Uncategorized Басты жаңалықтар

КЕЛЕСТЕГІ ҚАНДЫ ОҚИҒА

себеп-салдары қандай?

Өткен аптада Келес ауданындағы жантүршігерлік қанды оқиға естіген елді дүр сілкіндірді. «Мектеп мұғалімі оқушы қызды зорлап, қызды да анасын да айуандықпен өлтіріп кетті» деген сөз ел арасына тез тарады. Екі адамның жауыздықпен өлтірілгені шындық. Осынау жауыздыққа себепші болған не? Қылмыскер ұсталды ма? Ұсталса қолымен істегенін қалай түсіндіруде? Көптің көкейіндегі көп сауал осыған саяды.  

Неге екені белгісіз, құзырлы органдер әлі де нақты мәлімет таратуға асығар емес. Соның салдарынан әлеуметтік желіде «Олай болыпты, былай болыпты» деп алыста отырып-ақ сәуегейлік танытушылар, негізсіз ақпарат таратушылар көбейе түсуде. Құзырлы органдар ресми ақпаратты жасырған сайын ел арасында осындай алып-қашпа әңгіменің жүретін әдеті ғой.

Оның үстіне әлеуметтік желіге әділдік іздеген апалы-сіңлілі Ақдидар мен Райхан Толғанбаевалардың ел Президентіне, Үкімет басшысына, ҚР Бас прокурорына, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға арнап үндеу жариялап, көмек сұраған видеожазбасы жарияланды. Онда олар қылмыскердің лайықты жазаға тартылуын талап ете отырып, өздеріне әлі де қауіп төніп жатқанын, жан-жақты үркіту, қорқыту, «шулата бермеңдер!» деген сыңайдағы ұсыныстар айтылып жатқанын да жасырмады.

 Ал ел ішінде бұл оқиғаға қатысты өсек, қураған шөпке тиген өрт секілді күн өткен сайын жалыны төңіректі шарпып барады. Біреулер күдікті жігіт ішіп алыпты десе, екіншілері «шегіп алған» дейді. Тіпті «жалғыз емес екен. Қасында көмектескен сыбайластары да болыпты» деген үшінші болжамды айтуда. Ресми ақпаратты жасырған сайын қоғам осылай дүрліге беретінін құзырлы органдар қашан түсінер екен?! Елге нақты мәлімет керек.

Алаң көңіл елге там-тұмдап болса да ресми ақпаратты жеткізбекке ұмтылып, журналистік зерттеу жүргізе отырып, ресми органдардан оқиғаның қалай болғанын сұрап білуге тырыстық.

Бірінші болып күдікті қызмет атқарды делінген Келес ауданының Біртілек ауылдық округіне қарасты Ораз ата елдімекенінде орналасқан Т.Бигелдинов атындағы №13 мектептің директоры Жандос Отаринге хабарластық. «Тергеуге кері әсерін тигізбеу үшін, полиция қандайда бір мәлімет таратпауымды ескертті» деген ол қылмыстық оқиғаға қатысты ұсталған азаматтың «Мансап» орталығы арқылы «Жастар практикасы» бағдарламасымен мектепке мұғалім болып орналасқанын айтты. «Бірақ ол өткен жылы өз еркімен жұмыстан шығып кеткен» деді.
Мәселеге орай Келес аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Сәттар Отыншиев қылмыс жасады делінген күдіктінің ұсталып, тергеу изоляторына қамалғанын, айғақ заттар алынып, жасаған қылмысының бәрін мойындағанын, іске қатысты жан-жақты сараптама жасалынатынын да айтты. Полицейдің айтуынша күдіктінің «ішкені, шеккенін» сараптама қорытындысы шыққанда ғана біле аламыз.

Ал аудандағы «Мансап» орталығының мамандары ұсталған азаматқа расында да 2023 жылдың ақпан айында «Жастар практикасы» бағдарламасымен аталған мектепке қызметке тұруға жолдама берілгенін айтты. «2023 жылдың ақпан айында қызметке орналасып, сол жылдың желтоқсан айында жұмыстан өз еркімен кеткен» дейді орталық мамандары. Қазір елімізде жасы 35-ке дейінгі және диплом алғанына әлі 5 жыл толмаған жастарға «Жастар парктикасы» бағдарламасы арқылы жұмыс тауып беру ісін «Мансап» орталығы үйлестіретін болған. Күдікті деп танылған азаматтың осы орталыққа келіп, жұмыс іздеп жүргені анықталған соң аталған мектепке бір жылға денешынықтыру пәнінің мұғалімі болуға жолдама берілген.  

Әрине, мұның соңы, Келестегі Ораз ата елдімекенінде орналасқан Т.Бигелдинов атындағы №13 мектептің асханасында аспаз болып еңбек еткен Зәрипа мен оның 16 жастағы қызы дәл осы денешынықтыру пәні мұғалімінен зәбір көреміз деп ойламаса керек-ті.

Марқұм Зәрипамен ұзақ жыл бірге еңбек еткен, жақын құрбысы Сәуле Қуандықова қанды оқиға туралы былай дейді: «Біз ауылдағы «Шапағат» балабақшасында бірге қызмет атқардық. Зәрипа өткен жылы мектептің асханасына ауысты. Мектеп пен балабақша арасы алыс емес. Күнде кездесіп, көрісіп тұрдық. Күйеуі біраз жыл бұрын жұмбақ жағдайда қаза болған. Артында қалған үш қызын жетілдіру үшін Зәрипа кей күндері түнгі жұмыстарға да шығатын. Той-жиындарда ыдыс жуу, қонақ күтетін үйдің дастархан мәзірін жасасып беру сияқты ауылды жерде бір күндіқ тірлік табылады ғой.  

Қылмыс оқиғасы болған түні оқыс дауысты естіген көршісі секем алып, Зәрипаның үйіне барған. Есігін қаққанда іштен жауап болмапты. «Ұйықтап жатыр екен» деп қайтып бара жатқанда біреудің қинала ыңырсыған даусын естиді. Содан үйге қайта кірмек болғанда есіктен атып шығып қашқан адамды танып қалады. Ол осы ауылдың 30 жасар тұрғыны екен. 3 баласы бар, әйелі тағы бір балаға жүкті, мектептің бұрынғы денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Әкесі мен шешесі де ауылдағы Т.Бегелдинов атындағы мектепте жұмыс істейді.

Өткен жылы мектепте жұмыс істеп жүрген кезде 9 сыныптағы Нүрияға әртүрлі хат жазып, қырындаған екен. Зәрипа оны директорға айтып, мектептен қудырып жіберген болатын. Мен сол кезде «оны соттатып жіберу керек еді…» дегенімде құрбым «ата-анасы келіп кешірім сұрады, екінші қайталамайды деді. Соттатсам кектеніп, кейін қыздарыма зияны тиіп жүрер» деп кешірім бергенін айтып еді. Ал ол сонда да кек сақтап жүрген екен ғой. Сол кезде соттатқанда мұндай қайғылы жағдай орын алмас еді. Қанішерге аяушылық болмау керек. Өмір бойына соттамас бұрын кастрация жасап, басқаларға сабақ болу үшін оның барлығын ашық сот арқылы көпшілікке көрсету керек».

Біз сұрастырып, мәйітті жуындарған адамдардың бірін де таптық. Ол кісі сол үйдің ең жақын жанашыры Гүлшат Байболатова екен. «Мұндай жауыздықты көрмек былай тұрсын, естіген де емеспін. Адам есік алдындағы күшікті де олай азаптап қинамайды. Жауыз бірінші ұйықтап жатқан Зәрипаны басынан таспен ұрып өлтірген. Сол кезде Нүрия оянып кетіп қарсылық білдірсе керек, оның басынан аяусыз ұрған. Үйдің қабырғасы мен едендері қан. Басынан ұра берген ғой…»

Қайғыдан қан жұтып отырса да мәселенің мән-жайын өз ауыздарынан есту үшін марқұмдардың отбасына хабарластық. Телефон тұтқасын көтерген Ақдидар Толғанбаева «қылмыстық оқиға туралы инстаграм желісіне ақпарат салғанымда Келес аудандық полиция бөлімінен подполковник Мұрат Әділханұлы шақырып алып, әлеуметтік желідегі жазбалардың бәрін өшіруді, әйтпесе 600 мың теңге көлемінде айып төлетіп немесе 15 күнге қамалатынымызды айтып қорқытты» деді. Бұл не? Болған істі жабуға әрекет ету ме, әлде басқа себебі бар ма? Анасы мен сіңлісінен бірдей, қандықол қылмыскердің кесірінен айырылып отырған адамды «қамаймыз немесе айыппұл төлейсің» деп қорқытып үркіту не үшін керек болды?  

Қалай дегенмен де бұл оқиға тыныш жатқан елдің ашуын тудырғаны анық. Содан да болар ауыл тұрғындары жиналып, қылмыскердің отбасына ауылдан көшіп кету туралы талап қойған. Ол талап орындалмаса тұрғындар қылмыскерді өздері жазалайтынын айтып ашынуда.

Тұрғындардың талабы қалай шешілмек? Жалпы оқушы қыздарға «қырындағыш» мұғалімнің мектепке қалай орналасқаны туралы жәй-жапсарын білмек болып Біртілек ауылдық округінің әкімі Бақтияр Нұрымбетов, Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Рахат Жайлаубай мен аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевке бірнеше рет хабарласқанымызбен сөйлесу мүмкін болмады. Қоңырау барып тұрғанымен телефондарын алмай қойды. Сол себепті олардың пікірін алдағы уақытқа қалдыра отырып, осы оқиғаның себебі мен салдары туралы да сөз қозғап кеткенді дұрыс көрдік.

Қылмыскер ретінде күдікке ілінген азамат 30 дан асқанға дейін жол-бойында қауын-қарбыз сатумен айналысып келеді екен. Мұны ауыл тұрғындары да растап отыр. «Оның қай кезде студент атанып, қай кезде мұғалімдік диплом алғанын түсінбедік. Біз көргелі жол бойында сауда жасап отыратын бала» деген олар әлі де болса оның дипломды сатып алып мектепке тамыр-таныстықпен орналасқанын айтады. Анасы сол мектепте мұғалім. Әкесі де техникалық қызметші ретінде сол мектепте еңбек етеді екен. Құзырлы орган мамандары бұл деректі де тексергені абзал.

Мектепке көшеден келгеннің бәрін мұғалім етіп алу қаншалықты заңды? Ол адамның психикалық жағдайы сарапқа салынбайтын ба еді? Баламызға білім мен тәрбие береді деген мектепте адам өлтіруші, қатігез, психикалық ауытқуы бар адамдардың мұғалім болып жүруі дұрыс па? Қорқынышты.

«Күдікті аталмыш мектепке түбегейлі жұмысқа орналасуы мүмкін еді, бірақ нәпсісін тияалмайтын көрсеқызарлығының салдарынан, жас оқушы қызға «қырындаймын» деп жұмыстан қуылды. Оның Нүрия секілді қаншама қыздың тағдырын ойыншық қылғысы келіп хат жазып, сөз айтқаны белгісіз. Мүмкін олар ойын сыртқа шығара алмай, қорқып жүрген де шығар-ау» дейтіндер де ауылдан табылып отыр.

Жалпы, ауыл тұрғындары «ол отбасы ауылдан көшсін деп отыр». Ашынған елдің талабы да орынды. Ұл-қызына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана мектепте мұғалім боп қалай жүрмек? Өзгенің баласына не тәрбие бермек? Бұл ауылдан көшсе де қылмыскердің ата-анасы өзге ауылға барып мұғалім болып қалай жұмысқа тұрады?
Қалай болғанда да Келестегі қанды оқиғаға қатысты сұрақ көп болып тұр. Бірақ оған әзірге нақты жауап беретін ешкім көрінбейді. Бастысы бұл істе ақ-қарасы анықталып, қылмыскер заң жүзінде әділ жазасын алуы қажет. Олай болмаған жағдайда ауыл тұрғындары елде әділдік барына сенуден қалады.

БАЛҚЫ БАЗАР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *