Бүгінде әлемнің көптеген елдерін ыстық «қуырып» тұр. Ал жазда климаты ыстық саналатын біздің өңірдің алдағы күн райы қандай болмақ? Бұған қатысты «Қазгидромет» ауа райын болжау орталығының филиалынан төмендегідей болжамдар алдық.
Бұл айда Оңтүстік өңірге ылғал түсуі қалыптағыдан төмен болады. Бірінші онкүндік аздап жаңбырлы болды. Енді жаңбыр үшінші онкүндіктің соңына қарай ғана жаумақ. Екінші онкүндікте және үшінші онкүндіктің басы мен ортасында екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел тұрады. Екінші онкүндіктің ортасы мен соңында шаңды дауыл көтерілуі ықтимал. Ал айдың орташа айлық температурасы қалыптағыдан 2 градус жоғары болады деп күтілуде, ол +19,6+32,2 градус аралығын құрайды.
Бірінші онкүндіктің соңын ала ауа қызуы көтеріле бастады: түнде +19+24, күндіз +31+36 градусқа дейін жоғарылады. Таулы аудандарда түнде +14, күндіз +26 градусқа дейін ысыды.
Екінші онкүндікте күн райы бұдан да ыси түседі. Түнде +25+30, күндіз +37+42 градусқа дейін жоғарылайды деген болжам бар. Таулы аудандарда түнде +20, күндіз +32 градусқа дейін көтерілмек. Одан кейін біршама күннің салқындауы күтіледі. Түнде +25+30 градустан +20+25, күндіз +37+42 градустан +32+37 градусқа дейін төмендейді. Таулы аудандарда түнде +20 градустан +15, күндіз +32 градустан +27 градусқа дейін төмендемек. Онкүндік соңына қарай күн райы қайтадан ыси бастайды.
Үшінші онкүндікте температура түнде +27+32, күндіз +41+46 градусқа дейін көтеріледі деп болжануда. Таулы аумақтарда түнде +22, күндіз +36 градусқа дейін ысиды. Онкүндіктің екінші жартысында ауа қызуы аздап төмендейді. Түнде +17+22, күндіз +29+34 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
