Шымкент

Мегаполис мүлкін түгендеп жатыр

       Газетімізде бұған дейін де жазғанымыздай, Түркістан облысы құрылып, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген кезде облыс меншігінде қалып қойған кейбір нысандар Шымкент қалалық әкімдігіне қайтарылып жатыр. Бұл орайда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігін арттыру және жергілікті бюджеттен ғимараттарды жалға беру құнын оңтайландыру мақсатында Түркістан облысының әкімімен келіссөздер жүргізген болатын. Нәтижесінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бірқатар нысандарды коммуналдық меншікке өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Екі жақты арнайы Жол картасы әзірленіп, қазіргі таңда бірінші кезең бойынша 7 нысанды мегаполистің коммуналдық меншігіне қайтару жұмыстары жүруде. Атап айтсақ, Республика даңғылы 41/8-үйдегі білім басқармасының ғимараты, Әл-Фараби алаңындағы кітапхана, үш тілде оқытатын 500 орынды Маржан Тасова атындағы №12 мамандандырылған мектеп-интернаты КММ және Абай ауданындағы темір жол желісі бойынша шешімдер қабылданған. Ал, Тәуке хан даңғылы, 6-шы үйдегі әкімшілік ғимаратын, Қазыбек би көшесі, 9-үйдегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ғимаратын қаланың меншігіне өткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылы Орталық саябақта орналасқан «Қоғамдық келісім» КММ ғимараты қала балансына берілмек.

Айта кету керек, жергілікті мекемелерді өз ғимараттарымен қамтамасыз ету қала бюджетіне түсетін шығынды азайтып, үнемделген қаржы қаланы дамытуға жұмсалады. Оның үстіне қазір Шымкент қаласында орналасқан облыстық мекемелер Түркістан облысындағы жаңадан салынып жатқан ғимараттарға көшіп, босағаны бірте-бірте қаланың коммуналдық меншігіне өтеді. Бұл орайда кезінде сенімгерлікке берілген нысандар да өз уәдесінде тұрмаған кәсіпкерлерден қайта алынып жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, қалалық №13 және №2 емхана мемлекетке қайтарылды. 45 мыңнан аса адам тіркелген аталған медициналық мекемелер 2021 жылы жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген еді. Келісім шартқа сәйкес материалдық база жаңартылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс болған, алайда, міндеттемелер толық орындалмаған. Сапалы медициналық қызмет көрсетілмегендіктен, емхана жұмысына науқастар тарапынан жиі шағым түскен. Елдің үмітін ақтай алмаған кәсіпкерден нысанды қайтарып алу жөніндегі шешім қабылданып, емханалар мемлекетке қайтарылды. Қазір №13 емхана аккредиттеуден өтіп, мекеме үшін қажетті жаңа жабдықтар бюджет есебінен сатып алынуда. Орайы келгенде айта кетейік, Жыланбұзған елді мекенінде биыл дәрігерлік амбулатория ашылды. Қаладағы медициналық ұйымдардың 2023 жылмен салыстырғанда дәрілік заттармен қамтамасыз етілуі 3 есеге өсіп отыр.

Өз мүлкін түгендеп қана қоймай, оны таза, сәнді етіп ұстап тұруға да басымдық беріп отырған сала мамандары осы аптада қала басшысының тапсырмасына сәйкес басты көшелердегі тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін бірыңғай ету мақсатында көпқабатты 62 тұрғын үйдің қасбеттерін жаңартуды бастағандарын айтты. Жергілікті бюджеттен қаралған қаражат есебінен қазір көпқабатты 46 тұрғын үйдің қасбеті ретке келтірілуде. Қалған 16 тұрғын үй бойынша мердігер мекемелер анықталып, олармен тиісті келісім шарт жасасу жұмыстары жүргізілуде.

Осылайша Әл-Фараби ауданы бойынша – 32, Қаратау ауданында – 18, Тұран ауданы бойынша — 12 тұрғын үйдің қасбеті реттелетін болады. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *