Жаздың күні – пісімшіліктің уақыты, адам жанына керектің барлығы пісіп-жетіліп жатыр. Сондай азықтың бірі – жүгері. Бүгінде Шымкенттің сауда нүктелерінен оны еркін табуға болады. Жүгеріні көше бойында тұрып-ақ сатып нәпақа тауып жүргендер де бар. 1 дана шикі собықтың бағасы – 200, пісірілгенінікі 250 теңге тұрады.
«Мессенджер» жеп жүрміз…
Жүгерінің тойымды да сіңімді азық екенін бәріміз білеміз. Бағасы да қолжетімді, күнделікті сатып алып жеп жүрміз. Бұл өзі қайдан келіп жатыр, қалай келіп жатыр деген сұрақтар ілуде біреудің болмаса, көпшілігіміздің ойымызға келе бермейтіні рас. Осы орайда біз Шымкенттің маңынан жалға жер алып, жүгері өсіріп жүрген Бақытжан есімді азаматпен әңгімелестік.
«Жүгері егумен 3 жылдан бері айналысудамыз, – дейді ол. – Біздің өсіріп жүргеніміз – мал азығына деп өсірілетін жүгері емес, түбі Голландия, Франция елдерінен жеткізілетін тәтті жүгері тұқымы. 3 айда пісіп-жетілетін «Мессенджер» деп аталатын сұрып, ұрығы тек арнайы фирмаларда ғана сатылады, бағасы қымбат болады. Бір қорапшасында 35-40 мыңнан 50 мыңға дейін ұрық бар. Еккен кезде 1 гектар жерге 8 «пачкасы» кетеді. Бұл жүгерінің ерекшелігі – 1 түбі толыққанды, стандартты ірі 1 собық береді, екіншісі кішілеу болады. Кейбір сұрыптары екі собықты толыққанды береді екен, бірақ әзірге бізде ондай жоқ».
Диқанның әңгімесі бізді өзіне тарта түсті. Оған тағы да біраз сұрақтар қойдық.
«Негізі мұны жетісайлықтар екі жаппа «клеенканың» астында өсіріп, көктемнің соңында-ақ саудаға шығарып жатыр. Ақпан айында стакандағы көшеттен отырғызады. Шығыны көп, өте қиын процесс. Жетісайлықтар мұндай жүгеріні мамыр айының соңын ала саудаға шығарады. Одан екі аптадай уақыт өткен соң Сарыағаш, Келес аудандарының еккен жүгерісі пісе бастайды. Біз сияқты Шымкенттің айналасына еккендердікі саудаға одан кейін шығады», – дейді ол.
Естігеніміз, кей диқандар дәл осы жүгеріден бір жылда екі өнім алуға тырысады екен. Біріншісін шілде айының орта тұсында алып болып, орнына екіншісін егіп тастайды. Бірақ ол кезде қырауға қалып кетпейтін, вегетациялық мерзімі қысқалау сұрыптардан егу керек болады. 20-қазанға, қарашаның басына дейін қырау түсіп кетпесе, жолы болғандар екінші өнімді толыққанды алып үлгереді. Бірақ бұл оңай емес, уайымы көп жұмыс, өнім қырау түсетін салқын күндерге ұрынса, бітті, шаруа банкрот болады. Мысалы, өткен жылы 16-қазанда күн райы күрт суытып, жүгері еккен біраз диқан шығынға ұшырап қалыпты.
«Жүгері жаппай пісе бастағанда теруге адам жалдаймыз, – дейді Бақытжан. – 1 данасына 10 теңгеден төленеді. Өнімді базарға өткіземіз. Саудадағы жүгері тым көбейіп кетпесе, сатудан жақсы пайда түседі. Әзірге ұзақ сақтай алмаймыз, бізде ондай қойма жоқ. Қалада логистикалық орталықтарда ондай қоймалар бар, негізі.
Жүгерінің «Мегатон» деген сұрыбын мұзға қатырып сақтауға мүмкіншіліктер бар екен. Шымкентте екі-үш жерде сондай қоймалар бар. Бірақ біз қалай қатырып, қалай сақтаудың технологиясын білмейміз. Оның градусын білу керек. «Шоковая заморозка» деген аппараты болуы керек. Бар деп жатыр ондай аппаратты. Биыл, бұйыртса, «Мегатон» болып жатса, соған сақтап көреміз. Тоңазытқышта сақтауға мынау «Мессенджер» бола ма, болмай ма, білмейміз. Бұл – жұмсақ сорт. Ал «Мегатон» сол қысқы қатыруға жарайды екен. «Драйвер» деген сұрып жарамайды, ол да жұмсақ сорт. Қатыруға болады, бірақ қайнатқанда былжырап кетуі мүмкін. Өзбекстанда «Мегатонды» қыстыққа сақтайды. Оны жыл бойы сақтауға болады».
Ағзаға пайдасы көп
Шымкенттіктер күнделікті сауда орындарынан сатып алып жүрген жүгері туралы біз осындай жайларды білдік. Қосымша жүгерінің ағзаға пайдасы мен зияны туралы да айта кеткенді жөн көрдік. Білгеннің зияны жоқ.
Жалпы, мамандар жүгерінің адам ағзасына пайдасы мол деп айтады. Онда әсіресе ағзаның қышқылдануына қарсы әсері мол заттар көп болады екен. Одан басқа да ақуыздар мен майлар, көмірсулар баршылық. Темір, фосфор, калий, кремний, молибден, селен сияқты минералдар мен микроэлементтер, А, Е, С дәрумендері, В тобының дәрумендері жетерлік. Калориясы аз, берер қуаты көп деп те айтылады. Құрамында азықтық талшықтар көп, пісірілген жүгерідегі ақуыздар ағзадағы зат алмасуын жақсартады, қан тамырларын нығайтады, тіпті бұлшық ет талшықтарын қалпына келтіре де алады екен. Жүйке жүйесіне, көзге, терінің саулығына тигізетін әсері мол. Жүгерінің шашағын халық медицинасында қабынуға қарсы, зәр қуып, өтті жүргізетін дәрмек ретінде ежелден пайдаланатыны мәлім. Ол өттің қоюлығы мен тығыздығын төмендетеді екен. Сондай-ақ қандағы холестерин мөлшерін азайтады. Дұрыс қолданса, тіпті оның судағы сығындысы бүйректегі тасты ерітеді деп те айтылады. Ол жыныстық гормондардың дұрыс түзілуіне де әсер етеді. Жүкті әйелдерде құрсақтағы шарананың дұрыс жетілуіне пайдасы зор екен.
Бір есте сақтайтын жай, жүгерінің құрамында крахмал мен қант та баршылық. Өз кезегінде бұл қант диабеті, асқазан жарасы, тромбоз, варикоз сияқты кейбір сырқаттан зардап шегетін адамдар үшін ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан денсаулығында осындай кінәраты бар адамдар ғана жүгеріні абайлап, аздап жесе болады. Ал басқаларға оның берер пайдасы жетеді екен.
Ендеше, мүмкіндікті пайдаланып жүгеріні де жей жүріңіз. Табиғаттың сыйы көп жаз күндерінде ағзаны витамин-минералдарға молықтырып алған да жақсы ғой.
Д. НҰРПЕЙІС.
