Ал жаңа ғимарат бос тұр. Президенттің тапсырмасы бұл ауданда қашан орындалады?
Еліміздің білім саласында түрлі реформалар қолға алынып, нешеме бағдарламалар қабылдануда. Бірақ соның көпшілігі қағаз жүзінде қалып жатқан секілді. Сондықтан болар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі білім саласына жіті көңіл бөліп, əр Жол- дауында нақты тапсырмалар беруде.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Əділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп атаған Жодауында Президент былай деді: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Əрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз.
Осылайша, апатты жағдайдағы жəне үш ауысыммен оқитын мектеп мəселесін толық шешеміз. Бұл ауыл жəне қала мектептерінің айырмашылығын едəуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет жəне əкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек».
Мемлекет басшысының бұл тапсырманы бергені де 1 жыл 5 айдың жүзі болды. Бірақ тапсырма өңірлерде толық орындалып жатыр деп айтуға ауыз бармайды. Керісінше, əлдеқашан ашылуы тиіс болса да ел игілігіне ұсынылмай, қара құлыптың күзетінде тұрған мектеп ғимараттары бар. Мəселен, Жетісай ауданында 2022 жылдың желтоқсанында пайда- лануға беріліп, бұл күнде ішінде балалар таласып білім алып жүруі тиіс мектеп қаңырап əлі бос тұр. Ресми түрде қабылданбағандықтан, сақтық үшін ішке ешкімді кіргізбейді. Жергілікті ұстаздардың сөзіне сенсек, əлі лентасы да қиылмаған жап-жаңа ғимараттың қазірден бастап қабырғаларының сылақтары түсе бастағанға ұқ- сайды. Бəлкім, ұзақ уақыт бойы қабылданбай отыруының себебі де осы болар. Оқушылар партаға отырмай жатып, қайта жөндеу жұмыстарын бастап, қаражатты желге шашпаса болғаны, əйтеуір. Мұндай жағдайға таңқалмайтын халге жеттік емес пе? Заң солқылдақ болмаса осы бір ғана оқиға- ның өзі қаншама жауапты адамды түрмеге тоғытып, қаншасына тиісті жазаға тартқан болар еді.
Тақырыпқа тұздық болған қай мектеп екен деп отырған боларсыз, оны да айтайық. Жетісай ауданы, Асықата кентіндегі əл-Фараби атындағы білім ордасының жанынан қосымша екі қабатты қос ғимарат бой көтерген. Бұл ғимараттар бала симай, оқушылары асханасыз, спорт залсыз білім алып жатқан мектептің жағдайын əжептеуір жақсартуы тиіс еді. Бірақ, оқушылар əлі де ескі ғимаратта қысылып-қымтырылып оқып жатыр. Мектеп басшылығы бір жылдан аса уақыттан бері дайын ғимаратқа балаларды не себепті оқытуға рұқсат берілмей отырғанын білмейді.
Директордың міндетін атқарушы Сəбит Құралов: «Кейбір сыныптарға көрнекілік құралдарды іліп қойдық. Бірақ ғимарат қабылданбағандықтан, бала кіргізуге тыйым салынған. Сынып жетіспегендіктен амалсыз өзіміз жаңа ғимараттың бөлмелеріне жайғастық. Жылу нашар болғандықтан бөлмені қосымша электр құралдарымен жылытуға мəжбүрміз», – дейді. Ал Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асқар Тəтиев мырза: «Бұл нысанға қатысты тапсырыс беруші облыстық Құрылыс басқармасы болып табылады. Қайта-қайта сұрау салудамыз. Балаларды жаңа ғимаратта оқытуға біз де мүдделіміз. Естуімізше ғимарат дайын болғанымен, пайдалануға СЭС рұқсат бермей отыр екен», – деді.
Осы мəселеге орай біз Жетісай ауданының əкімі Серік Мамытов пен білім саласына жауапты орынбасары Марат Айнабековтің де пікірін білгіміз келген, бірақ олармен байланысу мүмкін болмады. Ал облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбек басқармадағы құрылыс саласына жауапты мамандардан мəлімет алып беруге сөз берді. Алайда, арада біраз уақыт өтсе де ешқандай мəлімет ұсынбады. Сонда білдей бас- қармада бір сұраққа нақты жауап беретін адамның болмағаны ма? Осыдан кейін сапа жайында қалай- ша сөз қозғауға болады? Бəлкім бізlі менсінбеген шығар, ал Мемлекет басшысының тапсырмасы аяқ асты болғаны қалай? Мұның жауабын Түркістан облыстық білім басқармасын басқарып отырған Ғалымжан Жұмашевтің өзі айтқаны жөн болар.
Ұлықбек ҮМБЕТ