Шымкент қаласының жылдан-жылға көркейіп келе жатқанын көріп, көңілің өседі. Дегенмен кейбір келеңсіз жайлар әлі де бар. Мысалы, көше атауларында, көрнекі құралдарда, жарнамаларда өріп жүрген қателерге ешкім де көңіл бөліп, ойланбайтын сияқты. Солардың бірқатарын ғана атап өтейік.
Жерлесіміз – қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов атындағы көшенің кейбір үйлерінде «Н.Төреқұлова» деп қате жазылған. Тағы бір даңқты жерлесіміз – Кеңес Одағының Батыры Абылай Әлімбетов атындағы көшенің кейбір үйлеріндегі «Ә.Әлімбетов», «А.Әлімбетова» деген қате жазулар да қажет мекен-жайды іздеген жұртты әрі-сәрі етері сөзсіз. Н.Жүнісов атындағы көшенің бірер үйінде «Н.Джунусов көшесі» деген жазу тұр.
Қаламыздағы автобус аялдамаларында қоғамдық көліктің кестесі, тәртібі мен жүру бағытын көрсететін жазулар ілінген. Оларда да қате аз емес. «Баспасөз автоматтары», «Бам», «Баума», «Карла Маркса», «Парк победа», «Нур», «Асем», «Роддом», «Кольцевая», «Мадина», «Базарчик», «Гидролиз», «Баян-сұлу», «Кең-баба»… деп кете береді. Осындағы «Баспасөз автоматтары» дегені – «пресс-автомат» сөзінің «аудармасы». Кеңестік кезеңде болып, бүгінде ізі ғана қалған пресс-автомат зауытының аты осылайша «құбылып» тұр. Ал «Бам» дегені – «БАМ», яғни кеңестік кезеңде «Байкал – Амур» магистралінің құрметіне қысқартылып қойылған атау, бірақ ол аумақ қазір «Айқап» шағынауданы» деп аталады. «Баума» – «Бауман көшесі» дегені болар. «Карла Маркса» дегені – бұрынғы Маркс атындағы, кейін М.Х.Дулати есімі берілген көше. Мәделіқожа, Майлықожа ақындардың атындағы көшелердегі жазулар «Мәделі қожа» және «Майлы қожа» деп, адам есімдері жөнсіз бөлініп жазылған. Ал Бекет батыр атындағы көшеде «Бекет-батыр» деген, дефисі артық жазу тұр.
Бірқатар қоғамдық көліктерде аялдама атаулары «жүгіртпе жолмен» көрсетіліп тұрады. Онда да қате өріп жүр. Мысалы, «Боянкамат», «Сейфуллина атындағы достық үйі» деген сияқты сөздер бар. Олар осы «жүгіртпе жолмен» бірнеше жыл бойы халыққа қызмет көрсетіп жүр.
Мұның бәрін тізбелеп отырғанымыз – жазулар қатесіз жазылса екен дейміз. Сонда, мысалы, жұрт Нәзір Төреқұловтың, Сәкен Сейфуллиннің, Абылай Әлімбетовтің дұрыс аты-жөндерін, кім екенін біліп жүрер ме еді?
Негізі Шымкенттегі көше атауларында мұндай қате жазулар өте көп. Жалпы жұртқа дұрыс-бұрысы бәрібір болғанымен тарихты білетін, елге жаны ашитын, тілге құрметпен қарайтын көзіқарақты азаматтарды бұл жағдай өте қынжылтады. Мысалы, есімі өңірімізге белгілі азамат, «Қазақ тілінің жанашыры», Құрмет белгісінің иегері Қабыл Дүйсенби (суретте) бұған қатысты былай дейді: «Өкінішке қарай, кейінгі кездері осы жағына аса көңіл бөлінбей кетті. Жекелеген адамдардың мәселе көтергенінен ештеңе өзгермейді. Бұған қала әкімдігі, тиісті басқармалар, сол көше орналасқан аудан басшылығы, мәслихат депутаттары терең мән беріп, атсалысуы тиіс. Тексеріп, анықтап, түзеткізуі керек. Мысалы, К.Маркс атындағы көше атауының өзгертілгеніне 25 жылдан асты, оның автобустағы «жүгіртпе жолда» «Карла Маркса» деп көрсетілуі аса өрескел қателік қой. Пресс-автомат зауытының атауы «Баспасөз автоматтары» деп көрсетілуі тіптен де ұят. Шымкенттің көше атауларындағы қателерді міндетті түрде түзету керек. Өйткені ол жай іс қағазы емес, көпшіліктің көзіне түсетін көрнекі жазу, қала тұрғындары мен қонақтары соған қарап ой түйеді».
Иә, Шымкенттің көше атауларындағы, аялдамалардағы, «жүгіртпе жолдардағы» қоғамдық көлік бағытын көрсететін жазулардағы қателерді түзеткен дұрыс. Олардың жылдар бойы солай тұра беруі қаламыздың атына сын ғой.
