Қазақта мықты жазушы көп, бірақ мектеп қалыптастырған жазушы жалғыз Бейімбет Майлин. Оның өмірді шынайы суреттегені сонша, “ол дәл суреттеді” деп айтуды қажет етпейді. Әдетте терең психологизмді Жүсіпбек Аймауытұлына телиді, бірақ Бейімбеттікі өз жанының тереңінен шыққан психологизм. Бір таңғаларлығы, Бейімбет сол психологизмді көрсету үшін әдебиеттің барлық құралдарын пайдаланады. Мен “Бейімбетті заманға бейімдемейік” деген “Егеменге” шыққан эссемде соны жаздым.
Біз неге Мархабат Байғұтты “Бүгінгі заманның Бейімбеті” дейміз. Себебі, ол қазақ әдебиетіндегі оңтүстіктің мектебін бір ізге түсірді. Ал, оңтүстіктің мектебінде адамның ойын көркемдеп жеткізудің барлық құралы бар. Бір қарағанда өте қарапайым көрінетін оңтүстіктің менталитеті өте күрделі. Оңтүстікте тіл сақталған дейді, оңтүстікте түр де сақталған. Мархабаттың жазғаны да текеметтей түрлі-түсті әдебиет.
Қазір әлем әдебиетінде үстем болып тұрған притча оңтүстік менталитетінде өзінен-өзі бар. Притча деген басня, мысал, тәмсіл, бәрінің түбі хадисте жатыр. Мархабат нені жазса да, оның арғы жағында тәлім аларлық тәмсіл жатады. Негізі, тәмсілдеп айту оңтүстікке тән нәрсе.
Оңтүстіктің әдебиетінде ауызша хикаяшылдық элементтері сақталған. Ол жазба әдебиетіне көшкенде жоғалтып алған ойды тәмсілдеп жеткізудің ең күшті құралы. Нобель сыйлығының лауреаттары Габриэл Гарсиа Маркестен бастап, Мо Янға дейін “Біз ештеңені ойлап тапқан жоқпыз, бар болғаны әжелеріміздің әңгімесін жаздық” дейді. Әдебиетте оңтүстікте тусаңыз болды, ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ.
Өзіндік менталитетіне байланысты, бұл өңірде әр адам өмірде де тұнып тұрған образ. Бейімбет жазған образдар басқа өңірлерде аса көп сақталмаған. Сонау Қостанайдан бастап, қазақтың астанасы болған мегаполистердегі образдылықтың бәрі орыстандыруға байланысты оңтүстікке ығыстырылғаны өтірік емес. Мархабат та Бейімбет сияқты жазғандарынан образ өзі туындайтын жазушы.
Қазір біз тіл мәселесімен көбірек айналысып кеттік, ал ойшыл ғалымдар түр философиясымен айналысып келеді. Тарихта Махамбеттің басын қазып алып қалпына келтірген Ноэль Шаяхметовтен бастап, кешегі Ақселеу Сейдімбектің айтып кеткендерімен бірге, бүгінгі антрополог ғалымдардың зерттеп жүргендері де сол түр. Мынау суретшілердің аңдитыны ла, аулайтыны да, қиыстыра алмай қиналатыны да сол түр. Қанша керемет етіп салса да, түр шықпаса шедевр болмайды. Тіпті тілді сатып кеткеннің өзінде, адамды түр сатпайды. Түр деген бояу, түр деген түс, түр деген сүйекке біткен менталитет. Міне, бұл тұрғыдан алғанда Мархабат Байғұттың стилінің өзі менталитеттік бояуымен ешкімге ұқсамай ерекшеленіп тұрады.
Мархабат Байғұттың жазушы ретіндегі қолтаңбасын айқындайтын үш дүниесін бөліп атағым келеді. Ол — іштен қайнап шыққан лиризмнің нұрына бөленген “Әпкемнің ауылы” әңгімесі, ол — қиыспайтын дүниені қиыстырып жіберетін “Кресть” новелласы, ол және оңтүстіктің менталитетін түрлі агрессиядан қорғаған “Көктем де оңтүстіктен басталады” деген мақаласы.
Мысалы, “Крест” (“Креш”) деген хикаятты мен де жаздым. Менің кейіпкерім отшельник біреу төбенің басына орнатып қойған кресті атып құлатады. Ал Мархабаттың кейіпкері өзі бағып алып, намазға жығып, кейін өлгенде мойнынан крест шығып, қайда жерлейміз дегенде, өзін бөлек, қасына кресті бөлек жерлейді. Сонда бір адам жерленген жерде сүйегі біздікі болды, қалғаны сенікі дегендей екі төмпешік жатады. Әлемде бұдан асқан компромисті оңтүстіктен басқа жерде және Мархабаттан басқа ешкім ойлап таба алмайтын шығар.
Жер көлемі жағынан әлемде алдыңғы орындардың бірін алатын біздің елімізде туыстық, ағайындық, құда-жекжаттық қарым-қатынас мықты болмаса, бәрі ыдырайды. Мархабат Байғұт біздің тұтастығымызды ұстап тұрған осы туыстық қарым-қатынасты “Әпкемнің ауылы” әңгімесінде өте шебер суреттейді. Оралхан Бөкей “Қазақ әдебиеті” газетінде бас редактор болып тұрғанда: “Бір қарасаң газетімізде бәрі бар, бірақ бірдеңе жетпейді, не жетпейді?” дегенде, жазушы-тілші Жаңабек Шағатай: “Бізге лиризм жетпейді” деп еді. Мархабат Байғұт қазақтың басындағы қазіргі үлкен проблеманы нәзік лиризммен жақсы ашып, алдымызға қолмен қойғандай етіп жайып салады. Осындағы “Үрисән әпкемнің жанарынан төгілген жастың тамшылары жерді теңселтіп жібергендей еді” деген бір сөйлемге бәрі сиып тұр.
Менің де бір қарындасым бар, сол қарындасымның рухы пәлен кітап жазған менен де биік. Мархабат ағамыз туыстық қарым-қатынастағы әпке-қарындастың рөлін қалай әдемі қиыстырып келтірген деп қайран қаласың. Жазушының сол кейіпкер әпкесі ағайын тұрмақ, еден жуушы деген жұмысын атқарып жүріп-ақ, қолындағы шлабрасын ұстап отырып-ақ, комиссияны күтіп жатқан директордың орнына сабақ беріп, бүкіл мектепті ұстап тұр.
Егер төлқұжат деген ұзақ сөздерден тұратын болса, Мархабат Байғұттың “Көктем де Оңтүстіктен басталады” деген мақаласын осы облысқа төлқұжат етіп беруге болады. Себебі, осыған дейін қатты “агрессияға” ұшыраған наймандардан кейін, осы Оңтүстік өңір екенін той-томалақтан, театр сахнасына дейін талай көрдік. Сол әдет бір күні үлкен драматург-жазушымыз Сұлтанәлі Балғабаевтың бір мақаласында: «Моральдық бұзылудың да ошағы осы Оңтүстік өңірінен бастау алған десек, онша қателеспейміз», — деп айтылып кетіпті. Соған Мархабат Байғұт Оңтүстіктің бүкіл сыр-сипатын бір мақалаға сиғызып айтып, бәрін орнына қойыпты. Басқалар жазса, ол дауға ұласып жалғаса берер еді, Мархабат ағамыз айтарға сөз қалдырмай жазыпты. “Біз моральдық бұзылуды да қазақша істеп, қазақша жазып жүрсек, сендер соны орысша істеп, орысша жазып құрып жүрсіңдер ғой” депті. Бір сөзбен айтқанда, ағамыз дымын шығармай, мұсылман бейітіне кресть таққан кісінің өзін бөлек, қасына мойнындағы кресін бөлек жерлегендей етіп шаруасын тындырыпты. Сондағы Мархабат ағамыз келтірген уәж мынау еді:
“Оңтүстікті моральдық бұзылудың ошағына балаған Балғабаев бауырымыз Шымкентке шүйіліп-ақ баққан екен. «Қазақ тіліндегі дәл мұндай әдепсіз газеттер Шымкенттен басқа Қазақстанның өзге өңірінде ешуақытта жаппай жарық көрген емес», — дейді Сұлтекең. Дұрыс-ақ делікші, бұл кісінің байламынан да, байбаламынан да бұлтара алмайсыз. Бірақ, біздің жақта жаңағыдай әдепсіздеу газеттер қазақ тілінде шығып, қазақ тілінде оқылып жүрді ғой, әйтеуір. Ал, өзге жақтарда біздің «саржағалдардан» да сорақы басылымдар басқа тілдерде біздегіден де бетер тұтынылып, жұтылып жатыр емес пе?!”.
Бұл мәселені Бейімбет жазса да, дәл осылай ащы әжуаға сүйеп жазар еді. Осы арада Мархабат Байғұт та Бейімбетше шендестіріп, алдымен өзіңе қара деп отыр. Бейімбеттің де, Мархабаттың да жазудағы әжуасы әзіл сияқты жан ауыртпай қабылданады.
Мархабат оңтүстікті құры жақсы көрмейді, ол сонда тұрады. Оның осы өңірге қатысты келтірген мысалдарының бірнешеуін, төменде мен де келтірдім. Мұнда Оңтүстікке тамсанған Ғабит Мүсіреповтің, Ғафу Қайырбековтің, Түркістанда наурыз тойланғанда айтқан Фариза Оңғарсынованың керемет сөздері бар.
Бірінші мысал: “Ғабит Мүсірепов “Ақан сері — Ақтоқтысы» облыстық қазақ драма театрында қойылғанда “Серінің сапасы серпінді, Ақтоқты арайлана түсіпті. Екеуі де Оңтүстіктің өзгеше қуатын дарыта құнарланыпты, тіпті хазіреттің өзі де
южный боп тұр», — деп, рахаттана кеңк-кеңк күлген екен”.
Екінші мысал: “Ғафу Қайырбеков «Қазақы қасиеттің қаймағын сақтаған аймағымнан айналайын!» — деп, киелі топырағын тізерлей сүйіп, көкорайына аунап-аунап алатын.
Үшінші мысал: “Түркістан қаласында республикалық көлемде кең көсілген Наурыз мейрамы өтеді. Сол конференцияда Фариза Оңғарсынқызы: «Тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтап қалған — Оңтүстік. Біз бәріміз Оңтүстікке қарыздармыз. Оңтүстікке мемлекет қарыздар», — депті”.
Маған бәрінен бұрын ұнағаны Сырбай Мәуленовтің сөзі болды: “Сырбай Мәуленов ағамыз да Оңтүстікке, Шымкентке, Сарыағашқа жиі келетін, сырласатынбыз. 1988 жылы, Колбин патшаның тұсында Шымкент темір жол вокзалында шығарып салып тұрдық. Вагондары тізіліп, жолсеріктері сызылып, Асқаров сынды іскер басшының арқасында біраз жылдан бері жүре бастаған «Алатау» пойызы келіп тоқтады. Сырағаң арғы жақ, бергі жағына көз жетпес перронға қарап, қатты толқып кетіп: «Қараңдаршы, мына ғажапты! Қап-қара шаштар, қаракөз жастар! Көз ұшына дейін қарақұрым, қаптап жүрген қазақтар… Айналайындар, қап-қара шаштарыңнан, қазақы бастарыңнан айналайындар! Өсе берсінші, көбейіп, жетіле берсінші… Шымкенттің барына шүкір», — деді.Сонда Сырағаңның жанарынан әбден ыза өткен адамның көзіндегідей мөлтілдеген жас көрдік”, — деп жазады Махаң.
Міне, осының бәрін тізіп берген Мархабат Байғұт оңтүстік жұртының атынан: “Қатты риза болдық” деп жазыпты. Бүгінде оңтүстік қана емес, бүкіл қазақ халқы Мархабат Байғұт деген жазушыға қатты риза екенін жеткізгім келеді. Мархабат Байғұт қазақ әдебиетінде менталитеттік мектеп қалыптастырған жазушы. Ал ол жол, Бейімбеттің жолы екенін мақтанышпен айтуға болады.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы
Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы.
