Әр халықтың тарихи жадын сақтайтын негізгі орын – музей. Ұлттық бірегейлік, тарихи сана мен мәдени құндылықтар осы кеңістікте жүйеленіп, ғылыми негізде таныстырылады. Әрбір жәдігер – белгілі бір дәуірдің тынысын, сол кезең адамдарының дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін үнсіз куәгер. Қыш ыдыс, қару-жарақ, зергерлік бұйым немесе қолжазба – барлығы да ақпарат сақтаушы мәдени мәтін іспетті.
Қазақстандағы музейлер тәуелсіздік жылдары жаңа мазмұнмен толықты. Археологиялық зерттеулер, этнографиялық экспедициялар және реставрациялық жұмыстар ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталды. Бүгінде музей көне заттарды сақтайтын орын ғана емес, мәдени коммуникация кеңістігіне айналды. Мұнда жәдігер мен қоғам арасында рухани әрі танымдық байланыс қалыптасады.
Мәселен, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қорындағы археологиялық олжалар Отырар өркениетінің жоғары деңгейін дәлелдейді. Бұл жәдігерлер арқылы келушілер ортағасырлық қала мәдениетін, сауда байланыстарын және қолөнер дәстүрін көз алдына елестете алады. Осылайша тарихи зат қоғаммен «сөйлесетін» дерек көзіне айналады.
Музейлік коммуникация – өткен мен бүгіннің, зат пен адам санасының, тарихи дерек пен қазіргі түсініктің өзара байланысын білдіретін үдеріс. Экспозиция барысында экспонаттар тек көрсетіліп қана қоймай, түсіндіріліп, салыстырылып, ғылыми тұрғыдан талданады. Осы арқылы қарапайым зат мәдени құндылыққа айналады.
Музейлік коммуникацияның негізгі тетігі – интерпретация, яғни жәдігердің мәнін ашу. Зат өздігінен мағына бермейді, оның мазмұны ғылыми түсіндіру мен мәдени контекст арқылы айқындалады. Экспозициялық мәтіндер, мультимедиялық құралдар, экскурсиялар мен интерактивті бағдарламалар жәдігер мазмұнын заманауи аудиторияға түсінікті етуге бағытталған. Әсіресе жас ұрпақ үшін визуалды және цифрлық форматтағы түсіндіру тәсілдері маңызды.
Қазіргі таңда көптеген музейлер виртуалды турлар, QR-кодтар және аудиогидтер арқылы келушілермен жаңа форматта байланыс орнатуда. Бұл – дәстүрлі музей ісінің заманауи технологиялармен ұштасуының көрінісі болып табылды.
Музей мәдени диалог алаңы ретінде де маңызды рөл атқарады. Бүгінгі музейлер тек ақпарат таратумен шектелмей, қоғам пікірін ескеретін ашық кеңістікке айналып келеді. Дәрістер, көрмелер, дөңгелек үстелдер және шеберлік сабақтары мәдени диалогтың негізгі формаларына жатады. Осындай іс-шаралар арқылы музей өткенді таныстырып қана қоймай, қазіргі қоғамдық мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
XXI ғасырдағы музей дәстүрлі ұғымнан әлдеқайда кең әрі көпқырлы қызмет атқаратын орталыққа айналды. Қазір музей тек жәдігерлерді сақтау және көрсетуге ғана жауап бермейді; ол білім беру, ғылыми зерттеу, мәдени-ағартушылық және әлеуметтік қызметтің маңызды мекені болып отыр. Мұндай музей қоғам өміріне белсенді қатысады, өйткені ол тарихты сақтау арқылы ғана емес, оны түсіндіру, қоғамға жеткізу және адамдардың мәдени танымын дамыту арқылы да жұмыс істейді.
Заманауи музейдің басты ерекшелігі – инклюзивтілік. Қоғамның барлық әлеуметтік топтарына қолжетімді болу, әр жасқа, әр ұлтқа, әр түрлі қабілеті бар адамдарға музейлік білім беру мүмкіндігін ашу – мәдени демократияның нақты көрінісі. Бұл тек физикалық қолжетімділікпен шектелмейді: экскурсиялар, білім беру бағдарламалары, онлайн шеберлік сыныптары, интерактивті көрмелер арқылы музейлер барлығына теңдей тәжірибе ұсынады.
Цифрландыру музей жұмысына тың серпін берді. Электронды каталогтар, онлайн көрмелер, виртуалды турлар, цифрлық архивтер музей қорының әлемдік аудиторияға қолжетімді болуына жол ашып отыр. Енді жәдігерлерді қашықтан зерттеу немесе виртуалды түрде көріп-білу мүмкіндігі бар, бұл жастар мен шетелдік зерттеушілер үшін үлкен артықшылық.
Осы бағытты одан әрі дамытуда жасанды интеллект (ЖИ) жаңа мүмкіндіктер ашады. Мысалы, ЖИ арқылы музей экспонаттарының 3D моделін жасау, виртуалды экскурсияларды интерактивті ету, жәдігерлер туралы сұрақтарға автоматты түрде түсініктеме беру мүмкіндігі пайда болды. ЖИ технологиясы тарихи деректерді талдап, мәдени ақпаратты әр келушінің қызығушылығына қарай бейімдей алады. Бұл музей мен келуші арасындағы диалогты тиімді әрі жеке қылып, білім алуды қызықты әрі интерактивті етеді.
Сонымен қатар ЖИ музейде ғылыми зерттеу жұмыстарын жеделдетуге көмектеседі. Археологиялық қазба материалдарын жүйелеу, жәдігерлерді даталау, керамика мен зооморфты бейнелерді салыстыру сияқты күрделі жұмыстар ЖИ арқылы тез және дәл жүргізіледі. Бұл зерттеушілерге тарихи процестерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Заманауи музей сонымен қатар әлеуметтік рөлге ие. Ол қауымдық жобаларды, дәстүрлі өнер мен қазіргі шығармашылықты қолдауды, мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алады. Мысалы, шеберлік сабақтары, дәстүрлі қолөнер фестивальдері, жас ұрпаққа арналған тарихи ойындар – музей мен қоғам арасындағы мәдени диалогтың тұрақты платформасы болып табылады. Сөйтіп, XXI ғасырдағы музей – бұл тек тарих пен мәдениетті сақтайтын орын ғана емес, ол білім, ғылым, технология және мәдениет орталығына айналды. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану арқылы музей әртүрлі аудитория үшін ашық, тартымды және интерактивті мәдени алаңға айналады. Ол өткен мен бүгінді байланыстырып, адамдарға тарихи тәжірибе мен мәдени құндылықтарды тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.
Ү.Жұмабайқызы,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық
музей-қорығының ғылыми қызметкері.
