Жалпақ жұртқа бұл тақырып төңірегінде түсінік, ақпарат беру үшін журналистердің өзі де мән-жаймен, мәліметпен қаруланып алмағы керек-дүр. Міне осыны мақсат тұтқан, Түркітілдес журналистер қорының басшысы Нәзия Жоямергенқызы Шымкентке келіп, «ІСКЕРЛІК ЖУРНАЛИСТИКА: ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ” семинарын өткізді. Қордың серіктесі ретінде Halyk Bank -тің Шымкент филиалы өз ғимаратынан журналистер үшін машықтану алаңын беріп қана қоймай, банк ісіндегі ақпараттық қауіпсіздік шаралары туралы жан-жақты деректермен таныстырды. Банк филиалының басшысы Гүлнара Ратаева бастаған ұжым журналистердің түрлі сұрақтарына жауап берді.
Семинар барысында шымкенттік журналистер ChatGPT, Canva, Adobe, HeyGen, Ai Image Cneation , ImmerSity Ai бағдарламалары арқылы дизайн жасау, ютуб каналды безендіру, инфографика жасау, жасанды интеллектті іскерлік журналистикада қолдану әдістерін үйренді. Постер, афиша, фотоколлаж, ашық дереккөздермен жұмыс, аудио монтаж, дыбысты тазалау, видео монтаж жасау ісіне машықтанды.
Түркітілдес журналистер қорының өкілдері дәл осы тақырыппен семинар-тренингті журналистер үшін Шымкенттен бөлек Атырау, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Ақтауды да қамтитындықтарын айтады.
–Семинар-тренингтер нәтижесінде қатысушылар Түркітілдес журналистер қорының “Halyk Bank” АҚ серіктестігінде 2017 жылдан бері өткізіп келе жатқан «Еркін сөз»-2024 байқауында бақ сынайды. Байқау жеңімпаздары 2024 ж. 11-12 қарашада Алматыда өткізілетін IV Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумының салтанатты кешінде марапатталады,- дейді қор президенті Нәзия Жоямергенқызы.
Айта кетейік, IV Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумына Қазақстанның барлық облыс, аймақтарынан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Германия, Британия, Нидерланд, Швейцария, Австрия, Бельгия, Италия т.б. елдерден БАҚ басшылары, журналистер, баспасөз хатшылары, PR менеджерлер, журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттері, трэвл блогерлер қатысады.
Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ