Шымкент

Шымкентке Үкімет басшысы келіп кетті

Нені көрді? Не тексерді?

Қазақстан республикасының Премьер-Министр Олжас Бектенов Шымкентке жасаған іс-сапары барысында ең алдымен мегаполистегі инвесторлардың жайымен танысты. Жергілікті билік тарапынан оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулардың барысын саралады. Отандық кәсіпорындардың өнімімен танысып сапасына мән берді.

Әрине, ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында аймақта қолға алынуы қажет жобаларды, ел экономикасын дамытудың алғышарттары туралы қала билігіне тапсырмалар жүктеді.  

Премьер-Министр Шымкентте жаңадан салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен де танысты. Әсіресе, жол құрылысы бойынша,  Шымкент қаласының бас жоспарында бекітілген нысандардың жүзеге асуы бойынша сала мамандарынан егжей-тегжейлі мәлімет сұрады. Жауапты мамандар Үкімет басшысына жыл соңына дейін 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары туралы баяндады. Биыл жыл соңына дейін 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тұрғын аудандарда жайлы мектептер, емханалар, заманауи спорт кешендерінің, сондай-ақ Оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Премьер-Министр Шымкентте 36 тұрғын үй салынып жатқан Ақжайық шағын ауданын аралап көрді. Тұрғын үйлердің құрылыс сапасына және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін одан әрі арттыру қажеттігіне назар аударды.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қаланы айналып өтетін транзиттік көліктің өтуін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28,2 шақырымдық «Қорғас-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасы шекарасы» А-2 автожолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы Үкімет басшысына баяндады.

Қаланың одан әрі дамуы, өндірістік қуаттардың кеңеюі және жаңа инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуы тұрақты және үздіксіз энергиямен жабдықтауды талап ететіні атап өтілді. Бүгінгі таңда Шымкентте жеке өндірілетін энергияның жалпы қуаты 120 МВт құрайды, сонымен бірге қала 400 МВт, сұраныстың ең жоғары кезеңдерде – 500 МВт қуатты тұтынады.

Жұмыс сапары барысында Қазақстанның Премьер-Министрі ауыл шаруашылығындағы өңдеу, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларының өкілдерімен де кездесті. Президент Жолдауындағы өнеркәсіптік әлеуетті толық ашу және экономика өсімінің жаңа нүктелерін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру барысы мен шаралары туралы өнеркәсіп саласы мамандарымен талқылады. Олжас Бектенов қаланың өнеркәсіптік әлеуетімен танысу барысында «Химфарм» фармацевтикалық зауытында болды. Бұл кәсіпорын жыл сайын 1 млрд бірлікке дейін таблеткалар, капсулалар мен түйіршіктер, 250 млн ампула инъекциялық ерітінділер және басқасын шығаруға мүмкіндігі бар. Фармацевтикалық кәсіпорын 89 аталым бойынша дәрілік заттарды шығарады. Қаланың фармацевтика саласында кәсіпорынның үлесі 99,2%-ды, республика бойынша – 43%-ды құрайды. Кәсіпорында 897 адам жұмыс істейді. Қызметкерлер Еуропа елдерінде үнемі бейіндік оқытудан және біліктілігін арттырудан өтеді. Үкімет басшысы фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін одан әрі арттырудың маңызын атап өтті.

Шымкент қаласының Алтынтөбе елдімекеніндегі «Алан және Компаниясында» болған Үкімет басшысына джем мен шырын өндіретін кәсіпорын туралы мол мағлұмат берілді. Зауыт сағатына 7 тоннаға дейін көкөніс пен жемістерді өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталған. 45 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылған, алма, шабдалы, алмұрт және жүзім өсіріледі. Компанияға «Инвестициялық салымдар кезінде АӨК субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Импортты алмастыру мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспарға саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі қадамдар енгізілді. Ол үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, сақтау сыйымдылықтары мен технологиялық жабдықтарды жаңғырту үшін инвестицияларды белсенді тарту, сондай-ақ қосымша өндірістік қуаттарды құру көзделген. Премьер-Министр аталған шаралар салаға елеулі қолдау көрсететінін және отандық қайта өңделген өнімдер өндірісін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл ішкі нарықты толтыруға және импортты алмастыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

 «Оңтүстік» индустриялды аймағының аумағында Үкімет басшысы сусындарға арналған алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорында болды. Үкімет басшысы сондай-ақ «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытында түрлі отын түрлерін өндірудің технологиялық тізбегімен, The Coca-Cola Company сауда белгілері бар алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауытпен танысты. Премьер-Министр жергілікті жерлерде инвесторларға көрсетілетін қолдау шараларына, сондай-ақ олар шығаратын өнімнің сапасын үнемі арттырудың маңызына назар аударды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында дамудың ары қарайғы келешегіне назар аударылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *