Әлеумет

МАЙМАҚ БАСТЫҚ

Бір ай бұрын ақын Айболат інім хабарласып, «Маймақовтар әулетінінің атынан маусым айында ауылда атам Сәрсенбай Райымұлына ас береміз, соған шақырамын», — деп асқа шақыру қағазын жіберді. Шақыруға қарасам, Райымұлы Сәрсенбай (лақап аты Маймақ деп) жазылыпты.

Осы орайда менің есіме ертеректе әке-шешемнің бастық Маймақ туралы айтқандары және ауылдың клубына кіреберістегі кең фойенің төрінде ілулі тұратын Маймақ атам мен бірнеше адамның тау баурайында, киіз үй алдында қымыз ішіп отырған керемет картинасы көз алдыма келе қалды. Бұл тамаша туындыны 1950-60 жылдары талантты қылқалам шебері Ғани Ильяев сол кездегі «Совет» ұжымшарына арнайы барып, табиғат аясында салған екен.

1930-50 жылдары Маймақ атам басқарған Молотов, қазіргі Қаратөбе ауылының адамдары Сәрсенбай атамызды «бастық Маймақ» деп атап кеткені туралы мен 1970 жылдары естігенмін. Үлкен кісілер және көршім Мырзақұл ағайдың: «Маймақ алпыстан асқан, ұзын бойлы, ашаңдау адам болатын. Қажет кезінде қатал, мейірімі түссе көңілі көлдей еді», — дегендері де есімде. Осы ретте менің ойыма ұстазым, ақын Мырзақұл Тұрғынбаевтың 2010 жылы жарық көрген «Кәрі баба хикаясы» атты кітабын маған сыйлағаны есіме түсе қалғаны. Бұл кітапта Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл адамдарының ауыр өмірі туралы және сол кездегі бастық Маймақ жайлы жан-жақты айтылғанын оқығам. Дегенмен, 15 жыл бұрын оқығандарымның кейбірі ғана есімде сақталыпты. Дереу «Кәрі баба хикаясы» кітабын алып, қайта қарап, оқып шықтым. Кітаптың бір жерінде автор: «Біздің колхоз бастық Маймақ ақсақал азамат. Білімі жоқ болса да білімдінің талайына татиды. Ескіні де, жаңаны да біледі. Ауыл бойынша Маймақ ақсақалды кәдірлі кісі деп білетінмін. Таңғы сағат 6-да әр колхозшыны үйіне барып сен огородқа бар, сен суға бар деп бригададан бұрын кеп хабарлаушы еді. «Анау қырғыз кемпірге көмек көрсеткін, жалғыз баласы ерлікпен қаза тауыпты, бізге келген қара қағаз осыны баяндайды. Соғыс басылсын, ер азамат елге оралсын деп әзірше сыр шешпей, жасырып тұрмыз. Огородын жинасыңдар, жоңыршқасын орып беріңдер, қолғабыс еткін», — деп жазыпты.

Сонымен қатар автордың «Ерте есейген балалар» повесінде Маймақ ақсақал туралы нақты жазғандары бар. Маймақ ақсақалдың қандай адам және басшы болғанын ел-жұртқа жеткізу үшін Мырзақұл ағайдың кітабынан үзінділер келтіргенді жөн көрдім.

…Ел ағадан, тон жағадан дегендей, еліміз келген жаумен арпалысып кеткенде, ел ішіндегі жұмысқа бас-көз боп басшылық етіп отырған осы Маймақ ақсақал.

Өте бір сирек кездесетін жолдастай Тілеу екеуміз қатарласа отырыппыз. Шағын үйдің төр жағында сеператор бар еді, соның төменгі жағын ала қолдан тоқылған алаша үстінде Маймақ ақсақал отыр. Әңгімені былай бастады. «Отыз тістен түзілген сөз отыз рулы елге кетеді деген. Ел ішінде өсең-аяң болады. Жау кеп қапты деген сөзді естисің. Осы халық тұрғанда күндізгіміз күндіз, түнгі жарық — жарық, бірақ уақытша қиыншылық. Осы халыққа қуат-күш беруші де құдірет. Біз өркені өскен халықпыз. «Өсіп тұрған ағаштың тамырын шаппа» деген ел мақалы бар. Жақсы болу да, жаман болу да қолдағы іс. «Жазда бір күн демалсаң, қыста он күн ашығарсың» деген. Ақсақалдың айтқан сөзін ләм-мим демей Тілеу екеуміз тыңдап отырмыз. Жүрекке жылылық берген күн сәулесі секілді. Анау күнгі комсомол жиналысында өмірін айтты да, «енді сендерге балалық жоқ, ауылшаруашылық жұмысына араласасыңдар» демеді ме. Оған кемпір мен шал да, жас та әйел де, бәрі бірдей еді. Соғыстың зардабы бәрін бірдей етіп жіберді. Ол жұмыс үстінде қайғыра да қуана да білетін… (117-118 бет).

…Июль. Қырғызарықтың бойында, жайқалған жасыл шөптің үстінде, бірі қисайып бірі жантайып колхозшылар отырды. Біздің қарсы алдымызда ұзын бойлы, сидаң келген колхоз бастық. Оның жанында бригадир. Бастық Маймақ кәрие былай деп колхозшыларға сөйлеп тұр.

– Құрметті колхозшылар! Жем-шөпті, мал азығын дайындау туралы мына көршілес колхоз «Қызыл жалаумен» социалистік жарыстамыз. Өз ішімізде екі бригадирдің де жарысы бар. Бәйгеге бір қой, 100 кг бидай белгіледік. Бидай орағына дейін шөп науқанын бітіру керек. Жылдан-жылға жаңалық деген шығып жатыр. Бұл жердің қысы қатты болатынын білесіңдер. Сабан деген далада қалушы еді, оны орға жинап, қысқа қор етеміз және шөптен сүрлем жасаймыз.

Отырғандардың арасын күбір басты.

– Кәйтіп?

– Міне, мына жаңа шабылған шөпті орға апарып тастайды да, оны жақсылап таптайды.

— Біреу түсінде көріп айтып жүрген болар, — дейді Шынайым жеңгей.

– Оны қойыңдар, менің шығарып отырған жаңалығым емес.

– Білмесек қайтеміз?

– Білдік, ұзыны 8, тереңдігі 4, ені 3 метр апан – ор қазылды, шөпті қырқып салу керек. Таптап, нығыздау керек, ішіне жел – ызғар кірмес үшін сылап қоямыз… (147-бет).

…Ел басына күн туған шақ. Қыбырлаған жан, жылжыған көліктің бәрі есепте. Ауылда қалғаны қарттар мен балалар ғана. Оларды да өмір ерте есейтті. Бәрінен де күндіз күлкі, түнде ұйқы қашқан. Колхоз бастығы Маймақ апама келіп:

– Міне, қолқанат деген осы. Жұмыс күші жетпей жатыр, сен сауыншы бол, Бөгежіл сүт тасысын, – деді.

– Қам жеме, қолдан келгенді аянып қалмаспыз, бәрімізге бірдей келген нәубет қой, қол қусырып отырғанда біреу келіп істеп береді деймісің, – деді қатуланып. Анамды аяп кеттім. Онсыз да бір тыным көрмей жүрген анам бастықтың сөзін жерге тастамай, келісім берді.

– Шүкір, шүкір, көкесі, – деді апам, – оқуын кейін-ақ жалғастырар… (153 бет).

…Бүгін қолың бос па? – деді Маймақ.

— Не болды?

– Бос болса Сейітбектің бауынан 20 терек кесіп, алып келейік.

– Үй-жай саласың ба?

– Жоқ – монша! Иванның моншасындай бір монша салмасақ болмас. Бала-шаға, кемпір-шалдың бәріне қажет боп тұр. Алдымен тазалық керек, – тазалық – денсаулық кепілі. Ауру шығыпты, биттен.

– Е, қойшы, Құдай берген көл суы бар. Бізге осы да жетпей ме? – деді Достай шал. Хат тасушы Жақай келіп қалды. Оның келуі Достай шалдың сөзіне май тамызғандай болды. «Жерден тілегені көктен түсе қалғандай» қуанды.

– Кел, кел, Жақай!

– Қо-ош! Ата-бабамыз көрмеген неменені салам дейді, – деп қабағын түйген Достай сөзге араласты.

– А, ол немене екен? – деді Жақай.

– Бастық ауылға монша салғызбақшы. Соған шалдарды жинап, ағаш кесуге апарады, – деді Достай.

– Салса салсын, оның не зияны бар? – деді Жақай. Бұл сөзді ауыл шалдары ұста Қожамжар, Сейдалы, Данай және қазақ болып кеткен Иван қостады. Ауыл шалдары монша салуға уағдаласты.

Қырман – біздің постымыз. Осында түней саламыз. Әр үйге кіріп бригадир бас сұқпайды. Атқа мініп сүйретпе тартатындар да осында. Айдың жарығымен де жұмыс істейтін мезгіл. Ақ сүйек те ойнаймыз.

– Таң атпай жатып қайда барасыңдар? – деп апам таңқала сұрады.

– Сейітбек байдың бауына, ағаштары кесіліп, түбіртектері қалды емес пе, соны қазамыз, – деді ата.

Дел-сал болып сүйретіліп мен де ілестім. Таңғы ұйқыны қимағандық қой. Көп ұзамай Қожамжар ұста бастаған шалдар тобы іске кірісіп кетті. Моншаның қабырғасы қалана бастады. Көмекке мектеп оқушылары да келді. Науқанның қызу кезі болса да іс оңға баса берді. Аз күнде монша қабырғалары қалқайып, төбесі сабанмен жабылып бітті. Халықтың игілігіне жарасын, десті шалдар.

Соңғы күндері Тілеке көмекке келмей жүр. Үйіне іздеп барсам, ауырып қалыпты. Барысымен сұрағаны «Монша бітті ме болды». Өзі өрен бөкжірейіп тұр.

– Тілеке, саған не болды? – дедім. – Аяғың да ауыра ма?

– Екі тақымым қол тигізбейді.

– Не? Жара бар ма?

– Жоқ!

Маған қарап, қызарып кетті.

– Ұялмай айтшы, не болды?

«Айтсам ба екен, айтпасам ба екен?» деп ойланып тұрғанын сездім де балағын жоғары көтердім. Байқасам, екі тақымының арасы қотыр. Қолының саусақтарының арасынан да бір нәрсе бөртіп шығып тұр.

– Қатты қышиды, – деді әлден соң.

Екеуміз Доғалақ атаға келдік. Қуанып қарсы алды. «Су тасуға жарайсыңдар», – деді. «Мейліңіз» дегендей бас изедік. Атай, Тілеке үшеуміз су тасыдық. Ересек балалар тамыр, түбіртек жарды. Отын да, су да мол даярланды… (172-бет).

…Түс мезгілінде бастықтың ауылынан арба келді. Он бала. Ішінде Атабек, Қойбағар, Қыранбек те бар екен. Олар арбадан әрең түсті. Оларды күні бұрын дайындап қойған сабанның үстіне отырғызды Доғалақ ата.

– Моншаға кіргенше осы жерде отырыңдар, – деді ақ халаты бар көзілдірікті кісі. Бастық әкелген дәрігер осы болса керек деп шамаладым. Бір кезде Доғалақ ата моншаның ішіне кіріп шықты да:

– Бригадир қайда? Ауыл түгел моншаға келсін деп айтып шықсын. Қотыр бәріне жұғады, – деді де бетіндегі терін сүртті.

Моншаның іші. Тілеке екеуміз сөренің үстіне шықтық. Бізге Қыран қосылды.

  • Ой-пай, ыстығын-ай! — деп екі алақаныммен бетімді бастым.

Ана екеуі де әрең шыдап отыр.

  • Киімімізді жыртып тастаса қайтеміз? – деді Қыран.
  • Оны өртесе жалаңаш қаламыз ғой, ауыстыратын киім жоқ, – дедім мен.
  • Киімдерімізді алып, темір пешке салып жіберді, – деді Тілеке.

– Оның битін өлтіретін шығар, – деді Атабек.

– Майда сірке бәрібір кетпейді, – деді Тілеке.

– Сірке бір аптадан соң бит болады деп ағай айтпады ма? – дедім мен де жай тұрмай.

Осы кезде Доғалақ ата ішке кірді де, тасқа бір шөміш су шашты. Бу қаптады. Тағы да су себеледі. Қолындағы сыпырғыны маған берді де:

– Қышыған жерлеріңді әбден қызарғанша шабақтаңдар, – деп шылапшынды қолымызға ұстатты.

– Ата, балаларды қарашы, жаңағы берген суыңыз ыстық болып, етін күйдіріп жүрмесін, – деді көзілдірікті дәрігер. Шылапшындағы суға қолын салып, араластырып:

— Жоқ, бұдан салқын болса болмайды, – деді де, жанында тұрған Тілекенің екі қолтығынан тік көтеріп бөшкеге салды. Мұнда да салқын, түсі бұзылған қан су бар. Бәрімізді де бөшкеге отырғызды. Ертесіне денедегі шыққан қотыр жаралар өзінен-өзі құрғап, түсе бастады.

Моншаның қасиетін бірінші рет сонда біліппіз. Өмірімізде ұмытпаспыз оны. Қайран біздің аталар-ай, сол ауыртпалық кезең-дүрмелек шақта ел қажетін өтеді емес пе?..

Маймақовтар әулетіне ниет қабыл болсын дейміз.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,

журналист-жазушы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *