Ордабасы өндірісі кең құлаш жайған, кәсіпкерлерге мол мүмкіндік жасалған аудан. Инвестицияның дұрыс тартылуы ауданда көптеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізуде. Осының арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқын алуда.
Жуырда аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен өндірістік парктер құру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Күн тәртібінде «Бадам» өндірістік паркінің құрылыс барысы, өндірістік ғимараттарды жалға беру тетіктері, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ «Темірлан» өндірістік паркін дамыту және ауыл округтерінде шағын өндірістік парктер құру мәселелері қаралды. Бүгінде ауданда бес ірі өндірістік жобаның құрылысы аяқталып, оларды іске қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
– Бүгінгі кездесудің мақсаты – кәсіпкерлермен ашық диалог орнату, ұсыныс-пікірлерін тыңдау, ортақ мәселелерді бірлесіп талқылап, нақты шешімдер қабылдау. Әр ауылдық округте кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалана отырып, жаңа өндіріс орындарын ашу мен тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық берілуі тиіс, – деді аудан әкімі А.Оралбаев.
Жиын барысында жауапты мекеме басшылары атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, кәсіпкерлер тарапынан көтерілген ұсыныстар мен мәселелер талқыланды. Мәжіліс қорытындысында өндірістік парктерді тиімді іске асыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Дәл осындай жұмыс Қазығұрт ауданында да атқарылып келеді. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлігі қатар дамыған бұл ауданда бал қымыздың, сүт, ет өнімдерінің түр-түрі өндіріледі. Бұл — ауданда шаруа мен кәсіп иелеріне жасалған оң мүмкіндіктердің нәтижесі екені даусыз.
Тұрбат ауылдық округінде орналасқан өндірістік парктің құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Азизхан Исмаилов өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестиция тарту мәселелерін талқыға салды. Өндірістік парктердің өңір экономикасын дамытуда, халықты тұрақты жұмыспен қамтуда және кәсіпкерлікті қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
