Қоғам

«Заңға бағыну – міндет, құрметтеу – маңызды»

Түркістан облысы, Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғани Байарыстанның ұйымдастыруымен аудандық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында «Заң мен тәртіп – қоғам тірегі» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Аудан әкімінің орынбасары Б.Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Н.Қойбағаров, аудан прокуроры Д.Аянұлы, ұлттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы С.Жайлаубаев және құқық қорғау саласының өкілдері, билер, ақсақалдар, аналар кеңесінің мүшелері және жастар қатысқан кездесудің мақсаты – қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайту, азаматтардың заңға деген құрметін арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Кездесуден кейін сот төрағасы Ғани Доғдырбайұлын әңгімеге тартқан едік.

Бүгінгі жиында қандай мәселелер қозғалды?

– Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидасы – Әділетті Қазақстанды құрудың, құқықтық мемлекет пен ұлттық қауіпсіздіктің іргетасы деп айтуға болады. Бұл идеология заң үстемдігін қамтамасыз етіп, мемлекеттің дамуын, азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруды көздейді. Бұл құжатта халықтың жүріс-тұрысына, мәдениетіне заңмен баға беру, адал азаматқа керек дүниелер молынан қамтылған. Заң бұзған адамның жазасыз қалмау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық мемлекеттік органдар бірлесе отырып жұмыс атқару өте маңызды. 

Қазіргі қоғамда адал азаматтың шынайы бейнесін қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі саналады. Ал адал азамат дегеніміз кім? Ол – білімді, құқықтық тұрғыда сауатты, заңды құрметтейтін, отан алдындағы жауапкершілікті сезінетін, дәстүр мен салтты, салауатты өмір салтын ұстанатын озық ойлы, бір сөзбен айтқанда өзгелерге үлгі бола алатын азамат. Барлық азамат заң мен тәртіпке бағынса, құрметтесе екен дейміз. Көпшілік азаматтар камерадан қорыққаны үшін, яғни айыппұл келмесе деген оймен ғана құқықбұзушылықтан бойын алшақ ұстауға тырысады. Бірақ, адал азамат камера жоқ жерде де заң мен тәртіпке бағынады, заңды құрметтейді. Бұл әрбір азаматқа керек дүние. Бүгінгі өткізген іс-шара осы мақсаттарды қамтыды.

Жиын барысында құқықтық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастар арасында заңға құрмет мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері құқық бұзушылықтың салдары мен адам тағдырына әсерін бейнелейтін «Мен қателестім» атты сахналық қойылымды көпшілік назарына ұсынды. Тағылымы мол қойылым көрермендерді терең ойға жетелеп, заң талаптарын сақтаудың маңызын көркем түрде жеткізе білді. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы бейнероликтер көрсетіліп, қатысушыларға тәрбиелік мәні зор ақпараттар ұсынылды. Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті ғана емес, елдің дамуы мен өркендеуіне қосылатын маңызды үлес екендігі айтылды. Әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, оларды жауапкершілікке тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

– Қоғам ішінде қандай қылмыс түрлері алаңдаушылық тудырады?

– Өкінішке қарай, жылдан жылға қылмыстың түрлері көбейіп барады. Әсіресе, жастар арасындағы нашақорлық, психотроптық заттарға құмарту, оған тәуелді болу белең алуда. Сарапшылардың айтуынша, құрамында есірткісі бар заттарды 5-6 рет қолданған адам біржолата тәуелділікке бой алдырады. Одан кейінгісі белгілі: денсаулық құриды, шаңырақ шайқалады, түрлі қылмыстарға аяқ басады, соңы – түрме. Лудомания да қауіпті дерттердің біріне айналды. Құмар ойынның салдарынан қылмысқа барып, отбасын ойран еткен жастар аз емес. Алаяқтық қылмыстардың да дені осы құмар ойынына құмартқандардың тарапынан орын алып жатады. Ұтылады, сосын ақша керек болады. Ақырында міндетті түрде қылмыс жасайды: ұрлайды, алдайды, тонайды, тағы басқа.

Нашақорлық, алаяқтық қылмыстар да жақсылыққа апарған емес. Әсіресе, елімізде онлайн алаяқтық өршіп барады. Дегенмен, бізде алаяқтық қылмыстарды аса көп деп айта алмаймын. Бұған ауданымыздың Шымкент қаласына жақын орналасқандығы себеп болып отыр деп ойлаймын. Алаяқтар адам көп шоғырланған жерді таңдайды. Өзім Шымкент қаласында судья болып жұмыс істегенде алаяқтық қылмыстардың өте көп орын алатынына куә болғанмын. Олардың көпшілігі «пәтер алып беремін, кредит алып беремін, жәрдемақы алып беремін, жұмыс тауып беремін» деген сияқты алаяқтықтарға барады. Халықтың да жиі алдануына бәлкім әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болып жатқан шығар.

Көңілге кірбің түсірер ең келеңсіз көріністің бірі – алаяқтардың арасында әйел адамдардың көбейіп бара жатқандығы. Бұл – қасірет. Міне, біздің бүгінгі іс-шара өткізудегі негізгі мақсат та осы аталған қылмыстардың алдын алуға теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосу еді. Оған білім, дін, құқық қорғау саласының қызметкерлерін, ауыл ақсақалдарын, билерін қатыстыруға, жұмылдыруға тырыстық. Жиынға қатысқандар өздерінің ортасында, отбасында осы мәселені айтса деген ұсыныс келтірдік.

Халықтың сотқа, құқық қорғау органдарының қызметіне деген сенімі өте маңызды. Қалай ойлайсыз, халықтың сеніміне селкеу түсіретін жайттар жиі орын алады ма?

– Жасыратыны жоқ, қазір сенімсіздік деген мәселе жиі қозғалады. Оны әлеуметтік желіден оқып, көріп отырмыз. Бірақ, сол сенімсіздіктің дені кейде жағдайды біржақты саралаудан туындап жататынын да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, сотта дауласқан екі тараптың біреуі міндетті түрде ұтылады. Ұтылмаудың бір-ақ жолы бар, ол –  медиация, яғни тараптардың ортақ бітімге келуі. Бірақ, көпшілігі бітімге келе бермейді. Сотта ұтылған адам тарапынан әділетсіздік орын алды деген әңгіме тарайтыны түсінікті. Теріс пікір көбінше осылайша қалыптасады.

Жалпы алғанда, даудың көбіне өзара құқықтық қатынаста заң талаптарының орындалмауы, сақталмауы себеп болып жатады. Мысалы, қарыз бергенде, жер, автокөлік сатқанда заңды қадамдар жасала бермейді. Мысалы, көлікті сатқанда немесе пайдалануға бергенде ауызша келісіп, қолхатсыз, келісім-шартсыз беріп жібереді. Кейін көлікке қатысты әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Бұзылады, бүлінеді немесе айыппұлға түседі. Үй сатқанда да егесі жарты ақшасын алып, қалғанын кейін есептесуге келіседі. Бірақ, сатып алушы арада біраз уақыт өткенде алғашқы ойынан айнып қалуы немесе үйді біраз уақыт пайдаланып, тоздырып, кейін алмайтын болдым деп бас тартуы мүмкін. Осы жерде дау туындайды, ал ортада заңды құжат жоқ. Жәбірленуші тарап сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Бірақ, қолда ешқандай заңды құжат болмағасын ол шынайы зардап шеккен болса да қағаз жүзінде дәлелдей алмағандықтан, ұтылады. Содан келіп, сот әділдік танытпады деген теріс пікір туындатады. Мұның дені азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмендігінен, кейде немқұрайдылығынан да орын алып жатады.

Соңғы жылдары азаматтық талаптар көбейіп барады. Мәселен, осыдан 6-7 жыл бұрын жылына мың іс қарайтын болсақ, қазір 3 мыңға жетіп қалды. Оның көпшілігі қарызға қатысты. Қазір қарызға ақша беретін банктер, жеке қаржы ұйымдары өте көп және олардан несие алу да оңай. Онлайн да бере береді. Олардың қатары артқасын несие алатындар да көп болатыны түсінікті. Тіпті, 10-15 мың теңге несие алатындар да бар. Оның көпшілігі қарызды уақтылы төлей алмайды немесе төлегісі келмейді де оны әлгі мекемелер сотқа береді. Қарызды өндіру бойынша сот шешім шығарады. Шешім жеке сот орындаушылардың орындауына өткесін жауапкердің бүкіл есеп шоттары жабылып, құқықтық әрекеттеріне шектеу қойып тастайды. Кейде қарыз адам ол жайттан бейхабар болып, шетелге шығарда ғана біліп, шекарадан кері қайтады, сосын сотқа келіп айқай шығарып жатады. Негізінде алған несиесін уақтылы қайтарса, оған қатысты ешқандай да дау болмайды.

Қоғамдық орындардағы ұсақ құқықбұзушылықтарға да қазір жаза күшейтілді, нәтижесінде әкімшілік істер де азайып жатқан болар?

– Әкімшілік істер бірден артып немесе азайып кетті деп айта алмаймыз. Дегенмен, белгіленбеген жерге қоқыс тастау, темекі шегу, ішімдік ішу тоқтамай тұр. Құқық қорғау органдары тарапынан жұмыс күшейтіліп, түрлі рейдтер ұйымдастырылып жатқанына қарамастан, мас күйде рульге отыру секілді қауіпті құқықбұзушылықтарды жасайды. Өмір болған соң әртүрлі келіспеушіліктер орын алып, соңы сотқа дейін жетіп жатады. Ажырасу да асқынып барады. Қазір неке бұзу бойынша еліміз әлемде алдыңғы орындарға шығып кетті. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында ауылдарда қоғамдық медиаторлардың жұмысын күшейтіп, ауыл билерінің көмегін пайдаланып, дауды сотқа дейін жеткізбеу мәселесіне айрықша көңіл бөліп, жұмыс жүргізіліп жатыр. Соттасу – уақыт, қаражат шығынын талап ететін ұзақ процесс. Сол себепті даудың сотқа жетпей шешілгені тиімді.

– Төлеби табиғаты көркем, демалыс аймағы саналатын аудан болғандықтан шығар, жерге қатысты даулар да жиі естіледі…

– Оныңыз рас. Даудың көбі жердің нысаналы мақсаты дұрыс болмай, коммерциялық нысандар мен демалыс орындарының салынуынан туындап жатады. Ол араға біраз уақыт салып анықталады да, соңы дауға ұласады. Ал, нысаналы мақсаты дұрыс болмаған жерге салынған нысандар бұзылуға жатады. 2017 жылдан бастап ауыл әкімдерінің шешімі арқылы берілген бірқатар жерлерде осындай заңсыздықтар анықталып, ескі шешімдердің барлығы бұзылуда. Нақты мысал келтірер болсақ, «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінен 2020 жылы 18 іс түскен болса, 2021 жылы – 9, 2022 жылы – 10, 2023 жылы – 105, 2024 жылы – 74, 2025 жылы – 42, ал осы жылы 13 іс түсіп, қаралды.

Көпшілігіндегі дау ортақ. Кезінде әртүрлі қитұрқылықтар арқылы шешімдер шығып кеткен. Шын мәнісінде ол жерді соңғы сатып алып, құрылыс жүргізген адамның кінәсі болмауы мүмкін, бірақ, заң талаптары сақталуы тиіс.

Осындай заңсыз шешім шығарған ауыл әкімдерінің жауапкершілігі қаралады ма?

– Біз оларға қатысты жеке қаулылар шығардық. Бірақ, көпшілігі мерзімі өтіп кеткен іс болғандықтан, ол әкімдердің қазір қызметте болмауы, тіпті, мемлекеттік қызметтен кетіп қалған болуы мүмкін, тағы басқа да түрлі себептермен шара көрілмей қалып жататын сәттер болады.

– Қылмыстық істерге қатысты деректер қандай?

– Қылмыстық істердің азайғаны байқалады. Мәселен, 2024 жылы 62 қылмыстық іс қаралған болса, 2025 жылы 48 іс түскен. Осы жылдың 5 айында 32 іс қаралуға түсті.

Қылмыстық істердің кемігені қуантады. Бұл құқық қорғау органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың, жазаның күшейтілуінің нәтижесі болса керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ш. МЕКЕНБАЙҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *