Мәселе

Қыс шанаңды – жаз сайла…

Облыс мектептерінде жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде

Білім ордаларындағы жазғы демалыс уақыты – мектептерді жөндеуге, жаңғыртуға қолайлы кезең. Оқушылардың жоқ кезін тиімді пайдаланып, ескіргенді жаңалап, жыртылғанды жамап алмаса, кейін мүмкін болмай қалады. Осыны орынды ескерген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен білім беру нысандарының құрылысы, мектептерді жаңғырту, жазғы жөндеу жұмыстары және саладағы өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өтті.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі мектептердің жай-күйі, реновация бағдарламасының орындалуы, жөндеу жұмыстарының барысы және алдағы міндеттер туралы мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Президент тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан мектептерді реновациялау бағдарламасы негізінде Түркістан облысында 115 мектепті жаңғырту жоспарланған болса, оның 41-і 2025 жылы, 38-і 2026, қалған 36 мектеп 2027 жылы жөнделуі тиіс. Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне жүгінсек, 2025 жылы жөндеуі жоспарланған 41 мектептің 26-сында жұмыстар толық аяқталған. Қалған 15 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда және оларды биылғы жаңа оқу жылына дейін аяқтау көзделген. Қазіргі таңда аталған нысандарда ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары толық бітіп, сыртқы жөндеу мен абаттандыру жұмыстарының орындалуы орта есеппен 50-60 пайызға жеткен.

Биыл реновация бағдарламасы бойынша 38 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 32 мектеп ағымдағы, 6 мектеп күрделі жөндеумен қамтылады. Сонымен қатар өңірде 125 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 60-ында жұмыстар толық аяқталған, қалған нысандарда жөндеу қарқынды жалғасып жатыр. Жазғы демалыс кезеңіндегі барлық жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы және 110 білім беру нысаны табиғи газға қосылуы тиіс.

Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын, мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды, бюджет қаражатының тиімді игерілуін тапсырды. Ал, сапасыз жұмыс жүргізген мердігерлерге заң шеңберінде қатаң шаралар көрілуі тиіс. Бүгінде қоғамды алға сүйреп, елімізді дамудың даңғыл жолына салатын сапалы білім болса, оның сапалы ғимаратта, заманауи технологиялардың күшімен жүзеге асатыны анық. Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің тікелей қолдап, қолға алуымен мектеп ғимараттары заман талабына жауап бере алатын заманауи деңгейге көтерілуде. Ендеше, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов сапалы білім мен саналы тәрбие бере алатын мықты кадрларды жасақтауға айрықша көңіл бөлуі тиіс. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізілетіні түсінікті жайт.

Ұ.Тәмен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *