Тосын сұрақ
Әр адамның өзіндік көзқарасы бар. Соны негізге ала отырып, ой-пікірін айтуға, ортаға салуға әркім-ақ ерікті. Қайшылыққа толы болса да сол пікірді қабылдай білу, сіздің көзқарасыңызбен сәйкес келмесе де өзгенің пікірін тыңдай білу мәдениеті біздің қазіргі қоғамда жетіспейтін байлық. “Тек менікі дұрыс!”, “Оның пікірі қате” деп бірбеткейлікке салыну, өз пікірімен үндеспейтін ой иесін “халық жауына” балау, қоғамның қаскөйіне теңеу басым. Содан да болса керек, әділдік пен әділетсіздік жайлы ойын ашық айтатындар да азайды. Себебі, осы тосын сұрағымызды көлденең тартқанымызда көптеген азамат жауап беруден қашқақтады. Тіпті “ойлану керек екен…” деген сылтаумен көп күттіріп, соңында үнсіз қалуды ұйғарғандар да болды. Бәлкім олар, төмендегі азаматтардың жауабын оқып, “мен де осыны айтпақшы болған едім” дер… Дей берсін.
Сонымен, Сіздің ойыңызша, қоғамдағы ең үлкен әділетсіздікке нені жатқызуға болады?
Серікбай ИБАДУЛЛАЕВ, еңбек ардагері, Түркістан облысының Құрметті азаматы:
-Әділетсіздіктің мына заманда жүрмейтін жері қалмады. Ең бірінші әділетсіздік облысқа жаңа басшы келді дегеннен басталады. Келген басшылар дереу өз ағайынын, ақымақ болса да қызметке тарта бастайды. Бұл меніңше бір жағынан дүние табудың жасырын жолы. Екінші жағынан ағайын сыр шашпайды деп билеп төстеу.
Бір көшенің балалары билікке қолы жетті дегенше қолынан ұрлықтың жолын білетін ағайындарын жердің түбінен болса да тауып әкеліп, қызметке қояды. Сонда ол қызметті бұған дейін атқарып жүрген адам қабілетсіз бе? Ол қызметке лайықсыз болса, кезінде неге оны тағайындады сол орынға? Меніңше, биліктегі адамның қызметке, айналасына тек өзінің туыстарын жинау бүгінгі қоғамдағы ең әділетсіздіктің сорақы түрі.
Сол себептен де болса керек, қазіргі таңда облыс немесе қаланы басқаруға келген азаматтарға қара халықтың көңілі толмайды.
Қоғамдағы әділетсіздікке белшесінен батқан тағы бір сала ол денсаулық саласы. Біздегі медицина іріп-шіріп бітті. Ауырсаң тек ақшаң болса ғана емделе аласың. Оның өзінде порталды да ақшамен аштырып, анализ тапсырып жүріп ауруханаға зорға жатасын. Ол жерде 10 күн емдеген болады. Әрі қарай өлмесең өмірең қап. Бұл әділетсіздіктің баукеспе -ашық түрде ақша табу түрі. Мұны халықтың бәрі біледі. Биліктегілер де хабардар. Алайда, түзету, жақсартуға деген әрекет жоқ. Сондықтан да әкім қаралар елдің сенімінен айрылып барады.
Жекеменшік емдеу жүйесі де, мемлекеттік емдеу жүйесі де елді емдеп жазудан гөрі, ақша табу, бизнес жасау әрекетіне көшіп алған.
Дархан ЖИЕНБАЙ, кәсіпкер, “Болашақ” бағдарламасының түлегі:
-Бүгінгі күннің ең үлкен әділетсіздігі әр адамның
өзіне деген әділетсіздігі.
Өзенде ағып бара жатқан жапырақ іспетті. Қайдан келіп, қайда бара жатқаны жайлы ойланғысы келмейді. Ағыстың ырқымен ағып кете бергенді қолайлы көреді.
Өз өміріне, болашағына ой жүгіртіп, бұл бес күндік өмірдің мәні неде екеніне бас қатырмайды. “Мен не істеп жүрмін? Не істеуім керек?” деген сұрақтарды өз өзіне қойса, бәлкім нағыз әділдікті табар ма еді.
Оны Абай мен Шәкәрім айдан анық айтып кеткен.
“Ақыл мен жан мен өзім
Тән менікі
Мені мен менікінің мағынасы екі
Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан.
Менікі өлсе өлсін оған бекі”
Әрбір қазақ өзінің жан екенін ұғып, мәңгі өлмейтін Құдайдың бөлшегі екенін түсінсе қоғамдағы әділетсіздік өзінен өзі жойылар еді.
Шын таза жан тазалықпен тәңірісіне бармақ ол
Мейірім ынсап әділетпен ағызам деп нұр бұлақ.
Адам жан жұйесін танымаған соң, бар қуатын құлқынына жұмсайды. Құлқындық өмірде кім күшті сол билік құрады. Бай мен кедей бөлінеді. Әділетсіздік жаулайды. Кінәні іштен емес сырттан іздеп әуре сарсаң болады.
Содан келіп “әділдік қайда?” деген сұрақ қайта айналып қойыла береді…
Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, экс мемлекеттік қызметкер:
-Қоғамдағы ең үлкен әділетсіздікке адамның сыртынан ешқандай дәйексіз, негізсіз әңгіме айтуды жатқызар едім. Ол адамның ойында жоқ пікірді танып, оның болмысында жоқ әрекетті, мінезді жапсырып қою жала жабумен тең.
Сонымен бірге, қоғамның кемшілігін, билік басындағы азаматтардың мүлт кеткен қателігін ашыұ айтұан адамды қоғамның қас жауы етіп қоятын топтар көп. “Кемшілікті жоюға атсалысайық, қателікті көрсетіп беріп отырған азаматқа рақмет” деудің орнына оны опозиция деп қабылдап, қоғамнан қақпайлап, ортадан ығыстырып, шеттету нағыз әділетсіздік. Меніңше кемшілікті жасырып, басшыларға өтірік ақпарат беретіндерден гөрі, елдің зарын ашық айтып, келеңсіздікті жоюға шақырған азаматтар мемлекетшіл дер едім. Ол осы қоғамның түзелуіне, мемлекеттің өркендеуіне мүдделі. Сондықтан да кемшілікті ашып айтып, жоюға тырысуда. Ал, халықтың мұңын билікке жеткізбеудің соңы жақсылыққа апармайды. Ол елге, мемлекетке, қоғамға жасалатын қастандық.
Әзірге бізде “барлығы бір адамның пікірімен үйлесу керек” деген позицияны ұстанып әлек. Өзгеше пікір иесін «опозиция» қылып жібереді. Әділетсіздік деген осы.
Сауалнаманы жүргізген Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ