Қоғам Шымкент

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҒЫМДЫ ДА, ЖАҒЫМСЫЗ ДА ЖАЙЛАР БАР…

Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар алаңында кезекті брифинг өткізілді. Брифингте Шымкент әкімдігінің  ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бірқатар жайлар жөнінде мәліметтер берді.

Конституция құрметіне – көмек ақша

Биыл Конституция күніне орай Шымкентте әлеуметтік қолдауды қажет ететіндерге бір реттік әлеуметтік көмек қаржысы төленуде. Мүгедектігі бар балаларға 5 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде (19 660 теңге), ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 20 АЕК көлемінде (78 640 теңге) жәрдем ақша беріледі. Төлемдер мүгедектігі бар 8323 және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 673 балаға жүргізілуде. Төлемді алу үшін арнайы өтінім берудің қажеті жоқ, барлығы автоматты түрде, мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Мүгедектігі бар балаларға қаражат олардың ата-аналарының әлеуметтік есеп-шоттары арқылы түседі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға олардың заңды қамқоршысының атына аударылады. Ескеретін жайт – баланың тіркеуі Шымкентте болуы тиіс. Басқадай жағдайда ол көмектен қағылуы мүмкін.

«Мектепке жолдың» шапағаты

Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде 1300 мектепті жаңғырту жүріп жатыр. Бізде ондай 26 мектеп бар. Олардың 9-ы реновациядан өтуде, жұмыстар жаңа оқу жылының басталуына дейін аяқталады. «Таскен» мен «Тельмандағы» екі жаңа мектептің құрылысы толық біткен, оқушылар қабылдау үстінде.

Бүгінде «Мектепке жол» республикалық акциясы жүріп жатыр.  Аз қамтылған отбасы балаларына 46 500 теңге жәрдемақы қарастырылған. Бұған дейін ол мемлекеттік мектепте оқитындарға беріліп келген болса, биылдан бастап жекеменшік мектепте оқитындарға да берілуде. Мемлекеттік мектептерде олардың саны – 56 430, бұл балалар үшін 2 623 995 000 теңге қаралған. Жекеменшік мектептерде оқитын 7778 балаға 361 677 000 теңге қарастырылып отыр.

Мемлекеттік және жекеменшік мектептердің 1-4-сыныптарындағы 100 425 оқушы үшін ыстық тамаққа бөлінетін қаржы 9 947 698 теңгені құрайды. Биыл 5-11-сыныптардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалары да осындай ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Биылғы оқу жылында ондай санаттағы 31 967 бала бар, оларға арнап жергілікті бюджеттен 3 590 339 теңге бағытталады. Тамақтың қауіпсіздігін, тағамның құрамын, сапасын  биылдан бастап қалалық денсаулық сақтау басқармасы қадағалайтын болады.

Шымкентке – 247 грант

Биыл жоғары оқу орнына түсетіндерге арнап қала әкімінің гранты бөлініп отыр. Бұл жолы да былтырғыдай 285 грант бөлінген. Гранттар комиссия арқылы сараланып, егжей-тегжейлі зерттеліп-зерделене отырып нарықтағы сұранысқа сай мамандықтарға бөлінген. Бұған байланысты жарияланған конкурсқа 10 жоғары оқу орны өтінім берген, комиссия өтінімдерді қарай келіп гранттарды осының 6-уына бөлді. Бөлінген гранттар бойынша білім беру құқына ие болған оқу орындарының 3-уі Шымкенттен. Олар: М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогика университеті және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы. Бұл оқу орындары тиісінше 226, 20 және 1 орынға ие болып отыр. Қалған 3 жоғары оқу орны Алматы қаласында орналасқан.

Президент Қ.Тоқаев биылғы сәуір айындағы Шымкентке жұмыс сапары барысында қаладағы бұрынғы мәдениет институтын қалпына келтіріп, мәдениет және өнер университеті етіп құру жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, қала әкімдігі тарапынан қаулы әзірленіп,  Үкіметке қол қоюға жолданған. Болашақта қалада мәдениет және өнер университеті пайда болмақ. Оған кадрлар қажет болатынын ескере отырып Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына да 23 орын қарастырылған. Олар келешекте тек мәдениет және өнер университетінде ғана емес, қаламыздағы басқа да мәдениет ошақтарында еңбек ететін болады. Сондай-ақ М.Тынышбаев атындағы университетке 5 грант беріліп отыр.

Әкімнің грантына ие боламын деген талапкерлерден өтініштер қабылданған. Оны қалалық білім басқармасының комиссиясы қарап, тапсырылған құжаттарды саралап, талапқа сай грант иегерлерін іріктеп шығарады, оларға арнайы сертификаттар тапсырады.

26 үй күрделі жөндеуден өтеді

2025-жылы қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» серіктестігі тарапынан қаладағы 26 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінде әл-Фараби ауданы бойынша  5 үй күрделі жөндеуден өткен. Әл-Фараби ауданы бойынша – 15,  Еңбекші ауданында – 2, Тұран ауданында 4 үйдің күрделі жөндеуі жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар қаладағы 17 көпқабатты үйде жеделсатыларды жаңарту жоспарланған. Ол жұмыстар да жыл соңына дейін толық аяқталатын болады.

Алаяқтық азаяр емес

Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 181 іс тіркелген. Алаяқтық қылмыстар бірінші орында тұр, олардың саны – 61. Соның ішінде 21 интернет-алаяқтық,  4 инвестиция құюмен ақшаны көбейту туралы жалған жарнама беру, 12 банк қызметкері, байланыс операторы,  мемлекеттік қызметкер ретінде жалған қоңырау шалуды ұйымдастыру,  2 несие рәсімдеу арқылы алдау оқиғалары тіркеліп отыр. Мысалы, К. есімді әйел  өзінің танысына мемлекет тарапынан пәтер әперемін деп басқа бір жәбірленушінің 4 миллион теңге ақшасын  алаяқтық жолмен иеленіп кеткен.

Осы орайда С.Құранбек мынадай да бір жай туралы айта кетті:

«Менің де инстаграм-парақшама бір кісілер бір жалған сертификат жіберіп: «Сіздің атыңыздан пәтер алып береміз деп айтып жатыр», — деп хат жолдады. Мен мұны да алаяқтық іс деп білем. Себебі ол жерде көрсетілген аты-жөн менің аты-жөнім емес. Маған мүлде қатысы жоқ тұлға. Екіншіден, менің жетекшілік ететін салама тұрғын үй басқармасына қатысты нәрселер кірмейді. Мен тұрғын үй басқармасының бірде-бір құжатына ешқашан қол қойған емеспін. Мұндайға алданбаңыздар, құрметті қала тұрғындары! Мұның бәрі жалған, алаяқтық іс-әрекеттер екенін айтқым келеді», — деді Сәрсен Абайұлы.

Жалпы, қалада жоғарыда айтылғандарға мағыналас алаяқтық фактілері күнделікті дерлік тіркелуде екен. Бұдан бөлек, өткен аптада тіркелген істер қатарында ұрлыққа қатысты – 46, жол-көлік оқиғаларына қатысты 9 іс бар. Осы жол-көлік оқиғаларының қатарында көлікті масаң күйде жүргізген 1 оқиға тіркелген.

Есірткіден абайлаңыз!

Интернет желісі арқылы есірткі заттарын жарнамалау мен тарату да бүгінде үлкен мәселе болып отыр. Өткен аптада есірткінің заңсыз айналымы бойынша  10 адам ұсталған. Соның ішінде 6-ауы – 18-30 жас аралығындағы, 4-еуі 30-60 жас аралығындағы азаматтар. Бәрі де жұмыссыз адамдар.

6 айда 171 мәрте құқық бұзғандар бар

Қалалық прокуратура бірнеше мәрте әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдар бойынша талдау жүргізген. Әкімшілік құқық бұзушылықтарды 3 және одан да көп жасаған 44 939 адамның тізімі қалыптастырылған. Құқық бұзушылықтардың ішіндегі ең көбі – көліктегі құқық бұзушылықтар. Мысалы, Е. деген азамат биылғы жылдың 6 айында  171 мәрте құқық бұзған. Мүліктерін қарау кезінде оның атына шамамен  50 шақты көлік тіркелгені анықталған. Ал А. деген әйел өткен 6 айда 130 рет әкімшілік құқық бұзған. Б. деген азаматтың да көрсеткіші – 130 құқық бұзу. Е деген азамат 54 мәрте, К. және С. деген азаматтар тиісінше 48 реттен әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.

Сондай-ақ  отбасындағы құқыққа қарсы әрекеттер,  алкоголь тұтыну немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу бойынша бірнеше құқық бұзушылық жасағандар да бар. Мысалы, К. деген азамат 2023-жылы бір рет,  2024-жылы бір рет және  2025-жылы екі рет әкімшілік жауапқа тартылған. Соңғы мәрте ҚК 108/1 бабы бойынша оған қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шыққан.

Шымкенттің Н. деген тұрғыны 2019-жылы әйелінің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін жауапқа тартылған. Ал биыл ҚК 108/1 бабы 1-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот үкімі шыққан. Барлық жайлар да алкоголь тұтыну салдарынан өршіген. Жалпы, мұндай қылмыстың бәрі алкоголь тұтынантын, алкогольге тәуелді адамдардың тарапынан болып отыр.

Әкімшілік құқық бұзу көп

Биыл алкогольді масаң күйдегі жандар тарапынан 2276 әкімшілік құқық бұзушылық жасалған.  Ал 2024-жылғы 7 айда олардың жалпы саны 926 болған. Яғни масаң күйдегі әкімшілік құқық бұзушылықтар саны өсіп отыр. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер былтырғы жылы 227 болса, биыл 790-ға дейін өскен. Қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар былтырғы жылдың 7 айында 310 болса, биыл 725 болды. Ортақ пайдаланылатын орынды ластау былтырғы жылғы 7 айда 18 болса, биылғы 7 айда олардың қатары  39-ға жетіп отыр. Тыныштықты бұзу 25 болса, биыл  65-ті құрады. Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру былтыр 3 болса, биыл 10-ға жеткен. Алкогольді ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда масаң  күйде жүру өткен жылдың 7 айында  223 болған, биыл 504-ке жеткен. Қоғамдық орындарда өзгелердің ар-намысына тию былтыр 30 факт болса, биыл ол 39 болған.

Төмендеген көрсеткіштер де бар. Мысалы, алкогольді масаң жайда қылмыстық құқық бұзушылық биыл біршама төмендеген. Былтырғы 7 айда 47 болса, биылғы 7 айда 30-ды құрап отыр. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру былтыр 3, биыл 2. Адамның иммун тапшылығын жұқтыру – 1. Былтыр ондай болмаған. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері – 1.  Ұрлық – 1, тонау – 1, бұзақылық – 1.

Жалпы, осының бәрін жұрт БАҚ арқылы біліп жүргені дұрыс. Заң мен тәртіпті күшейту мақсатындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табе бермек.

Д. ОРАЗ.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *