| Т |
үркістанда «Түркістан қаласы аумағындағы тұқымбақ» деп аталатын заманауи тұқымбақ салынды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жаңа тұқымбақтың жұмысымен танысып, оның өндірістік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жетілдіру және өңірді көгалдандыруға қажетті көшеттер мен гүлдердің санын көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасыл алқапты көбейтуді тапсырды. Бізде барлық мүмкіндік бар. Осындай тұқымбақтарды облыс орталығында ғана емес, барлық аудан-қалада ашып, еліміздің басқа өңірлерін көшетпен қамтуымыз керек. Екіншіден, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Әр тұрғын өз үйінің ауласына ағаш ексе, экология жақсарады. Өздеріңіз көрдіңіздер, 8 жылда Түркістанның ауа райы өзгеріп, температура сәл төмендеді. Бұның бәрі – көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі, – деді облыс әкімі.
Аталған тұқымбақ жобасының жалпы құны – 400 миллион теңге. Аумағы – 10 гектар. Нысан құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған. Күтіп ұстаушы әрі жауапты мекеме ретінде «SK Geokart» ЖШС белгіленген. Алдағы кезеңде тұқымбақтың жылыжай аумағын кеңейту, асфальт жол салу, табиғи газ және ауыз су желілерін тарту жоспарланған. Сонымен қатар «Арыс-Түркістан» су жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану және өсімдіктердің сапасын арттыру мақсатында арнайы зертхана құру көзделген.
Жаңа тұқымбақ толық қуатына кіріскенде мұнда жыл сайын 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш көшеттері және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіріледі деп көзделген. Бұл өнімдер Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға пайдаланылып, жергілікті көшетпен қамтамасыз етпек.
Жалпы, Президенттің республика аумағына 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет қондырылды. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Сонымен қатар инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, белгіленген жоспар артығымен орындалады деп күтілуде.
