Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Асқабақ дәні еркекке қуат қосады

Таяуда АҚШ-тағы Хеллоуин мерекесінде салмағы 1 тонна 431 килодан асатын асқабақтан мерекенің ең басты символы – «Джек шамы» жасалды. Оны Род-Айленд штатының диқаны өсірген. Арнайы өткізілген байқауда ол әлем тарихындағы ең үлкен асқабақ деп танылған. Сосын оны мейрамханалар жүйесінің иесі сатып алған. Ақырында ол «Джек шамын», яғни «Хеллоуин шамын» әзірлейтін шеберлердің қолына түскен. Олар асқабақпен 32 сағат бойы жұмыс істеп, одан мереке шамын жасап шыққан. Сөйтіп бұл асқабақ Гиннестің рекордтар кітабынан ойып тұрып орын алыпты.

Назарымызды аударған осы жаңалық оқырманға асқабақ жайында танымдық деректер беру жөнінде ой салды. Өйткені бүгінде асқабақтың піскен кезі, ол әсіресе ауылдықтардың қамбасында ондап-жүздеп жатқан болуы мүмкін. Себебі қабығы қалың, тиімді температура сақталса келесі жылға дейін де жата береді. Салқында, аса ылғалды емес қараңғы жерде жатса, күн сәулесі тікелей түспесе, бір-біріне тимей жатса болды, ұзаққа шыдайды. Жұрт оны қажетінде асқа пайдаланады, малына азық етеді.

Асқабақтың отаны – Мексика. Оны Еуропаға отарлаушылар XVI ғасырда жеткізген. Біздің елге Ресей арқылы келген болса керек. Бүгінде әлемде оның 800-ге тарта сорты бар екен, соның 200-ден астамы адамның жеуіне жарамды. Бұл өнімнің ақ, қара, көк, қызғылт, сары, алқызыл, жасыл түстілері болады. Кезінде кептірілген асқабақтан тамақ, су сақтайтын ыдыстар, ойыншықтар, тіпті музыкалық аспаптар да жасаған, қазір де жасайтындар кездеседі.

Асқабақты ежелден ішек құрттарына және іштің қатуына қарсы пайдаланған. Оның құрамы дәрумендер мен минералдарға бай. Атап айтқанда, онда А, В, С, Е, К дәрумендері, темір, калий, кальций, кобальт, кремний, магний, фтор мол. Ал бета-каротиндер сәбіздегіден де көп. Дәнінде цинк аса мол. Мамандар әсіресе жасы 40-тан асқан ер адамдарға асқабақ дәнін жеп тұруға кеңес береді. Күніне 30 грамдай дәнін шағып тұрса, ол ағзадағы гормондық фонды қалыпта ұстауға пайдалы, қуықасты безінің жұмысын жақсартады.

Асқабақта жасұнық та көп, холестерин жоқ. Ол терінің күйін жақсартады, иммунитетті көтереді, обыр жасушаларының дамуына қарсы әсері бар. Лютеин, зеаксантин деген заттар көзге пайдалы. Асқабақ құрамындағы микроэлементтер жүрек-қан тамырлары жүйесін нығайтады. Зат алмасуын жақсартады, жиналған артық майды ыдырататын да қасиеті бар. Ағзаның тез қартаюына кедергі жасайды. Қаназдыққа, қышқылдануға қарсы, қабынудың, жарақаттың тез жазылуына да әсері бар. Асқабақтағы трифтофан ұйқының тыныш, көңіл-күйдің жоғары болуына әсер етеді.

Дегенмен әр нәрсенің өз өлшемі бар дегендей, асқабақты тым көп жей беруге де болмайды. Өйткені ішті желдендіреді, сұйылтуы да мүмкін. Асқазан-ішек жолдарында кінәраты бар, бүйрек жетіспеушілігімен, сусамырмен ауыратын адамдар әсіресе ауру асқынып тұрғанда абайлауы керек. Асқабақтың өт қуатын да қасиеті бар, сондықтан ол ағзада түзілген тасты қозғап жіберуі де мүмкін.

Міне, асқабақтың осындай қасиеттері бар екен. Білгеннің зияны жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *