Шымкенттік өрт сөндірушілер осы қағиданы басшылыққа алған. Содан да болса керек, қазір олар қаладағы ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда орындарында халықпен, кәсіпкерлермен кездесіп, өртті болдырмаудың жолдарын түсіндіріп жүр. Оқыс оқиғаның алдын алу шаралары қандай екендігін айтып, кеңес беруде.
Десе де өрт оқиғалары орын алмай тұрмайды. Сондай оқиғаның бірі Шымкент қаласы Абай ауданында тіркелді. Екі бірдей жеке тұрғын үйлердің шатыры және уақытша тұрғын жайдың төбесі өртеніп жатқаны туралы хабар жетісімен, өрт сөндірушілер оқиға орнына жетіп барды. «Төтенше жағдайлар мемкемесі қызметкерлерінің жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт жалпы 602 ш.м. алаңда толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда» дейді сала мамандары.
Өрт демекші, соңғы күндері Шымкентте автокөліктердің жануы жиілеп кетті. Бұл ауа райының аптап ыстық болуымен қатар, көліктердегі қауіпсіздік шараларының сақталмауынан, көліктің ақауы бар бөліктерін иелерінің дер кезінде жөндемеу, тексеріп тұрмауынан болып отырған жағдай. Мысалы, өткен аптада Тұран ауданында ашық автотұрақта тұрған жүк көліктің ағаш тіркемесі жанып кетті. Бұл ғана емес, қасында тұрған 3 бірдей автокөлікті от шарпыды. ТЖМ күштерімен өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Сала мамандары абай болуды ескертеді. Автокөлік жүргізу кезінде өрт шыға қалса ең алдымен үрейленбей, көліктің қозғалтқышын тоқтату керектігін айтады. Көліктен шығып, жолаушыларды түсіріп, қауіпсіз қашықтыққа (кемінде 10 метр) кеткеніне көз жеткізіңіз. Сосын дереу «112» нөміріне қоңырау шалу керек. «Егер мүмкіндік болып жатса көлемі аз өртті арнайы сөндіргіш құралын пайдаланып, өзіңіз сөндіруге тырысыңыз. Алайда капот қақпағын көтермеңіз. Егер өрт салонда басталса, терезелер мен есіктерді қажетсіз ашпаңыз. Оттегінің жетіспеушілігінен жалын сөніп, жану сатысына өтуі мүмкін». Төтеншеліктер осылай деп кеңес береді.
Ал өрт үйден шыққан жағдайда тез арада құтқарушыларды 112 нөміріне хабарласу арқылы шақырған жөн. Мүмкіндік болып жатса газ беру кранын жауып, светтерді өшірген дұрыс. Ауа ағыны мен өрттің таралуын болдырмау үшін үйіңіздегі барлық есіктерді жабыңыз. Үйден кетіңіз, осы жағдайда ең қауіпсіз жолмен жүріңіз. Егер түтін сіздің үйіңізге еніп кеткен болса, еденге жақын болыңыз: ол жерде әрқашан таза ауа болады. Аузыңыз бен мұрныңызды дымқыл орамалмен немесе сүлгімен жабыңыз. Өрт сөндірушілердің рұқсатынсыз үйге оралмаңыз.
- Ал осы кезде…
Арнайы көлікке жол бермейтіндер көп
Оқыс оқиға орын алған аймаққа едел-жедел жетуге асығатын арнайы қызмет көліктеріне кесе-көлденеңдеп жол бермеу жағдайларын күнделікті тұрмыста көше бойынан жиі кездестіреміз. Әр минут, секундтың құны адам өмірімен пара-пар екенін сезінгісі келмейтін көлік жүргізушілері «жедел жәрдем», «өрт сөндіруші» көліктерінің бебеулеген даусына мән бермегенсиді. Салдарынан тез арада көмек қажет болған науқасты, өрт ішінде қалған жандар мен мүлікті құтқару қиынға соғады. Міне, осындай олқылықтарды болдырмау үшін, көлік жүргізушілерге тәртіпті үйрету үшін шымкенттік өрт сөндірушілер полиция департаментімен бірлесіп профилактикалық рейд өткізді.
«Жүргізуші — арнайы автокөлікке жол бер!» деп аталатын рейдтік іс-шара барысында өрт сөндіру қызметінің автокөлігі арнайы дыбыстық сигналды қосып, өтуге қиын көшелер бойымен жүріп өтті. Өрт сөндірушілердің артынан жергілікті полиция қызметкерлері жүріп отырды. Бір таңқаларлығы бұл жолы Шымкент қаласы жүргізушілерінің көбі арнайы көлікке жол беретіні анықталы. Алайда жол беруді жөн көрмейтін жүргізушілер де кездесті. Олардың сапында әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустардың болуы өкінішті. Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 598-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылатындығы ескертіліп, хаттама толтырылды. Мұндай заңбұзушылыққа жол бергендерге жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.