Басты жаңалықтар

Экспорт көлемі көбейді

Түркістан облысында шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейту – уақыт талабы. Өңір импортқа тәуелді болмауы керек. Бұл жөнінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте  айтылды.

– Біз әлі күнге дейін шикізаттық тәуелділіктен толық арыла алмай отырмыз. Сондықтан импортты алмастыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет. Шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейту – өңір экономикасының басты міндеттерінің бірі. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін әлемдік ірі инвесторларды тартып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілуі тиіс. Импортты алмастыруға бағытталған барлық инвестициялық жобалар сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылып, тұрақты бақылауда болуы қажет, – деді облыс басшысы.

Мәжілісте өңірдің экспорттық әлеуеті тұрақты артып келе жатқаны жайында айтылды. Кәсіпкерлік және сауда, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары импортты алмастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады, алға қойған жоспарларды таныстырды.

2024 жылы Түркістан облысынан 1 миллион 357 мың тонна, 2025 жылы 1 миллион 571 мың тонна экспортталған. Бұл бағыттағы өсім 16 пайызға жеткен. Ал биылғы төрт айда 795,3 мың тонна өнім экспортталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге артып отыр. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері – 576,6 мың тонна, мал шаруашылығынікі – 20,5 мың, қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері – 198,1 мың тоннаны құраған.

Ал импорт көлемінің төмендеу үрдісі қалыптасуда. 2024 жылы өңірге 761 мың тонна өнім импортталған болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 748 мың тоннаға дейін азайған. Биылғы төрт айда импорт көлемі 251 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 255,5 мың тоннадан төмен болған.

Түркістан облысында еден жабындары, алюминий өнімдері, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорындар іске қосылған. Мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцинк өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерін шығаратын жаңа өндірістер жүзеге асырылып жатыр.

Бүгінде елімізден шикізат күйінде экспортталатын мыс, алюминий, темір, полипропилен және өзге де өнімдерді Түркістан облысында терең өңдеуге мүмкіндік бары анықталып отыр. Осыған орай мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, алюминий профильдері, құрылыс материалдары, металл конструкциялары, полипропиленнен жасалатын тұрмыстық бұйымдар және басқа да дайын өнімдер шығаратын 40 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленіп, әрқайсысына инвестициялық паспорт дайындалған.

«Сайрам» индустриялық аймағында ірімшік және құрғақ сүт өндіретін зауыттар, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында балалар тағамын өндіретін зауыт салу, Сауран ауданында көкөніс өңдеу және консервілеу, томат пастасын шығару өндірісін, Мақтаарал ауданында кілем өндірісін жолға қою ұсынылды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету бағытындағы жобалар да қаралды. Қазіргі таңда облыс халқы көкөніс, бақша, картоп, жүзіммен, сиыр, қой және жылқы етімен, сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 21 пайызды құрайды, жұмыртқа – 47, шұжық өнімдері 50 пайыз болып тұр. Осы тапшылықты жою үшін жалпы құны 60 миллиард теңгені құрайтын төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін зауыт салынып жатыр. Ордабасы ауданында құс етін өндіру көлемі ұлғайтылады. Бәйдібек ауданында жұмыртқа өндіретін кешеннің құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге Отырар және Шардара аудандары мен Арыс қаласында жаңа өнеркәсіптік құс кешендерін іске асыру ұсынылды. Бұдан бөлек, етті терең өңдеу бағытындағы үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Түлкібас және Төлеби аудандарында заманауи сүт-тауарлы фермалар салыну үстінде. Ал Сауран, Бәйдібек аудандарында сүт өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарланған.

2026-2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобалардың жол картасы аясында жалпы құны 269 миллиард теңгені құрайтын 43 жобаны іске асыру жоспарланған. Ол 2115 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл құны 96,3 миллиард теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген болатын, бүгінге дейін құны 17,4 миллиард теңгелік 5 жоба пайдалануға беріліп, 140 жаңа жұмыс орны ашылған.

Бұл маңызды мәжілісте осындай жайлар баяндалып, талқыланды.  Облыста импортты алмастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле беруі керек. Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу лайықты жалғасын тауып отыруы қажет. Барлық жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуы қамтамасыз етілуі шарт. Облыс әкімі бұған байланысты жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *