Әлеумет

Түлкібаста туризммен қатар өндіріс те өркендеп келеді

Туризмді дамытуға қолайлы, табиғаты тамылжыған Түлкібас ауданында отандық өндірісті, кәсіпкерлікті дамытуға да көп көңіл бөлініп отыр. Жуырда Асқар Естібаев басқаратын ауданда журналистер туры ұйымдастырылып, бірқатар кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі таныстырылды. Журналистер тобын аудан әкімінің орынбасары Бақдәуір Кәлмен мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рақымжан Алтынбеков бастап жүрді.

Ең алғаш табан тіреген Жабығылы ауылындағы құс етін өндіретін «Қарқын Трейд» ЖШС-нің жер аумағы 543 гектарды құрайды. Бройлер құс фабрикасын салу жобасының бірінші кезеңінің құрылысына 21,9 млрд теңге бағытталған. Жоспар бойынша биыл фабрика құрылысының бірінші кезеңі іске қосылып, жылына 15 мың тонна құс етін өндіру межеленіп отыр. Ал екінші кезеңін іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Ол үшін 15,8 млрд теңге бағытталып, фабрика қуаты жылына 24 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы болады. 2030 жылы аяқталады деп жоспарланған үшінші кезең құрылысы үшін 16 млрд теңге жоспарланған. Сонымен, 96 құс фабрикасы мен сою цехы, құрама жем зауыты, элеватор салу жобасы толық аяқталған жағдайда жылына 24 мың тонна құс етін өндіру көзделуде. Ол үшін бас-аяғы 53 млрд теңге жұмсалмақ. Алып фабрикада 1 200 адам тұрақты жұмыс істейтін болады.

Тау беткейіндегі Күмісбастау ауылында «RG Cola» брендімен әлемге әйгілі америкалық «Coca cola» компаниясымен серіктестік негізінде жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» ЖШС ауыз су және алкогольсіз, газдалған сусындар өндіретін зауыты жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда сусынның үш түрін шығарып жатқан кәсіпорында жүзге жуық жұмысшы үш ауысымда жұмыс істейді. Жылына 90-120 миллион литр сусын өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны 9 млрд теңге. Бұйыртса, бір ай көлемінде тағы бір бағыт іске қосылып, өндіріс қуаты да, жұмысшылар саны да артатын болады. Шикізаттың 80 пайызы жергілікті өнім болса, концентранттар тікелей Америкадан алдырылады. Сол себепті өнімнің түпнұсқасы сақталады. Дайын өнім Қазақстанның ішкі нарығына таратылса, алдағы уақытта көрші Ресей мен Өзбекстан елдеріне экспортталмақ. 

Орта Азия мен еліміздегі ең алғашқы құрылған «Ақсу Жабағылы» қорығының негізгі бөлігі Түлкібас ауданында орналасқан. Биыл оның құрылғанына 100 жыл толып отыр. Аумағы 131 934 гектарды құрайды. Талас Алатауы мен Өгем тауларының солтүстік-батыс сілемдерінен басталып, батыс Тянь-Шань тауының аумағында Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби аудщандары, Жамбыл облысының Жуалы ауданында теңіз деңгейінен 1100-4238 метр биіктікте орналасқан. «Ақсу Жабағылы» музейінің қызметкері Эльмира Жұманова бізге қорықтың тарихын тереңінен қозғап, тамаша танымдық саяхат жасады. Қорықтағы ең биік шың – Сайрам шыңының биіктігі 4238 метр. Қазіргі таңда қорық аумағында қар барысы, аю, қасқыр, қабан, арқар, суыр секілді жабайы аңдар, бауырымен жорғалаушылар, құстар мекен етеді. Жалпы жануарлар әлемінің 2460 түрі кездеседі. 200-ден астам дәрілік шөптер, жалпы 1737 өсімдік түрі өседі. 

Иірсу тау шатқалындағы туризмді дамыту мақсатында көру, яғни тамашалау алаңы соғылып жатыр. Ол алаңнан табиғаты өте керемет Ақсу коньондарын, сонау етекте – 300-500 метр тереңдікте ағып жатқан Ақсу өзенін тамашалауға болады. Тамашалау алаңының құрылысы аяқталған жағдайда туризмнің дамуына көп септігін тигізетін болады. Мұнда қазірдің өзінде шетелдік саяхатшылар жиі келіп, табиғатты тамашалауды үрдіске айналдыруда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *