Қоғам Мәдениет және өнер

Хазар қызы Хомайра

    

Таяуда өткен бір жиында Ауғанстаннан келген хазар ұлтының қызымен кездейсоқ танысып қалдық. Аты-жөні Гул-Мохаммад Хомайра екен. Хомайра қыз мигрант-әйелдерге түрлі зорлық-зомбылықтан қорғануды үйрететін құқықтық семинар кезінде елімізде тұрып жатқан ауғанстандық әйелдерге аудармашы қызметін көрсетіп отырды.

Пуштун тілінде де, қазақша-орысша да еркін сөйлеп отырған қыздың есімі бізге «Майра» боп естілген. Түр-тұлғасына қарап оны шымкенттік қазақ қыздарының бірі болар деп ойлаған едік. Оған қойған алғашқы сұрағымыз да осы тіл төңірегінде болды. «Майра, пуштунша тілді қайдан үйренгенсіз?» – деп сұрадық. «Мен хазар қызымын ғой, – деді ол бізді таңқалдырып. – Біз дари тілінде сөйлестік». «А-а… онда қазақшаны, орысшаны қайдан үйреніп алғансыз?» – дедік сұрағымызды енді басқаша өзгерте қойып.

Хомайраның әкесінің аты-жөні – Гул-Мохаммад Гулам Расул. Хазарлардың «түркімен» деп аталатын тайпасынан. Хомайра әкесімен бірге Шымкентте тұрады екен. Әкесі Гулам Расул көліктің қосалқы бөлшектерін сатумен айналысады. Ол да қазақша және орысша тіл біледі. Әйелі осы Хомайраны дүниеге әкелген 2004-жылы қайтыс болыпты. Сондықтан да Хомайраның бірге туған бауырлары жоқ. Олар бұрын Ауғанстан астанасы Кабул қаласында тұрған. Қазақстанға 2007-жылы  көшіп келіпті, ұзақ уақыт тұруға рұқсат беретін арнайы құжаттары бар. Хомайра қазақ және орыс тілдерін Шымкенттегі Пушкин атындағы №1 мектепте меңгерсе, ағылшыншаны арнайы ақылы курстардан үйреніп алыпты.

Хазарлар қыздарын өзге ұлттарға бермейді. Қызға құда түсіп үйленеді. Қалыңмал әркімнің тұрмыс жағдайына қарай төленеді. Әр үйде екі баладан бастап, алты-жеті балаға дейін болады. Қазіргі күндері Қазақстанда біраз хазарлар бар екен. Шымкентте, Алматыда, Астанада бар, өзара араласып тұрады.

Хомайраға: «Қазақша үйрену қиын ба?» – деген сұрақ қойдық. «Меніңше, аса қиын емес. Дегенмен біздің кей туыстар бұл жақта орыс тілі басымырақ болғасын бірінші кезекте орысша үйренген. Соларға қазақша үйрену оңай болмай жатыр», – деп жауап берді ол.

Жалпы, хазарлар қандай халық? Керек деректерді интернеттен іздестіріп көрген едік. «Ұлт атауы парсының «хезар» – «мың» деген сөзінен шыққан. Өздерін «хезаре» деп атайды. Ирантілдес, Ислам дінінің шииттік ағымын ұстанады. Шығу тегі – моңғол, түркі, иран аралас. Ауғанстан халқының 8-10 пайызын құрайды. Боржігін, барлас, найман, ойрат, жалайыр, керейіт, меркіт, бэсут, булагат, оңғыт, баарин, татар, уджиэт, баят, салжуит, қидан, горлос, харачин, қатаған, ушин, қарлұқ, қыпшақ, ұйғыр, түркімен, қазақ, қырғыз және басқа да тайпалардан тұрады» деп жазылыпты ғаламторда. «Бұл халықтың негізін Шыңғыс хан ұрпақтары Ауғанстанды басып алғасын сонда қалдырылған гарнизонда тұрғандар құраған болуы керек. Ұзақ жылдар бойы сонда тұрған мыңдықтар жергілікті ирантілдес халықтармен араласып, кейін олардың тілін қабылдаған. Моңғол империясының әлсіреуіне байланысты хазарлар солтүстік-шығыстағы құнарлы жерлерден ығыстырылған. Бүгінде олар Ауғанстанның тау-тасты орталық аумағында тұрады. Мал және егін шаруашылығымен айналысады, көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанады. Хезаре тілінде және дари тілінде (парсы тілінің диалектісі) сөйлейді» деп те айтылған.

«Хазарлықтардың 40 пайызының шығу тегі монғолдан» дейді генетикалық зерттеулер. Сондай-ақ, «тағы бір басым бөлігін Жошы ұлысының шығыс бөлігінен әскерге алынып, Шыңғыс ханның немересі Құлағудың Иранға жасаған жорығына қатысқан Дешті-қыпшақ халықтарының ұрпақтары құрайды» деп айтылыпты.

Бүгінде бұл халықтың жалпы саны 8 миллион адамды шамалайды екен. Ауғанстандағы хазарлар саны 3 миллионнан, Иран мен Пәкістандағыларының да саны шамамен 3 миллион адамнан асады. Сондай-ақ Австралияда, Ұлыбританияда, Канадада, Түркияда, барлығын қосқанда 200 мыңнан аса хазарлар тұрады екен. Басқа да елдерде тұрып жатқандары бар.

Д. НҰРПЕЙІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *