерлердің бәріне адамдар қойылған. Жағдайды назарда ұстап отырмыз, алаңдауға негіз жоқ», — деді аудан әкімі.

Тасқын судың зардабын түркістандықтар да ұмыта қойған жоқ. Халықтың алаңдаушылығын Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментің баспасөз хатшысы Шыңғыс Сүлейменовке жеткіздік. «Облыста жағдай тұрақты. Ешқандай қауіп жоқ. Керісінше көрші облыстарға көмектесіп жатырмыз. Дүйсенбі күні Солтүстік Қазақстан облысына 54 құтқарушы, 14 техника жіберілді. Одан өзге 15 мотопомпа, 2 қайық, 16 портативті радиостанция, 2 спутниктік телефон, 5 шатыр, 50 төсек автономды жұмыс істеуге толық дайын. Олар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек қолын созды. Бүгін 100 құтқарушы министрліктің нұсқауын күтіп дайын отыр. Тапсырма берілсе бұлар Ақтөбе немесе Солтүстік Қазақстан облысына аттанып кетеді», – деді департаменттің ресми өкілі.

Иә Түркістан облысы мен Шымкент қаласына келер қауіптің жоқтығы көңілге медеу. Бірақ шенеуніктер айтты деп бейқам отыруға да болмайды. Естеріңізде болса, 2021 жылы Мақтаарал ауданына тасқын су қаупі төнгенде облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Сәкен Қалқаманов уайымдауға негіз жоқ екенін айтқанымен, сол күні түнде бірнеше ауыл су астында қалған болатын. Ал Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жуырда өткен брифингте өзіне қойылған журналист сауалына: «Дайынбыз. Енді айтып отырмын ғой, ең бастысы сол жұмыстың бәрін уақытысында ұйымдастыру. Қалай дайын болғандығымызды келешек көрсетеді ғой. Іс жүзінде сол кезде көресіздер», – деп жауап бергеніне ел куә. Иә Үкіметтің де, Төтенше жағдай министрлігінің де, әкімдердің де тосын жағдайға дайындықтарының қандай екенін халық іс жүзінде көрді, куә болды.

Кез-келген жағдайға сақадай сай дайын екендіктерін айтып, мемлекет басшысын да, халықты да алдағандар жауапқа тартыла ма? Сәуірдің алғашқы күні Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Сол отырыста Президент: «Биылғы қарқын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден де асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа-райы жағдайын ескергеннің өзінде апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Тағы да қайталап айтамын, тасқынның алдын алу ісіне әрбір лауазым иесі тікелей жауап беруге тиіс. Сіздердің жұмыстарыңызды немқұрайлы және кәсіби міндетке сай келмейді деп бағаладым», – деп қатаң ескертті.

Бүгінде тасқын судың орын алуы себебін талқылаған мамандар пікірі баспасөз беттерінде жиі жарияланып жатыр. Соның бірі – «Нұр.кз»-те жарияланған су шаруашылығы саласының ардагері, инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімовтің пікірін назардан тыс қалдырмау қажет деп ойлаймыз. «Бұрынырақ ауылдарда арналар болатын, еріген қар, су сонымен ағып кететін. Қазір жоқ. Бір ауылдың өзінде 5-6 гидротехник, мұрап жұмыс істейтін. Олар күзде, қар түсетін мезгілде арықтардың бәрін тексеріп, тазартатын. Сыртқы каналдардың шлюздерін ашып қоятын. Көктемде тағы бір тексеріп өтетін. Қазір ауылда мұның бірі де жоқ. Ауыл тұрғындары 5-10 гектардан жер алып алған. Әрқайсысы бас-басына би. Ауыл әкімінің гидротехник ұстауға шамасы да, қаражаты да жоқ. Судың мәнісін, жағдайын білетін мамандар құрыды», – деді маман. Инженер-гидротехник тәуелсіздік жылдарына дейін елімізде су шаруашылығына қатысты министрліктің, оның қарамағанда Жылжымалы механикаландырылған лек, Өндірістік-техникалық жиынтық басқармасы, Су шаруашылығы жүйесін басқару басқармасы жұмыс істегенін айтады. «Олардың бәрі құрыды, жоқ. Ақылдасатын маман қалмады. Енді су баспағанда не қалды?! Әрине жазық жерлерді су басады. Алдағы уақытта мұндай болмауы үшін су мамандарын дайындауымыз, ол үшін мол қаражат бөлуіміз қажет. Арнаулы су шаруашылығы мекемелерін ашуымыз керек. Сонда ғана жылда су басу проблемасынан біртіндеп-біртіндеп құтыламыз. Бірден құтыла алмаймыз, ол мүмкін емес», – дейді Әмірхан Кеншімов.

Иә, тасқын проблемасынан құтылу үшін бұл мәселеге ғылыми тұрғыда көңіл бөліп, білікті мамандардың көмегіне жүгінген жөн екені түсінікті. Ал, Үкіметке тасқын судың салдарымен күрескенше сауатты түрде алдын алуға күш салу қажеттігін түсінетін кез жетті. Халық та табиғатпен байланысын күшейтіп, жыл сайын күз бен көктем мезгілінде айналадағы арық-атыздарды қоқыстан тазалап, су жүретін көздерді асарлатып ашуды дағдыға айналдыру керек. Жергілікті әкімдер осы бағыттағы жұмысты ұйымдастырып, жандандырған жөн. Өкінішке қарай, мұндай іс-шаралар соңғы жылдары мүлдем атқарусыз қалды. Байырғы ата-баба дәстүрін барынша жаңғыртуымыз тиіс. Бәлкім, сонда ғана тасқын су азабынан құтылып, әбігерге түсудің алдын алған боламыз. Ал, қауіптің алдын алмаған тиісті сала басшылары, министрлер мен облыс әкімдеріне қатаң шара көріліп, тіпті, жауапқа тартылуы керек. Келеңсіздік қайталанбас үшін.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *