Мәселе

Мемлекеттің үйін мемлекеттің өзі салуы керек

Қазір мемлекеттік бағдарламалармен тұрғын үйлер көптеп салынуда. Ондай сырты бүтін, іші түтін саналатын үйлерді облыс орталықтары мен мегаполистердің барлығынан кездестіруге болады. Сол құрылыстың бәрін жекеменшік компаниялар жүргізуде. Ондай пәтерлер мүгедек, көпбалалы отбасы, жалғызбасты аналар секілді әлеуметтік ахуалы төмен топтарға беріліп, олар қуанып кіреді. Қызығы мен шыжығы содан кейін басталады.

Пәтер кілтін алып, бөркін аспанға атқандардың арадан 2-3 жыл өтпей-ақ жанайқайларын жеткізіп, көз жасын көл еткендерінің куәсі боласың. Себеп – үйді сапасы нашар, арзан құрылыс материалдарымен тұрғызғандары болса керек. Салдарынан қабырғалар жарылып, шатырдан су өтеді. Жұқа қабырға жылу ұстамайды. Тағысын тағылар. Ал, қалталыларға арналып салынған элиталы үйлерде мұндай кемшіліктер болмайды. Мұның себебі неде? Біздің пайымдауымызша, элиталы үйлерді соққан компания оны нақты ақшаға сатады. Компанияның абыройына нұқсан келмес үшін барынша сапалы етіп салуға тырысады. Ал, мемлекеттің ақшасына салынатын үйлерге құрылыс компанияларының көзқарасы басқаша. Барынша үнемдеп, ең арзан материалдарды пайдаланып, қаражаттан жонып қалуды көздейді. Әйтеуір бітіріп берсе, тиісті мамандар қабылдап алса болды. Кепілдік мерзімін амалдап өткізіп алса онан кейін шаруасы болмайды. Ал үй тұрғындары өмір бойы қиналып өтуі мүмкін.

Менің ойымша мемлекеттің ақшасы жұмсалған соң, құрылыстың барысын мемлекет қатаң бақылауы тиіс. Немесе ондай үйлерді мемлекеттің өзі салғаны жөн. Елімізде Құрылыс министрлігі құрылды. Мемлекеттік бағдарламамен үйлерді салуды сол министрліктің өзіне тапсыру керек. «Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық» деп мақтанғанда бізден дана, бізден мейірімді ұлт жоқ секілді көрінеді. Шын мәнісінде солай болып жатыр ма?

Хасен Тұрлыбеков,

Отырар ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *